"Шешеден айырылу қиын екен". Ғаділбек Жаңай өмірдегі өкінішімен бөлісті

29 Желтоқсан 2023, 14:15 1206

Ғаділбек Жаңай басынан өткен ауыр кезең жайлы Айдос Ербосынұлына берген сұхбаты барысында айтып берді, деп хабарлайды EL.kz ақпарат агенттігі.

Анасынан айырылған әнші онымен қоштаса алмағанына әлі күнге дейін өкінетінін айтты.

Ауыл жақтан суық хабар келетінін сезіп жүрдім. Құдай сездіреді екен. Шешем дүниеден өтерін маған сездірді. 2007 жыл. Алматыда пәтер жалдап тұрамын. Ұйқыдан өте жаман күйде ояндым. Еш жерім ауырып жатқан жоқ. Бір кезде "қазір телефонға біреу қоңырау шалады. Ол адам жаман хабар айтады" деген ой сап ете қалды. Шынында солай болды.  Ауылдан немере ағам хабарласып жатыр. Бір соққанда алмадым. Өзімнің ойыммен арпалысып жатырмын. Екінші рет хабарласқанда тұтқаны көтердім. Дауысы бәрі бұрынғы, аман-саулық сұрастық. Бір кезде "анаң сырқаттанып жатыр, ауылға кеп қайт" деді. Содан кейін бәрі түсінікті болды, - дейді әнші.

Одан кейінгі оқиғалар мүлде есінен шығып кеткен. Қалай ауылына жеткенін де білмейді.

Ауылға кірген сәтім ғана есімде. Сайдан шыққаннан кейін біздің үй көрінеді. Жанына киіз үй тігіп қойыпты. Мамыр айында ешкім киіз үйде отырмайды. Жазға қарай тігетін. Сол кезде ғана анамнан айырылғанымды түсіндім. Анамды жер қойнына тапсырғанда да ештеңені сезінбедім. Бір аптадан кейін ғана бүкіл эмоциям шықты. Шешеден айырылу өте қиын екен, - деді Ғаділбек Жаңай.

Қырық жасына дейін мұндай күй кешпегенін жеткізді ол.

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: