Шет тілін тез үйренудің жолы қайсы

4 Қаңтар, 16:45 2630

Тіл үйренуге бейімділік адамға туабітті берілетін қабілет пе? Бұл сауалға ғалымдар әлі де нақты жауап тапқан жоқ. Десек те қарекетті жүзеге асыру арқылы қажет нәтижеге қол жеткізуге болатыны сөзсіз. Ендеше El.kz ақпарат агенттігі солардың бір парасына тоқталып өтті.

Дәрістердің тұрақтылығы

«Кішкентай қадаммен үлкен мақсатқа жету» тұжырымы тіл үйренуге қатысты да жақсы келеді. Айына бір рет бірнеше сағат оқудан гөрі, білгіңіз келетін дүниені күнделікті аздап қана қайталап отырсаңыз, әлдеқайда нәтижелі болары анық. Сол арқылы миыңызға артық жүк артпай, оқуға деген ынтаны да сақтап қалуға болады. Себебі шаршап не жалығып үлгермейсіз.

Тұрақтылықтың оқу әдетін қалыптастыруда да пайдасы орасан. Уақыт өте келе ұйқы алдында ағылшын тілінде 20 минут кітап оқу күнделікті тіс тазалағандай әдетке айналып кетеді.

Сондықтан тезірек үйренемін деп, өз-өзіңізді тым қатты қамшылап жіберудің қажеті жоқ.

Нақты мақсат

Тіл үйренерде қажет дүниенің бірі – мотивация. Бірақ мақсатыңызға жету барысында мотивацияны да тез жоғалтып алуыңыз бек мүмкін. Сондықтан тіл үйрену сіздің өміріңізге қандай оң өзгеріс әкелетінін үнемі есіңізге салып отырыңыз.  

Кейбіреулер тілді әлемді аралау үшін, енді бірі карьералық мүмкіндіктер көкжиегін кеңейту үшін, тағы біреулер шетелдік достарымен араласу үшін үйренгісі келеді. Алайда еркін тілдесе алмайынша, ешбір салада жетістікке жете алмайсыз.

Салыңыз суға кете бастағанда, өзіңізге мынадай сұрақтарды қойыңыз: «Жалақысы жоғары жаңа жұмысқа тұрғым келе ме?», «Ағылшын не өзге тілде дұрыс сөйлесе алмағаным үшін ұялғым келе ме?», «Шетелде ешбір кедергісіз саяхаттағым келе ме?» және тағы басқа.

Одан қалды шет тілін үйрену – ми жұмысын дамытуға септігін тигізетін жол. Себебі жаңа дүниені үйренуде мида нейрондық байланыс күшейіп, есте сақтау және назарды ұстап тұру қабілеттері артады.

Тілді қалай тез үйренуге болады

Осы әдістемелердің бәрін күнделікті өміріңізге енгізсеңіз, нәтижесі де күттірмейтіні анық.

Түсінікті, қарапайым тілмен жазылған мәтіндер оқыңыз

Егер сіз тіл үйренуді бастасаңыз, бірден күрделі мәтінге қарай жүгірмеңіз. Балаларға арналған, тілі оңай ертегі не әңгімелер оқыңыз. Негізінен мазмұнымен таныс мәтіндерге назар аударыңыз.

Сонымен қатар X әлеуметтік желісіндегі (бұрынғы Twitter) жаңалықтарды оқып отырудың да пайдасы бар. Қысқа әрі нұсқа жазылған мәтін жаңалықтың түпкі ойын түсінуге және жаңа сөздер жаттауға септігін тигізеді.

Одан қалды шет тілінде күнделікті оқу тіл үйрену процесін қызықты ете түседі. Күн сайын түсінетін сөздеріңіздің артқанын байқайсыз. Тиісінше құлшыныс та артады.  

Қиын сөздерді стикерлерге жазып жүріңіз

Тіл үйрену кезінде есіңізге жатталып қалмайтын сөздер кездеседі. Сондай сөздерді стикерлерге жазып, көзге жиі көрінетін жерлерге іліп қоя беріңіз.  Өйткені адам көзбен жақсырақ қабылдайды. Тиісінше қаншалықты жиі көрсеңіз, соншалықты сөз де тезірек жатталады.

Гаджеттердің бәрін шет тіліне ауыстырыңыз

Бұл сөздік қорыңызды молайтып, мидың жұмысын жаңа толқынға бағыттауға көмектеседі.

Мысалы, «Баптауларға» жиі кірсеңіз, бұл сөздің ағылшын тілінде қалай аталатыны есіңізде қалады. Өзге сөздер де дәл солай.  

Бастапқыда қиындау соғуы заңдылық, оған бола көңіліңіз құлазымасын. Онлайн-аудармашы қолданғанда тұрғанның айыбы жоқ. Өзіңізге қажетті қызметті тауып аласыз да, оның ағылшын тіліндегі атауы есіңізде қалады.

Аудиоақпаратты шет тілінде тұтыныңыз

Тіл үйренуде басты кедергі – түпсанамыздың оны түсініксіз әрі қиын жол деп қабылдауында. Жаңа тілге құлақты үйрету үшін сол тілде ақпарат тарататын телеарналарды, подкасттар мен өзіңізге ұнайтын жұлдыздардың сұхбатын қосып қойыңыз. Жұмыс не тамақ істеп жүріп, тіпті демалып жатқанда да қосулы тұрсын. Әр сөзге тоқталып, оның аудармасын білуге тырысу міндетті емес. Бар-жоғы мәтінді шет тілінде тыңдай беріңіз.

Өзіңізге ұнайтын істі шет тілімен байланыстырыңыз

Өзіңізге ұнайтын фильм не телехикаяларды шет тілінде субтитрін қосып қойып көріңіз. Ән мәтінін өз бетіңізше тәржімалаңыз. Ойыңыздан шығарып алған адаммен әңгімелесіңіз, сұрақ қойып, өзіңіз де жауап беріңіз. Бұл бірден шетелдікпен сөйлескеннен гөрі әлдеқайда жеңілірек болуы мүмкін.

Хоббиіңіз болса, сол туралы шет тілінде ақпарат оқыңыз. Досыңызбен не таныстарыңызбен шет тілінде сөйлесуге тырысыңыз. Хабарламаны да солай жазуға болады, аударма қолданғанда тұрған ештеңе жоқ, уайымдамаңыз. Себебі мұның бәрі сіз үшін жат болып келген тілді жақындатуға аз болсын пайдасын тигізеді.

Өз-өзіңізбен шет тілінде сөйлесіңіз

Күнделікті тұтынатын азық-түлік атауларын, серуендегенде көрген әрекеттеріңізді немесе біреумен әңгімеңізді шет тіліне аударып отырыңыз. Оның өз қызығы бар.

Уақыт өте күнделікті тұтынатын сөздердің шет тіліндегі атауын неғұрлым көбірек білуге тырысатын боласыз. «Мынаның атауы қалай болады, ал мынау не деп аталады?» деген секілді сұрақтарға жауап іздейсіз.  

Мадина Асылбекова
Бөлісу: