Еліміздің сыртқы істер министрлігінде бірқатар шет мемлекеттердің Елшілері сенім грамоталарын табыстады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров еліміздегі қоса атқарушы ретінде жаңадан тағайындалған Буркина-Фасоның елшісі Аристид Рапугдондба Людовик Тапсобадан, Лаостың елшісі Сипхандон Ойбуабуддиден, Жаңа Зеландияның елшісі Марк Трейнерден, Данияның елшісі Йеспер Варданнан, Словенияның елшісі Аленка Сухадолниктен сенім грамоталарының көшірмелерін қабылдады.
Сұхбат барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы екіжақты ынтымақтастықты нығайтудың жағдайы мен перспективаларын талқылады.
Дипломаттар өзара қызығушылық тудыратын салаларда одан әрі өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті.