Шетелде тегін білім алуға арналған бағдарламалар

2 Қазан, 13:07 660

Біраз жыл бұрын шетелде тегін білім алу былай тұрсын, қыдырып барудың өзі қолжетпейтін арман секілді көрінетін. Қазір заман өзгерді. Мүмкіндіктер қатары көбейді. Тек бар мүмкіндікті пайдалана алсаңыз, болғаны...

Бүгінде қазақстандық талапкерлер үшін тиімді стипендиялық бағдарламалар саны жетіп артылады. El.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі халықаралық бағдарламалар туралы зерттеу жүргізіп, ұсынылатын гранттар топтамасын жасақтады. 

Шетелде білім алып, тәжірибе алмасудың артықшылықтарын тізбектемесең де түсінікті. Бірінші кезекте – мәдениетаралық байланыс. Екіншіден - саяхаттап, басқа елдің тұрмыс-тіршілігімен жақынырақ танысу мүмкіндігі. Коммуникация жасай отырып, ойлау қабілетін арттыру. Ой өрісін кеңейту. Үлкен масштабта ойлау.

Айта кету керек, жыл сайын 100 мыңға жуық қазақстандық азамат білімін жетілдіру мақсатында шетел асады. Бұл туралы ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігіндегілер айтып отыр. 2024 жылғы статистикаға сүйенсек, Қазақстан шетелде оқып жатқандар саны жағынан әлемдік рейтингтің 9 орнына жайғасты. Мәселен, бүгінде 91,2 мың студент шетелдегі жоғары оқу орындарында білім алуда.  

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде ғылым саласы дамытуға жаңа тәсілдерді қолдана отырып, мемлекеттің ғылыми-технологиялық және экономикалық саясатының өзара байланысын күшейтуге баса назар аудару керектігін айтқан болатын. Мемлекет басшысының айтуынша, отандық ғылымды дамытуға күш салу - маңызды. Бұл бағытта біраз жұмыс атқарылып келеді. Мәселен, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Ұлттық ғылым және технологиялар кеңесі жұмыс істейді. Сондай-ақ, зерттеулерді қаржыландыру көлемі айтарлықтай өсіп, қаржыландыру механизмдері де жақсарды.

Сол себепті отандық ғылымды дамытуда шетелдік тәжірибені зерттеп, еліміздегі сала дамуына серпін беру - басты мақсат. Болашақта Қазақстан азаматтары дамыған елдердегі ғылым саласының бағыт-бағдарын толыққанды біліп, өз елінде қолданысқа енгізсе деген мүдде ғана бар.

Бүгінде студенттердің дені «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбритания және Еуропаның өзге де елдерінде білім алуда. Сондай-ақ, талапкерлер арасында АҚШ-қа қызығушылық танытатындар мен Оңтүстік Кореяны таңдайтындар аз емес. Түркия да сұранысқа ие мемлекеттер қатарына кіреді.

Шетелде білім алуға мүмкіндік беретін халықаралық бағдарламалар көп. Олар әлемнің түкпір-түкпірінен келген студенттерге сапалы білім алуға жағдай жасайды. Бұл бағдарламалар гранттар, шәкіртақы немесе толық қаржыландыру түрінде ұсынылуы мүмкін. Сондай-ақ, түрлі деңгейдегі білім алушыларға арналады: бакалавриат, магистратура және докторантура.

Ең танымал және беделді деген бағдарламаларға толығырақ тоқталып өтелік.  

Тізімнің алғы шебіне «Болашақ» халықаралық стипендиялық бағдарламасы орналасып отыр. Бағдарлама қазақстандық студенттер үшін ең ыңғайлысы. Себебі бағдарлама стипендиясы оқу, жатын орын және жүріп-тұру шығындарын толық қамтиды. Ол магистратура мен докторантура ғана емес, сонымен қатар ғылыми тәжірибелерге де қолдау көрсетеді.

АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті ұсынатын Fulbright бағдарламасы шетелдік студенттерге магистратура немесе ғылыми зерттеулер жүргізуге мүмкіндік береді. Бағдарлама әлемнің көптеген елінде ұсынылып, стипендианттардың білім алу, жол ақысы мен өмір сүру шығындарын толықтай өтейді. Көптеген академиялық сала мамандарын дайындайды. Өтініш әр елдің жеке талаптарына байланысты әртүрлі мерзімді қамтиды. Қатысуға өтінім жыл сайын беріледі.

Ұлыбритания үкіметі тарапынан ұсынылатын бағдарламаның бір түрі - Chevening стипендиясы. Ол әлемнің түкпір-түкпірінен келген студенттерге магистр дәрежесін Ұлыбританиядағы жоғары оқу орындарында оқуға мүмкіндік жасайды. Стипендия барлық шығындарды, оның ішінде оқу ақысы, жол жүру, визалық рәсімдер және күнкөріс шығындарын өтейді. Жыл сайынғы өтінім қабылдау қыркүйек-қазан айларында ашылады.

Германия үкіметі де шетелдік студенттерге арналған стипендиялық бағдарламаларды ұсынады. Ең үздігі ретінде DAAD Германияның Академиялық алмасу қызметін айтуға болады. Бағдарлама бакалавр, магистратура және докторантура деңгейіндегі студенттерге гранттар мен стипендиялар табыстайды. Әлемнің кез келген елінен студенттерді қабылдап, ғылыми зерттеу жұмыстарын қолдауға бағытталады. Барлық академиялық бағытты қамтиды. Оқу ақысы, өмір сүру және басқа да шығындарды толықтай қанағаттандырады. Өтінішті жыл сайын түрлі кезеңдерде беру мүмкіндігі бар.

Қазақстандық студенттер арасында танымал бағдарламалардың бірі ретінде Erasmus+ (Еуроодақ) атауға болады. Бағдарлама - Еуропалық Одақтың білім беру, оқыту, спорт және жастар бағдарламаларын қолдауға арналған бастамасы. Ол Еуропада білім алуға және тәжірибе жинауға бағытталады. Еуропадағы университеттерде толық немесе қысқа мерзімді курстарды өтуді қамтамасыз етеді. Магистрлер мен докторларды дайындайды. Оқу ақысы, жол жүру және күнкөріс шығындарын жабады. Грант үміткерлері өтінішті жыл бойы бере алады.

Жапония Үкіметінің білім, мәдениет, спорт, ғылым және технологиялар министрлігі тарапынан ұсынылатын MEXT стипендиясы - талапкерлер үшін таптырмас мүмкіндік. Ол – Жапонияда білім алуға мүмкіндік беретін толық қаржыландыру бағдарламасы. Бағдарлама бакалавриат, магистратура және докторантура деңгейінде білім алушыларға ұсынылады. Инженерия, ақпараттық технологиялар, табиғи және гуманитарлық ғылымдар саласындағы мамандарды даярлаумен айналысады. Қаржыландыру оқу, өмір сүру, жол жүру және сақтандыру шығындарын қамтиды. Бағдарламаға өтініш беру мерзімі: жыл сайын.

Қытай үкіметі де халықаралық студенттер үшін көптеген стипендиялық бағдарламаны әзірледі. Мәселен, Шанхай үкіметінің стипендиясы шетелге оқу үшін бар жағдай жасайды. Бұл стипендия Қытайдағы жетекші университеттерде бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша білім алуды қамтамасыз етеді. Инженерия, медицина, бизнес және гуманитарлық ғылымдарға басымдық береді. Оқу ақысы, тұру шығындары, медициналық сақтандыруды толыққанды қамтиды. Өтініш беру мерзімі: Наурыз айында.

Австралия үкіметінің стипендиялық бағдарламасы Океания, Азия, Африка және Латын Америкасының дамушы елдерінен келген студенттерге Австралия университеттерінде білім алуға жағдай жасайды. Australia Awards стипендиясы арқылы инженерия, ғылым, медицина, құқық, экономика, қоғамдық басқару салаларында білім алуға болады. Бағдарлама оқу ақысы, күнкөріс және сақтандыру шығындарын қамтиды. Өтініш жыл сайын беріледі.

Бұл тізімде Түркия мемлекеті де бар. Түркия үкіметінің шетелдіктерге арналған стипендиялық бағдарламасы - Türkiye Bursları. Қатысуға ниет танытқан талапкерлер бағдарламаға онлайн форматта тіркеле алады. Құжаттарды жыл сайын қаңтар-ақпан айларында бағдарлама сайтында тапсыруға болады. Оқыту түрік және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Бағдарлама оқу ақысы, бір жыл тегін түрік тілі курсы, ай сайынғы стипендия, медициналық сақтандыру, екі бағытқа әуе жолы билеттері сияқты басты шығындарды қамтиды. 

Голландияның Білім, мәдениет және ғылым министрлігі ұсынған бағдарлама бар. Грант елдердегі жоғары оқу орындарында бакалавр немесе магистр дәрежесін алуға мүмкіндік береді. NL стипендия арқылы Еуроаймақтан тыс елдердегі жастар зерттеу университеттерінде де, қолданбалы ғылымдар университеттерінде де тәлім-тәрбие ала алады. Стипендия сомасы – 5 мың еуро. Бұл сома алғашқы оқу жылында беріледі. Қатысушы университеттердің тізімі жыл сайын өзгеріске ұшырап отырады. ЖОО-лар өтінімді ақпан мен мамыр аралығында қабылдайтыны белгілі.

Италия да шетелдік студенттерді қабылдап, тәжірибе алмасуға қашанда сақадай сай. Мәселен, Италия үкіметі білімге құштар азаматтарға Diritto allo Studio Universitario стипендиясын ұсынады. Итальян тілінен тәржімалағанда «университетте оқу құқығы» деген мағынаны білдіреді. Яғни, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан талапкерлер өтінім бере алады дегенге саяды. Басқаша айтқанда, студент пен оның отбасының материалдық жағдайы ерекше назарға алынады. Сол себепті отбасының жылдық табысы белгілі бір межеден аспауы тиіс. Стипендия барлық қажетті шығындарды жабуға қауқарлы. Жатақхана тегін, асханада тегін тамақтану мүмкіндігі қарастырылған. Шәкіртақы мөлшері оқитын аймаққа және өтініш берушінің қаржылық жағдайына байланысты 7 мың еуроға дейін жетуі ықтимал. Айта кету керек, байқауға қатысу үшін жас шектеуі жоқ. Университеттерге өтініштер 15 сәуірден шілдеге дейін қабылданады.  

Біріккен Араб Әмірліктерінің Халифа университетіне тегін оқуға түсу де – мүмкін нәрсе. БАӘ-дегі Халифа университеті магистратура және PhD дәрежесін алам деушілерге шәкіртақы береді. 1989 жылы негізі қаланған университет Азия және әлем университеттерінің рейтингінде жоғары орынға ие болып отыр. Студенттерге инженерия, медицина, бизнес, денсаулық сақтау, өнер, ақпараттық технологиялар секілді әртүрлі академиялық салада білім алу мүмкіндігі қарастырылған. Шәкіртақы оқу ақысы, халықаралық ғылыми конференцияларға қатысу, медициналық сақтандыру, жатақханада тұру, виза, секілді шығындарды қамтиды. 

Қазақстандық журналистер үшін әлемдегі ең беделді университет Oxford-тегі Reuters журналистика институты Journalism Fellowship стипендиясын ұсынады. Бұл стипендия әлем журналистеріне мамандығы мен медиаиндустрияға байланысты қалаған тақырыбында зерттеу жүргізуге жағдай жасайды.

Айта кету керек, институт жыл сайын 30 журналисті қабылдап, жарты жыл бойы журналистиканың қыр-сырын үйретеді. Өтінім жыл сайын ақпан айына дейін қабылданады. Өтінім бергенде үміткер түйіндемесін, жеке өтінімін, жұмыс берушінің жазбаша қолдау хатын және бірнеше жұмысының үлгісін жүктеуі керек. Стипендиант атану үшін үміткердің бұл салада 5 жылдық тәжірибесі болғаны жөн. Ағылшын тілінде түсініп, тақырыптарды талқылай алғаны да үлкен плюс. Ағылшын тілі үміткердің ана тілі болмаған жағдайда, жарамдылығы екі жылдан аспаған тіл меңгеру сертификаты болуы қажет.

Бағдарламаға қатысуға ниет білдірген журналистердің көбі толықтай қаржыландырылады. Емтихандарды тапсырғандардың шығыны толық жабылып, ай сайын жатын орын мен тамаққа, басқа да шығындар үшін 2 мың еуро сомасында стипендия беріледі. Ұлыбританияға барып-келу билеттері мен виза құнын ұйымдастырушылар өз қалталарынан төлейді.

Еуропада оқығы келетіндерге арнап Француз үкіметі де өз жоғары оқу орындарында шетелдік студенттерге білім алуға жағдай жасайтын оқу бағдарламасын ойластырды. Мәселен, Eiffel excellenge programee -  Франциядағы университеттерде магистратура мен докторантурада оқуға мүмкіндік беретін оқу бағдарламасы. Ол оқу, өмір-сүру, ұшақ билеттері, оқулықтар, жатақхана сияқты барлық шығындарды өз мойнына алады. Магистратура мен докторантураға қатысам деушілерге арнап жас талаптары да көрсетілген. Десе де, үміткерлер өздерін ұсына алмайды. Оқу орны ғана мұндай құзыретке ие. Сондай-ақ, ағылшын немесе француз тілін еркін меңгеруі де – басты алғышарт. Құжат қабылдау уақыты қыркүйектен қаңтар айына дейінгі мерзімді қамтиды.

Халықаралық стипендиялар шетелде сапалы білім алуға жол ашады. Сондай-ақ, студенттердің өмір сүру шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Бағдарламалардың әртүрлі елдер мен мамандықтар бойынша кең таңдау ұсынатыны қуантады. Бұл - әр студент өзіне қажетті бағдарламаны қиындықсыз таба алады деген сөз.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: