Шетелдік инвестициялардың көлемі $22 млрд-тан асты

2 Наурыз 2023, 19:08 1414

Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Шетелдік инвесторлар кеңесінің аралық отырысында Кеңестің Қазақстандағы өнеркәсіп пен көлік саласын цифрлық трансформациялау мәселелеріне арналған 35-пленарлық отырысына дайындық барысы, сондай-ақ жұмыс топтарының есептері қаралды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі.

Премьер-Министр өз сөзінде қазіргі уақытта Үкімет реттеушілік саясатты жеңілдету және экономиканың нақты секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру бойынша белсенді жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Жаңа Салық және Бюджет кодекстері әзірленіп жатыр, мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін одан әрі азайту, демонополизациялау және көлеңкелі айналымға қарсы күрес бойынша шаралар қабылдануда.

Үкімет басшысының айтуынша, бұл жалпы республиканың инвестициялық ахуалына оң әсер етеді, оны нақты сандар растап отыр:

2022 жылғы 9 айдың қорытындысы бойынша тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 18%-ға өсіп, $22 млрд-тан асты.

 Жалпы өткен жылы шетелдіктердің қатысумен 46 ірі инвестициялық жоба іске қосылды.

Сонымен қатар Премьер-Министр Қазақстан дамудың жаңа кезеңіне аяқ баса отырып, цифрлық трансформациялауды қажет ететінін, оған уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан ерекше назар аударылатынын айтты.

EL.KZ
Бөлісу: