Шерзод Пулатов: Рим Папасының келуі – діндер съезінің маңызын арттырады

6 Қыркүйек 2022, 15:03 1943

Бұл съезді өткізудің маңыздылығы өте жоғары.

Рим Папасы Франциск Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезіне қатысу үшін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы шақыртуымын 13-15 қыркүйек күндері Қазақстанға іс-сапармен келеді.

Рим Папасының елге сапары мен Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезінде талқыланар тақырыптар туралы өзбек этномәдени орталығынын төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, Ұлттық Құрылтай мүшесі, ҚХА-ның республикалық медиация кеңесінің төрағасы Шерзод Пулатовпен сұхбаттасқан едік.

– Қазақстан үшін Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезін өткізудің қандай маңызы бар?

– Бұл съезді өткізудің маңыздылығы өте жоғары. Ең ірі диалогтық алаңға айналған бұл іс-шараның әлемде теңдесі жоқ екенін бүкіл әлем мойындап келеді. Себебі, осындай алаңда дінаралық мәселелер көтеріліп, талқылануы қазіргі әлемде діннің өте маңызды рөл атқаратынын байқатады. Ал, діннің ізгілік пен бейбітшілік негізінде адамдар мен қоғамды топтастыра алатыны, заман талаптары мен қауіптеріне лайықты жауап бере алатыны белгілі.

Бұған дейін де елордамызда өткен Дүниежүзілік және дәстүрлі дін басшыларының съездері тәуелсіз Қазақстан тарихында ғана емес, әлемдегі аса ірі халықаралық іс-шаралардың бірі болды. Бұл жиын дін және өркениет арасындағы шиеленістерді шешуге себепші болатын дін басшыларын біріктірген бірегей форум. Мәселен, Түркия Дін істері басқармасының төрағасы, Бас мүфти-Мехмет Гормез; Иран Ислам Республикасы Президентінің кеңесшісі, Мәдениет және ислам байланыстары ұйымының президенті-Мехди Мустафави; Дүниежүзілік Ислам Лигасының Бас хатшысы-Шейх Абдалла Бен Абдель Мухсин Ат-Турки; Египет Араб Республикасы Ислам және Уақыфтар істері жөніндегі Министрінің орынбасары, шақыру істері жөніндегі департаменттің директоры-Мохаммед Азаддин Абсаттардың және т.б әлемнің түрлі елдерінен жиналған дін өкілдерінің жиынға қатысуын мысал ретінде ала аламыз. Форумға қатысушылардың басты мақсаты қоғамның топтасып, бейбіт әрі қауіпсіз әлемде өмір сүруіне ықпал ету.

– Биылғы форумның негізгі арқауы, талқыланар тақырыбы қандай болмақ?

– Елордамызда өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезінің тақырыбы «Пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің рөлі» болмақ. Жаһанды жайлаған пандемия бүкіл әлемге алаңдатушылық, экономикалық дағдарыс, адамзат арасындағы тоқыраулар алып келгені хақ. Осы орайда жоспарланған форум өзекті тақырыптарды қамтып, саяси тұрғыда өте маңызды диалог болады деп ойлаймын.

– Рим Папасы Францискті арнайы шақыру мен оның Қазақстанға келуі съездің салмағын қаншалықты арттырады?

– Аталған жиынның ерекшелігі Рим-католик шіркеуінің басшыларынан ең алғашқы өкілі, яғни Папа Францисктің жиынға қатысуы болып тұр. Жиынға бұндай мәртебелі қатысушалардын келуі съездің маңыздылығы мен жоғарғы деңгейдегі рөлін айқындайды.

Жалпы айтқанда, басқа алаңдарда шешім таппаған мәселелер және де жаңа жоспарларды талқылау мақсатында әлемнің дін басшылары елордамызда жиналады. Бұл – әлемге бейбітшілікті насихаттап жүрген еліміз үшін үлкен мәртебе.

Ал Рим-католик шіркеуінің басшысы Қазақстанға сапары барысында VII съездің ашылуына және пленарлық отырысына, сондай-ақ кейбір басқа дін лидерлерімен бірқатар кездесулер өткізеді деп жоспарлануда.

Сондай-ақ Папа Франциск съезден басқа Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевпен, сондай-ақ елімізде тіркелген шетелдік дипломатиялық корпус және азаматтық қоғам өкілдерімен кездесулері қарастырылған.

Сонымен қатар мыңдаған католик дінін ұстанушылар, оның ішінде Қазақстан астанасына арнайы келетіндері үшін месса өткізеді, сондай-ақ Рим-католик шіркеуінің Қазақстандағы және көрші елдерден келетін дін қызметкерлерімен, монахтарымен және семинаристерімен кездеседі.

– VII съезге әлемнен тағы қандай беделді тұлғалар қатысады?

– Съезд жұмысына әлемнің 60 елінен барлық әлемдік және дәстүрлі діндерді, сондай-ақ беделді діни және халықаралық ұйымдардың өкілдері ретінде 130 делегация қатысады. Бұл бастапқыда өткізіліп жүрген жиындармен салыстырғанда қатысушы елдердің саны артып келе жатқандығын байқатады.

– Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының алғашқы съездерінің біріне Рим-католик шіркеуі басшысы келген еді...

– Иә, дұрыс айтасыз, бұған дейін Рим-католик шіркеуі басшысы болған Папа Иоанн Павел II 2001 жылы Қазақстанға іс-сапармен келген еді. Сол кезде шіркеу басшысы съезге үлкен сенім білдіріп, ашықтыққа, үлкен этникалық және діни алуан түрлілігімен ерекшеленетін халықаралық деңгейге шығатындығы туралы айтқан болатын.

Ал Рим-католик шіркеуі басшысы Папа Франциск Қазақстан астанасында биыл өтетін Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезіне қатысу үшін келеді. Жоспарланған жиын сәтті өтіп, еліміз қазіргі заманның аса өзекті проблемаларына пара-пар жауап бере алатын кемелденген мемлекет ретінде халықаралық аренадағы беделінің артуына тағы да бір себепші болатындығына сенімдіміз.

–       Сұқбатыңызға рахмет!


Ажар Лаубаева
Бөлісу: