Шетелдік әуекомпанияда бортсерік болған қазақ қызы

8 Маусым 2023, 18:03 2013

Аспанда ұшып-қонып жүрген әуекемелерінде жолаушыларға қызмет көрсетіп, олардың қауіпсіздігіне бірден бір жауапты адамдар – бортсеріктер. Олар бортқа кірген жолаушыға жылы шырай танытып, әдемі жымиып қана қоймай, діттеген жеріне аман-есен жеткенінше жауапкершілік жүгін арқалайды. Бүгінгі кейіпкеріміз Іңкәр Әбілқасым әлемдегі алпауыт әуекомпанияларының бірі Air Arabia компаниясында жұмыс істейді. Шетелдік компанияда бортсерік болып жұмыс істеудің қыр-сырын білу үшін Іңкәрмен сұхбаттастық.

El.kz: Бортсерік мамандығын қалай таңдадыңыз?

Іңкәр Әбілқасым: Кішкентай кезімнен бортсерік мамандығы арманым болды деп айта алмас едім. Дегенмен, ұшып бара жатқан ұшақтарды және бортесерік қыздарды көргенде бойымды ерекше сезім билейтін. Ұшақтарға «мені ала кетші» деген оймен қарайтын едім. Жалпы бортсерік қыздарға, олардың жүріс-тұрысына, киім киісі мен сұлулығына тамсана қарайтынмын. Осы мамандыққа келемін деген жоспар мүлде болмаған. Себебі, негізгі мамандығым – журналист. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да журналистиканы, Қытайдағы университетте туризм саласы бойынша білім алдым. Университеттерде оқып жүргенде-ақ шетелде жұмыс істеуді үйрендік. Америкаға work&travel бойынша барып келдім. Кейіннен Қытайда бірнеше жыл оқығанда бизнес саласында жүмыс істедім. Одан кейін Катар мен Түркияда тәжірибе алдық. Үнемі ізденіп, дамуға талпынып, шетелдегі мүмкіндіктерді қалт жібермеуге тырысамыз. Шетелдегі жұмыстардан соң елге оралып, туризм бойынша жұмыс істесем деген ізденіс болды. Өзім саяхаттауды жақсы көргендіктен шетелдік компаниялардан жұмыс қарастырдым. Қазір жұмыс істейтін Air Arabia компаниясынан бұрын, Qatar  Airways-ке тапсырдым. Бірнеше компанияларға әңгімелесуге барып, соңғы рет тапсырғаным сәтті өтіп, жұмысқа орналастым.

El.kz: Шетелдік әуекомпаниясына бортсерік болу үшін қандай талаптар қойылады?

Іңкәр Әбілқасым: Негізі шетелдік әуекомпанияларына бортсерік болу үшін ең басты талап – мектепті міндетті түрде аяқтау. Ағылшын тілін білу маңызды. Өйткені, кез келген шетелдік әуекомпаниясында жолаушылар ағылшын тілінде сөйлейді. Бой ұзындығы, яғни екі-үш қолдың ұзындығы 212 сантиметрден асуы тиіс. Яғни, белгілі бір ұзындыққа қолыңыз жетуі негізгі талаптың бірі. Жалпы Qatar  Airways, Emirates Airlines секілді мықты компанияларда жұмыс істеу үшін бой ұзындығы 1,60 сантиметрден жоғары болғаны жөн. Сосын бетіңізде, денеңізде тыртық не татурировка болмауына аса мән береді. Көзге көрініп тұратындай қал не мең секілді дүниелердің болмағаны жөн. Тағы бір маңызды талап – адамдармен қарым-қатынас жасай білу. Сіздің тәжірибеңізге аса қатты мән беріледі.

El.kz: Шетелдік әуекомпаниясында бортсерік ретінде табысты жұмыс істеу үшін қандай дағдылар мен қасиеттер ерекше маңызды?

Іңкәр Әбілқасым: Бұл компанияларға өздерінің сайттарына өтініш беру арқылы тапсыруға болады. Шетелдік компанияларға жұмысқа орналасуға көмектесетін арнайы агенттіктердің көмегіне жүгінуге де болады. Кез келген әуекомпанияның сайтына кіргенде «Жұмысқа орналасу мен талаптары қандай?» деген батырма тұрады. Сол жерде көрсетілген электронды поштаға түйіндеме, талаптар бойынша құжаттарды жібересіз. Егер өткен болсаңыз әңгімелесуге шақырады немесе онлайн сұхбаттасады. Кейбір компаниялар Қазақстанға арнайы келіп, сұхбаттасу өткізеді. Оған кез келген адам барып, қабілетін сынап көрсе болады.

Әуекомпания ғана емес, шетелде басқа да мекемелерде жұмыс істеу үшін адамдармен тіл табысудың құпиясын білген жөн. Екіншіден, адамдарға қызмет көрсету қабілетіне көңіл бөліңіз. Яғни, кез келген әуе компания тәжірибеңіз болмаса да, бұрын-соңды адамдарға қызмет көрсететін орталықтарда, қонақ үйде жұмыс істеген болсаңыз, соған ерекше мән береді. Өз тәжірибем бойынша айтсам, тобымда шетелдерден келген азаматтар болды. Олардың көпшілігі бұрын әуекомпанияда жұмыс істемесе де, міндетті түрде адамдармен қарым-қатынас жасап, жұмыс істеп көрген. Сондай-ақ әуекомпанияның офистағы қызметкерлерімен бірге оқыдық. Сондықтан адамдарға қызмет көрсету мен тіл табыса білу маңызды талап.

Сонымен қатар, бортсерік боп жұмыс істейтін кезде CRM деген түсінік бар. Яғни, қызметкердің бойында сөйлесу, ашық болу, ойыңдағыны дұрыс жеткізу, кез келген адаммен жақсы қарым-қатынас орнату деген секілді дағдылардың болуын міндеттейді. Әрине, біздің жұмыс уақытқа бағынбайды. Түнгі 3-те немесе таңертең ұшатын кездер көп болады. Белгілі бір уақыт режимі жоқ. Мүлдем кешігуге болмайды. Сол себепті қызметкерлерге 1 секунд та кешікпей жүру маңызды. Тағы бір маңызды әдеттердің бірі – денсаулыққа көңіл бөліп, спортпен айналысу сергек жүруге көмектеседі. Өйткені, ұшу-қону кезіндегі қысым бар, режим бұзылады,  сондықтан спортпен айналысып, бірнеше витамин қабылдап жүрген артық болмайды.

Негізі әуекомпанияның өзі көптеген дағдыларды үйретеді. Мысалы, әрдайым күліп жүру, дұрыс қарым-қатынас орнату, ұрыспай-керіспей түсіндіру, жолаушылармен, ұжымдастармен, әуекемесінің капитанымен жақсы қарым-қатынаста болуымызға ықпалын тигізді. Дегенмен, осы дағдылар жұмысқа орналасу үшін де болғаны маңызды. Күнде түрлі ұлттың адамын, шетелдік жолаушылармен жұмыс істегенде стресске төзімді болуға кеңес берер едім.

El.kz: Сіздің бортсерік ретіндегі негізгі міндеттеріңіз бен жүктелген жауапкершілік жөнінде айтып берсеңіз..

Іңкәр Әбілқасым: Ең бірінші міндеті – ұшақтың және ұшақтағы адамдардың қауіпсіздігіне жауап беру. Яғни, қандай жағдай болмасын, біздің әртүрлі жауапкершілігіміз бар. Жұмыс басталғаннан аяқталғанша әртүрлі міндеттеріміз бар. Ұшақтарды тексереміз security chek, security search деп аталады. Есіктің дұрыс жабылғанын тексереміз. Жолаушылардың қауіпсіздік белбеуді таққанын, құрал-жабдықтардың пайдалану мерзімі секілді ұсақ-түйектерді тексереміз. Алдын-ала берілген тапсырыс бойынша тамақтарын уақытылы жеткіземіз. Бортсеріктер ұшақтағы жолаушылардың қауіпсіздігіне тікелей жауапты. Тренингтер кезінде қиын жағдайда қандай амал жасау керегін көріп-біліп, дағдыландық. Ұшақта баланы қалай тудыру керек, науқастарға қалай көмектесеміз, жүрегі тоқтап қалғандарға алғашқы көмек қалай көрсетілетінін егжей-тегжейіне түсіндірді. Ұшақта бомба қойылып немесе террористік іс-қимылды байқағанда қандай әрекеттер жасап, қылмыскерді қалай ұстау керегін де қарастырдық. Ұшақ суға қонып немесе апатты жағдайда қонуға тура келгенде жасайтын амалды да үйрендік.

El.kz: Бортсерік болудың қандай қиындықтары бар?

Іңкәр Әбілқасым: Бортсеріктердің негізгі қызметінен бөлек қосымша көрсететін қызметтері де бар. Біз онлайн тапсырыстарды орындағаннан кейін демалып, тамақтана аламыз. Кейбір компанияларда толық сервис бойынша қызмет көрсететіндіктен қиынға соғып жатады. Қателесіп, талап бойынша істелмей қалатын кездер көп болды. Адаптация кезеңіне 2 ай кетті. Қазір жұмысты автоматты түрде істейтін деңгейге жеттік. Уақыт, әртүрлі режим жағынан қиын демесек, басқа тұстары қиын емес. Бұл жұмыста күнде әртүрлі әріптесіңіз болады, сол жағынан аздап қиын болғаны рас, қазір үйреніп қалдым.

El.kz: Ұзақ рейстер кезінде немесе әртүрлі уақыт белдеулерінде жұмыс істегенде стресс пен күйзеліске түсіп кетпес үшін не істейсіз?

Іңкәр Әбілқасым: Көбіне бассейнге баруға тырысамын. Әуекомпанияда жұмыс істейтін адамдардың спортпен айналысқаны жөн деп санаймын. Көп серуендеймін, өзімді жеңіл сезінуге көмектесетін массаж сияқты процедуралар қабылдап, 10-12 сағатқа дейін ұйықтауға көңіл бөлемін.

El.kz: Бір күндік жоспарыңызбен бөліссеңіз. Мысалы, жұмыс күніңізде қанша сағат әуеде жүресіздер?

Іңкәр Әбілқасым: Бізде ұшу елдері әртүрлі. Кей елдерге барамыз, келеміз. Бару-қайтуға 3 сағаттан, орташа ұшу уақыты 6 сағатты құраса, жалпы жұмыс уақыты 8 сағатты құрайды. Кей елдерде бір күн боламыз. Layover деп айтады, яғни ұшуға 5-6 сағат уақыт кетсе, барған соң ұйықтап, демалып, келесі күні қайтамыз.  Бізде ондай елдер аз. Көбіне ұшақ рейстері барып, бірден қайту жоспарымен жүреміз. Кейбір ұшуларға 3 сағат кетсе, кейбірі орташа 6-7 сағат болады. Ең ұзағы 11-12 сағатқа дейін болады. Жұмыс күні барамыз, келеміз. Келгеннен кейін міндетті түрде демаламыз. Жұмыс барысында бос уақыт көп деп айта алмаймын.Жоспармен жүрсең ғана бәріне үлгеруге болады.

El.kz: Бүгінге дейін осы мамандықтың арқасында қанша елге саяхаттадыңыз?

Іңкәр Әбілқасым: Бүгінге дейін барып-келіп саяхаттаған елдерім өте көп. Бірақ, ол саяхаттау дегенге келмейді. Өйткені, барамыз-келеміз. Біздің әуекомпанияда қонып, саяхаттап көретін елдер көп болса да біз бармаймыз. Себебі, бұл компанияның әртүрлі елдерде өз франшизалары бар. Мысалы, Еуропаға Мароккодан ұшады. Біз Шаржадан, Дубайдан Мәскеу, Непал, Бангладеш, Тайланд, Малайзияға барамыз. Алдағы айда осы  елдерге барамын деген ниеттемін. Себебі, бұл ай менің таңдау жасауға құқығым болады. Бүгінге дейін жұмыс бабымен Қазақстанда, Бангладештің бірнеше қаласында, Мәскеуде, Дохада, Грузияда болдым.

El.kz: Бортсерік болған кезде қандай қызықты оқиғалар есіңізде қалды?

Іңкәр Әбілқасым: 6 ай ғана жұмыс істегендіктен аса бір қызықты оқиға болды деп айта алмаймын. Дегенмен, әр күніміз ерекше өтеді. Ұшақ турбулентті аймақта таулар мен бұлттардан өткенде, ұшақ қозғалғанда бойымызды қорқыныш билейді. Әртүрлі адамдармен жұмыс істегендіктен әр күніміз қызық. Ең қызықты кез – тренинг кезінде болды. Тренингте қауіпті жағдайларды көрсетіп, толқынның ішінде жүзіп, апат кезіндегі оқиғаларды тәжірибеде байқап көрдік.

El.kz: Сіздің қазіргі жалақыңыздың қанша екенін білуге бола ма?

Іңкәр Әбілқасым: Жалақы мөлшері біздің елдегі орташа жалақыдан 5-6 есе көп шығар. Саяхаттауға, сапалы өмір сүруге, ата-анамызды қуантып, сыйлық жасауға жеткілікті.

El.kz: Бортсерік болудың артықшылықтары мен кемшіліктерін атап берсеңіз. Бортсерік болғысы келетін қыздарға қандай кеңес бересіз

Бортсерік болудың артықшылығы өте көп. Әуекомпания билеттерін 90 пайыздық жеңілдікпен алуға болады. Біз кез келген бағытқа, 2-3 күндік демалысты басқа елде өткізу үшін билетті өте арзан бағада аламыз.  Жұмысымыз аса қиын емес. Мысалы, бұрын Дубай мен Катарда қонақүйде 6 күн жұмыс істеп, 1 күн демалатын едік. Ал бұл жұмыста 2-3 күн ұшып, дәл солай 2-3 күн демаламыз. Сол аралықта саяхаттап кетуге болады. Мұндай жеңілдіктер барлық әуекомпанияларда бар. Бірақ 6 ай жұмыс уақыты өткен соң ғана беріледі. Сонымен қатар жеңілдіктер біздің отбасы мүшелеріне де берілген. Ата-анамыз бен екі бауырымыз солай жеңілдікпен билет алады. Бұл саяхаттауды жақсы көретін адамдар үшін керемет мүмкіндік деп ойлаймын.

Жалақысы – жоғары. Саяхаттап жүріп, өте жақсы қаржы табуға болады. Әртүрлі адамдармен жұмыс істеп, өзіңнің тұлғалық дамуыңа көңіл бөліп, жаңа қабілеттер мен дағдылар қалыптасады.

Кемшілігі – ұшып-қону, қысым денсаулыққа әсер етеді. Одан кейін уақыт белдеулері, әртүрлі елдерге барудан тұрақсыз режим болады. Тұйық темпераментті адамдарға бұл жұмысты істеу қиынға соғады деп айтар едім.

Егер осы мамандықты армандайтын болсаңыз, қолыңыздан келгенше берілген мүмкіндіктерді жіберіп алмаңыз. Қандай маман болсаңыз да ағылшынша үйреніп, қызмет көрсету орталықтарында жұмыс істеп, тәжірибе жинай берген дұрыс.

El.kz: Сұхбатыңызға рақмет! Жұмысыңызға табыс тілейміз!

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: