Шетелдегі қазақ мейрамханалары

26 Қазан 2017, 14:40 11718

Қазақтың ұлттық тағамдарынан ауыз тигіңіз келсе...

«Siblings»

Орналасқан жері: Нью-Йорк, АҚШ

Манхэттенде ағалы-қарындас Жәнібек пен Фарида Ғаббасовтар ашқан «Siblings» (қазақша «туған ағалы-қарындас» мағынасында) рестораны бар. "Бізде көбнесе organic food (табиғи тағамдар). Ал фирмалық тағамымыз waffle dog деп аталады. Әрине, басты тамақтар қатарына асылған ет, қуырдақ, палау кіреді. Сол сияқты американдықтардың да ас мәзірін ескердік" – дейді Жәнібек.

Astana Restaurant

Орналасқан жері: Куала-Лумпур, Малайзия

Қазақстаннан Малайзия еліне оқуға аттанған Данияр Юнусметов көп ұзамай Куала-Лумпурдан қазақ ресторанын ашты. Шығыс интерьері мен ұлттық тағамдарды үйлестіре білген оның дәмханасы тек еліміздің азаматтары емес жергілікті тұрғындардың да жиі баратын орнына айналған. Себебі тағамдардың мәзірі ғана емес, шикізаты да ұлттық өнімдерден құралған. Қазы-қарта мен жал-жаяны Данияр арнайы Қазақстаннан алдырады екен.

Astana Restaurant-тың ас мәзірінде өзбек, орыстың да түрлі тағамдары бар.

Pasha

Орналасқан жері: Лондон, Англия

Тұманды альбионда жүріп, елдің дәмін сағынғандар «Паша» мейрамханасына бара алады. Мұнда қазақтың ғана емес, өзбек, тәжік, түркімен, әзірбайжан, орыс пен түріктердің де сан түрлі тағамдарына тапсырыс беруге болады. Ал әр жұма мен сенбі күндері жанды музыка тыңдап,  шығыстың керемет әндеріне билеп, көңіл сергітуге болады.

Restaurant Kazakhstan

Орналасқан жері: Сеул, Оңтүстік Корея

Сеулде орналасқан Қазақстан рестораны ұлттық тағамдардың көптеген түрін ұсынады. Сондай-ақ, мейрамханада сізді ұлттық киімдегі даяшы қыз-жігіттер күтіп алады. Бір сөзбен айтсақ, Restaurant Kazakhstan-қонақтарының Қазақстанда жүргендей әсер алуына барлық жағдайды жасаған.

 «Chez Mademoiselle»

Орналасқан жері: Париж, Франция

Париждің орталығында орналасқан ресторан «Мишлен» гидінің құрамына кірді. Мұнда сіз орталық Азия мен қазақтың барлық ұлттық тамақтарынан дәм тата аласыз. Ресторанның иесі қазақстандық заңгер Гаухар Ассионның айтуынша, жергілікті тұрғындар мен саяхатшылар бұл дәмхананы жоғары сапада дайындалатын тағамдары үшін ұнатады. «Қонақтар көбінесе бесбармақ, манты, палауға тапсырыс береді», – дейді Гаухар.  

Chez Mademoiselle мейрамханасының ас мәзіріне түшпара, палау, манты, самса, бауырсақ және т.б. тағамдардан бөлек, еуропалық түрлі десерттер мен шарап кіреді.

«Astana»

Орналасқан жері: Пекин, Қытай

Бұл Қытай астанасындағы алғашқы қазақ рестораны. Мейрамхана асылған ет, қазы-қарта секілді нағыз қазақ асын ұсынады. «Astana» тек қазақтардың арасында ғана емес, аспан асты елінің азаматтары мен туристердің жиі келетін орнына айналған. Мұндағы студенттердің айтуынша, жұма күні пісірілетін жеті нан, қуырдақ пен табиғи сүттен дайындалатын айранның дәмі ауыздан кетпейді.

Мөлдір Дарханбаева
Бөлісу: