Шет елдерге 100-ден астам телеөнім сатылды – Дархан Қыдырәлі

31 Наурыз 2023, 20:55 931

«Nauryz» ұлттық бәйгесінің жеңімпаздары анықталды. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі байқау жеңімпаздарына шығармашылық шабыт пен жарқын жетістіктер тіледі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

"Біз сериалдар өндірісін мемлекеттік не басқа деп бөлмейміз. Бәріне бірдей қолдау көрсетуге дайынбыз. Бүгінде елімізде түсірілген сериалдар мен отандық контент ішкі және сыртқы нарықта үлкен сұранысқа ие болып келеді. Мәселен, алыс-жақын шет елдерге 100-ден астам телеөнім сатылды. Отандық сериалдар біртіндеп шетелдік сериалдарды ығыстырып келе жатқанын көріп отырмыз. Бұрындары Үндінің «Келініне» телміретін біздің көрермен қазір өзіміздің «Келінжан» мен «Аппақ келінді» тамашалайтын болды. Қазіргі таңда халықаралық сериалдар түсіруді қолға алып, шет елдермен бірлескен жобалар жасай бастадық. Біздің бірқатар әртістеріміз бен режиссерларымыз шетелдік үлкен жобаларға белсене қатысып жүргенін атап өткен жөн", - деді министр.

Министр бүгінде миллиондаған қаралым жинаған сериалдар бар екенін атап өтті. Бұл мемлекеттік иммиджін көтеріп, халқымыздың беделін арттыра түсері анық.

Осы орайда, бүгінгі салтанатты іс-шараға Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінен арнайы келген мәртебелі меймандарымызға да алғыс-ризашылық білдіреміз. Байқауға әртүрлі номинациялар бойынша жалпы саны 250-ден аса өтінім келіп түскен екен. Шорт-листке енген 52 номинанттың ішінен жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққандарды анықтау оңай болмаса керек. Осы орайда, үздіктерді бағалауда ауқымды жұмыс жүргізген қазылар алқасына ризашылық білдіргім келеді. Сонымен бірге ойымызды құптап, мақсатымызды қостап, қолдау білдірген демеушілерге, іс-шараны ұйымдастыруға атсалысқандарға және Рүстем Омаров пен оның командасына алғыс білдіреміз, - деп атап өтті Дархан Қыдырәлі.

EL.KZ
Бөлісу: