Ш.Есенов университетінің оқытушылары ғылыми экспедицияға аттанды

5 Қазан 2023, 19:12 753
Есенов Университетінің ғалымдары осы жылы ҚР ғылым және жоғары білім министрлігінің 6 ірі ғылыми жобалар грантын жеңіп алды, деп хабарлайды El.kz ақпараттық агенттігі mangystaumedia.kz-ке сілтеме жасап.

Солардың бірі – «Маңғыстау топономастикалық ареалы: тарихи топонимия, топобейнелер және оларды интерпретациялау» тақырыбындағы ғылыми жоба, жетекшісі – Б.И. Нұрдәулетова. Жоба аясында бірнеше далалық ғылыми экспедиция жоспарланған.

5 қазан Университеттің ғалым-зерттеушілері «МАҢҒЫСТАУДЫҢ ТАРИХИ ТОПОНИМДЕРІ» тақырыбындағы алғашқы далалық ғылыми экспедицияға аттанды. Ғылыми жоба құрамында Есенов Университетінің оқытушыларымен бірге Л.Н.Гумилев атындағы ЕНУ профессоры, танымал тарихшы, этнограф Жамбыл Омарұлы Артықбаев, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының бас ғылыми қызметкері профессор Қыздархан Рысбергенова, Әлкей Марғұлан атындағы Археология институтының ғылыми қызметкері Ирина Бекзатқызы және басқа да докторанттар мен магистранттар бар.
 
Экспедиция осы жолы Маңғыстаудың Түркіменстан Республикасымен шекаралас аймағындағы ежелгі географиялық нысандардың, киелі орындардың, қорғандар мен үйіктердің, тұрандар мен түлейлердің географиялық сипаты, фаунасы мен флорасы, тарихи қызметі т.б. ерекшеліктеріне байланысты қалыптасқан атауларын зерттейтін болады.
 
Экспедицияның ғылыми мақсаты – Маңғыстаудың мыңдаған жылдық тарихы бар топономастикалық деректерінен әр түрлі кезеңдердің мәдениет қабаттарын, көне және ортағасырлық этностардың тілдік субстраттарын, әдет-ғұрып, дәстүрлерін аршып алып, көрсету, осы өлкеде іздері сақталған сауда жолдарының, бекеттері мен айлақтарының жаңғыртпасын жасау, Еуразиялық діни-конфессиялық және дүниетанымдық түсініктердің даму кезеңдерін анықтау бағытында зерттеу жүргізу болмақ.14:50
Перизат Саденова
Бөлісу: