Шетелде төлқұжат жоғалса не істеу керек?

Кеше, 15:29 210

Шетелге шыққанда төлқұжатыңызды жоғалтып немесе ұрлатып алсаңыз, алдын ала не істеу керегін білу өте маңызды. Бұл жағдай сізді қиын жағдайға түсірсе де, дұрыс әрекет ете отырып, мәселені жылдам шешуге болады. Төлқұжатыңызды жоғалтқан кезде полиция мен елшіліктің көмегін қалай пайдалану керек? Қандай құжаттар қажет және қайда жүгінуге болады? Бүгін осы сұрақтарға жауап беріп, шетелде төлқұжат жоғалтудан қорғанудың қарапайым жолдары туралы айтамыз.

Төлқұжат жоғалған жағдайда бірден полицияға барыңыз

Егер төлқұжатыңыз жоғалса немесе ұрланса, бірінші кезекте жүрген жеріңіздегі жергілікті полиция бөлімшесіне дереу баруыңыз қажет. Онда төлқұжаттың жоғалғаны немесе ұрланғаны туралы ресми мәлімдеме жазып, тіркеу нөмірі көрсетілген талон немесе анықтама аласыз. Бұл құжат кейін Қазақстанның шет елдегі елшілігіне немесе консулдығына жүгінген кезде керек болады. Егер өзіңізде төлқұжаттың көшірмесі болса, полицияға және елшілікке көмектеседі. Көшірме болмаса, тұрған қонақүйіңізден немесе төлқұжатты көрсеткен басқа да мекемелерден сұрағаныңыз жөн. Жоғалған немесе ұрланған төлқұжаттың күші жойылуы мүмкін, сондықтан кейін оны тауып алсаңыз да ол жарамсыз болып қалатынын ескерген дұрыс. Себебі, мұндай құжаттың алаяқтардың қолына түсуі сіздің жеке деректеріңіздің қауіпсіздігіне қатер төндіреді. Сонымен қатар, жеке деректеріңіздің басқа мақсатта қолданылмауы үшін банк карталарыңызды, маңызды аккаунттарыңызды және басқа да құжаттарыңызды тексеріп, қажет болса, бұғаттап немесе жаңасына ауыстырғаныңыз жөн.

Қазақстан елшілігіне жүгініңіз

Егер төлқұжатыңыз жоғалған немесе ұрланған болса, полицияға өтініш бергеннен кейін Қазақстан Республикасының шет елдегі елшілігіне немесе консулдығына жүгінуіңіз қажет. Сіз жүрген қалада немесе мемлекетте елшілік болмаса, ең жақын орналасқан елшілікке барыңыз. Елшілік сізге елге оралуға мүмкіндік беретін арнайы құжат – оралуға арналған куәлік береді. Бұл құжат сіздің жеке басыңызды растайтын уақытша ресми құжат болып саналады және Қазақстанға қайта оралу үшін керек. Қажетті құжаттарды (полициядан алған анықтама, төлқұжаттың көшірмесі, фотосурет және т.б.) дайындап апарған жөн. Елшілік қызметкерлері сізге ары қарай не істеу керектігі жөнінде толық нұсқаулық береді.

Қазақстанға қайтып келген соң не істеу керек?

Елге оралғаннан кейін, шет елдегі елшілік немесе консулдық берген елге қайтып оралуға арналған куәлікті 10 жұмыс күні ішінде тұрғылықты мекен-жайыңыз бойынша ішкі істер органдарына (полиция бөлімшесіне) өткізуіңіз қажет. Бұл – ресми талап, оны орындамаған жағдайда айыппұл салынуы мүмкін.

Осыдан кейін жаңа төлқұжат жасату үшін Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, өтініш бере аласыз. Өзіңізбен бірге жеке басыңызды растайтын құжаттар мен қажет болса, фотосурет және мемлекеттік баж салығын төлеу туралы түбіртек апарған жөн. Жаңа төлқұжат бірнеше апта ішінде дайындалады.

Жоғалған төлқұжаттағы виза жарамды ма?

Егер жоғалған немесе ұрланған төлқұжатыңызда шет мемлекетке берілген жарамды виза болса, бұл жағдайда шұғыл түрде сол визаны берген елдің елшілігіне немесе консулдығына хабарласқаныңыз дұрыс. Елшілікке жағдайды түсіндіріп, визаны қайта рәсімдеу процесін бастау керек. Сонымен қатар, виза рәсімдеу қанша уақыт алатынын, жеделдетілген қызмет бар-жоғын және қандай құжаттар қажет болатынын алдын ала нақтылап сұраған жөн.

Кейбір елдердің талаптарына сәйкес, төлқұжатпен бірге виза да жоғалған жағдайда, визаны қайта алу үшін барлық процедураларды қайтадан – яғни, құжат жинау, сұхбаттан өту, мемлекеттік баж төлеу сияқты кезеңдерді толық өту қажет болады. Сондықтан визаңызды уақытылы қалпына келтірмесеңіз, сол елге бара алмай қалуыңыз мүмкін.

Төлқұжатты жоғалтып не ұрлатып алудан қалай сақтануға болады?

Төлқұжат жоғалту немесе ұрлату – шетелде жиі кездесетін қолайсыз жағдайлардың бірі. Одан сақтану үшін бірнеше қарапайым, бірақ маңызды сақтық шараларын есте ұстаған жөн.

Алдымен төлқұжатыңыздың көшірмесін алдын ала жасап алыңыз немесе оны сапалы түрде суретке түсіріп, қауіпсіз жерде – мысалы, электрондық поштаңызда немесе қағаз түрінде чемоданның бөлек бөлігінде сақтаңыз. Түпнұсқаны көшірмесінен бөлек жерде ұстаған дұрыс – бұл жоғалған жағдайда құжатты қалпына келтіруді жеңілдетеді.

Қай елде болсаңыз да, сол мемлекеттегі Қазақстан Республикасының елшілігі немесе консулдығының мекен-жайы мен байланыс нөмірін алдын ала жазып алып, өзіңізбен бірге алып жүріңіз. Бұл ақпаратты тек телефоныңызда емес, жазба дәптерде немесе өзге де құрылғыларда сақтау – күтпеген жағдайда үлкен көмегін тигізеді.

Сондай-ақ жеке басыңызды куәландыратын құжаттарды бір жерге жинамай, әртүрлі жерге салып қойған дұрыс. Мысалы, төлқұжатты қол сөмкеде ұстаған жағдайда, жеке куәлікті жолжүкке салып қойған тиімді. Бұл бір құжат жоғалған жағдайда екіншісінің көмегімен өзіңізді дәлелдеуге мүмкіндік береді.

Егер Қазақстанға бірнеше рейспен, яғни аралық аялдамалар арқылы қайтатын болсаңыз, әсіресе оралуға арналған куәлікпен келе жатқанда, транзиттік аймақтан шықпауға тырысыңыз. Себебі транзит аймағынан шығу кей елдерде қосымша кедендік тексеріс пен құжаттық мәселелер туындатуы мүмкін.

Осындай қарапайым сақтық шаралары саяхатыңызды әлдеқайда қауіпсіз етеді.  

Ажар Лаубаева
Бөлісу: