16 Қазан 2014, 07:14
Түрік елінің тілі, діні, ділі қазақтармен бір түбірден шығып, тамырлас болғандықтан сол елді паналап барған қазақтар түрік тіліне бейімделе бастағаны соншалық, түрік тілін ана тіліндей тез арада меңгеріп алды. Сол үшін қазақтардың екінші буыны ана тілін түрік тілімен ауыстыра бастады. Сондықтан болар, қазіргі Еуропадағы олардың ұрпақтары ағылшын, неміс, француз, тағы басқа еуропалық тілдермен қоса, түрік тілінде тамаша сөйлей алады да, қазақ тіліне келгенде шорқақтайды.
Қазақстанның тəуелсіздігінен кейінгі жылдары Түркиядан бірнеше жүзге жуық қандастарымыз Алматы облысына көшіп келді. Олардың басым бөлігі облыстың Нұралы ауылы мен Қарасай батыр ауданында тұрады. Түркиядан Еуропа елдеріне жұмыс іздеп барғандар дамыған Батыс елдерінің қоғамдық тəртіп, заңды жұмыс режиміне бойы үйреніп қалғандықтан атамекенге оралулары Қазақстанның ерекше қарқынмен дамып, алға шығуына байланысты болып тұр. Қазақстан ұлттық идеологияны мықтап қолға алар болса, бүкіл əлемдегі диаспора қазақтарымен қатар, ішкі орыс тілді қазақтар да тез арада қазақ тілін үйреніп, қазақ болуды мақтан тұтары анық. Əрі Қазақстан тəуелсіздігінен кейін ұжмақ өмір іздеп шетелдерге кеткендер де пұшайман халге түсіп, туған елін аңсап қайта оралады. Əйтпесе диаспора қазақтары өз мəйегінен алыстай береді.
Моңғолия еліне қазақтардың Алтайдан көшіп барғандарына шамамен 150 жылдай болған. Олардың саны 1991 жылға дейін 120000 адамнан асып түсетін. 1991 жылы қарашаның 18 күні «Басқа республикалардан жəне шетелдерден Қазақстанның ауылдық жерлерінде жұмыс істеуге тілек білдіруші байырғы ұлт адамдарын Қазақ республикасына қоныстандыру тəртібі мен шарттары туралы» Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің № 711 қаулысы жарық көрді. Аталған қаулының негізінде алғаш болып Моңғолиядан еңбек шарты бойынша 60000 қазақ азаматтары атамекенге оралды. Олармен бірге түрлі сала бойынша елге танымал болған жоғары деңгейдегі мамандар да болды.
Осылайша Моңғолия қазақтары жаңадан тəуелсіздігін жариялап, еңсесін тіктей бастаған Қазақстандағы халық саны мен демографиялық ахуалын көтерсе, білікті мамандары, ұлттық бояуға қанық салт-дəстүрімен де қазақ халқының сапалық өрісін де кеңейте түсті. Ал, түрлі себептермен Моңғолияда қазірге дейін тұрып жатқан қазақтардың тууының жоғары болуына байланысты осы уақытта Аллаға шүкір, саны əжептəуір өсіп, көштен бұрынғы санына жақындап қалғанын айтуға болады. Олар Моңғолияда 21 аймақ пен елді мекендерде тұрып жатқанымен, басым көпшілігі Баян-Өлгей, Қобда аймақтары мен Моңғолияның астанасы – Ұланбатыр қаласына шоғырланған. Сондықтан көп болып шоғырланған аймақтарда қазақ тілі мен ұлттық мəдениеті жақсы сақталып келеді.