Шерзод Пулатов: Қазақ еліне мың алғыс

28 Ақпан 2020, 18:47 8289

Бүгінде қазақ жерінде 600 мыңға жуық өзбек ұлты мекен етеді

1 наурыз –  Алғыс айту күні! Барша Қазақстан елі көктем мезгілімен бірге келетін бұл мерекені соңғы бес жылдан бері тойлап келеді. Мұнда елдегі барлық этнос өкілдері бір-біріне және қазақ жұртына алғыстарын жаудырады. Өйткені кезінде тағдырдың тәлкегімен осында жер ауып келген түрлі ұлт өкілдерін біздің ата-бабаларымыз өзектен теппей, құшақ жая қарсы алған болатын. Бүгінде қазақ жұрты 130-дан астам ұлт мен ұлыс өкілдерін бауырына басып келеді. Осыдан 25 жыл бұрын құрылған Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрамына кірген түрлі ұлттар бір-бірімен ауызбіршілікте, татулықта өмір сүруде. Солардың бірі – Нұр-Сұлтан қаласындағы Өзбек ұлтының этномәдени орталығы.

Қазіргі уақытта еліміздің түкпір-түкпірінде алты жүз мыңға жуық (590993) өзбек этносының өкілдері мекен етеді. 2009 жылғы халық санағының мәліметіне қарағанда Нұр-Сұлтан қаласында олардың саны 7186 адамды көрсетсе, былтырғы жылғы статистикалық ақпаратта 10500-ге жеткендіктері айтылады.

Алғашында өзбек ұлтының мәдени орталығы 1989 жылы Түркістан облысында ашылған. Кейіннен еліміздің Ақмола, Алматы, Жамбыл, Қарағанды, Маңғыстау сынды аймақтарында құрыла бастайды.

Ал бұл орталық Нұр-Сұлтан қаласында тараздық белсенді азаматтар, өзбек этносының өкілдері Гафур Қасымов пен Абдрурахман Зайнутдиновтың бастамасымен құрылған екен. Соған орай 2006 жылдың шілдесінде 11 адамнан тұратын арнайы топ жасақталған. Ары қарай олар сол жылдың 10 тамызында 75 адамның қатысуымен бірінші құрылтай жиналысын өткізіп, онда елордада «Өзбек ұлттық мәдени орталығы қоғамдық бірлестігін құру және оның басшыларын тағайындау» жайында мәселелер қарастырылады. Бұл қоғамдық бірлестік келесі жылдың 14 сәуірінде бұрынғы Астана қаласының ҚР Әділет департаментінде тіркеуге алынады. Ал 2010 жылы 22 қазанында бірлестік атауы «Астана қалалық Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігі болып ауыстырылуына байланысты ҚР Әділет департаментінде қайта тіркеуден өтеді. 2010 жылдан бастап бұл орталыққа Шерзод Аббозұлы Пулатов жетекшілік етіп келеді.

– Бірлестіктің қоғамдық жұмыстарына 2007 жылдан бері атсалысып келемін. Арада үш жыл өткен соң елордалық қандастар мені астаналық өзбек этномәдени орталығының төрағасы етіп сайлады. Сол уақыттан бастап Қазақстан Халқы Ассамблеясының және Нұр Отан партиясының мүшесімін. 2016 жылдан бастап ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңесінің, 2017 жылдан бастап ҚР СІМ Қоғамдық Кеңесінің мүшелігіне кірдім. Сонымен қоса, өзбек ұлтының «Дустлик» қауымдастығының жастар қанатының жетекшісі лауазымын да қоса атқарып келемін, - дейді Шерзод Аббозұлы.


(Суретте: Шерзод Пулатов)

Қазіргі кезде елордадағы өзбек этномәдени орталығының белсенділер саны 200-ден асады. Олардың қатарында қоғам қайраткерлері, бизнес саласының өкілдері, мұғалімдер мен студенттер, оқушылар және т.б. бар. Жетекшісі Шерзод Пулатовтың айтуынша олар тек қала деңгейінде ғана емес, республика көлемінде өткізілген барлық іс-шараларға белсенді қатысып жүреді.

– Біздің орталық қамқоршылық кеңес, ақсақалдар кеңесі, аналар кеңесі, ғылыми кеңес сынды түрлі бағыттар бойынша жұмыс істейді. Осы орталықтың аясында құрамына 100-ден аса оқушылар мен студенттер кірген «Пойтахт Ёшлари» («Пойтахт» - астана деген мағынаны білдіреді) атты жастар қанаты, «Пойтахт» вокальдық-аспаптық ансамблі мен «Астана Ғунчалари» би ансамблі атты екі шығармашылық топ құрылған. Көпшілік алдында өнерін көрсетіп жүрген олар түрлі қалалық, республикалық ұйымдардың арнайы дипломдарымен және мақтау қағаздарымен марапатталған.


Бұл этномәдени бірлестіктің басты мақсаты – өзбек тілін дамыту әрі қоғамдық-саяси саладағы белсенділігін арттыру.

Олар өздерінің салт-дәстүрі мен мәдениетін бауырлас қазақ жұртының арасында кеңінен насихаттау мақсатында көптеген іс-шараларды ұйымдастырып келеді. Мәселен, жыл басында Әлішер Науаиға арналған «Шығыс жұлдызы Науаи» халықаралық әдеби-рухани кешін өткізсе, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті мен Өзбекстан Елшілігінң қолдауымен «Достық сабақтары» атты іс-шараны ұйымдастырған екен. Сонымен қоса, алдағы Әз-Наурыз, елорда күні мейрамдары қарсаңында түрлі мерекелік іс-шараларды өткізуді жоспарлап отыр. Жалпы «бірлестіктің барлық іс-шаралары демеушілердің көмегімен өткізіледі» дейді жетекшісі.

Барша қазақстандықтар тойлайтын алдағы алғыс күнін елдегі өзге этностармен бірлесе өзбек ұлты да шексіз алғыстарын білдіріп, мерекелетіп-думандатып атап өтпек.

– Бауырлас қос ел арасында оның салт-дәстүрі мен мерекелерінде ұқсастықтар өте көп. Айырмашылығы аздап тілінде ғана. Мерекелерге келетін болсақ, қазақтар Наурыз мейрамына көже әзірлесе, бізде осыған ұқсас «Сумалак» атты тағам дайындалады. Салт-дәстүр жайында айтатын болсақ, қазақтар келін түсіргенде «Беташар» салтын өткізсе, дәл сондай дәстүрді өзбектерде де жасайды. Бірақ бұл бізде «Келін салам» деп айтылады. Яғни жаңа түскен келіннің туыстарымен, көршілерімен танысып, сәлем беруі. Сондай-ақ бұл дәстүрді қазақ жұрты домбыра аспабымен өткізсе, өзбек халқы дойыра атты пішіні домалақ аспаппен өткізеді. Дінімізде бір болғандықтан Ораза, Құрбан айт сынды діни мерекелерде бірдей ұйымдастырылады. Жалпы өзіңіз байқап тұрғандай, аса қатты айырмашылықтар жоқ.


Күллі қазақ елі жылына бір келетін алдағы 1 наурыз алғыс айту мейрамымен қоса, биыл Қазақстан Халқы Ассамблеясының құрылғанынына 25 жыл толуын тойлап өтпек. Осындай елеулі мерекелер қарсаңында бауырмал қазақ халқы сол бір қиын заманда жатсынбай қабылдаған кең жүрегіне барша этностармен бірге өз ризашылығын білдіретінін айтты.

– Алғыс айту күнін тойлай отырып, әрбір күніміздегі алғысты күнделікті ізігілікті істеріміз арқылы жеткізіп отыруымыз қажет деп ойлаймын. Қазақ еліне мың алғыс айтамын, – деп сөзін түйіндеді бірлестік жетекшісі.

(Суреттер Нұр-Сұлтан қаласындағы Өзбек ұлтының этномәдени орталығынан алынған)

Сабина Кәкімжан
Бөлісу: