Қазақстанның Ассамблеясы өз тарихында айтарлықтай жолды өтіп, бүгінде еліміздегі этносаралық келісім мен тұрақтылықтың маңызды институтына айналды. Биыл – Ассамблеяның құрылғанына 30 жыл. Бұл мерейлі күн Қазақстанның көпұлтты қоғамының бірлігін нығайтудағы Ассамблеяның рөлі мен маңызын тағы да айқындайды. Осы ретте El.kz тілшісі ҚХА медиация кеңесінің төрағасы Шерзод Пулатовпен сұхбаттасты.
El.kz: Ассамблеяның құрылған кезеңіндегі ең маңызды мақсаттар мен міндеттерге тоқталып өтсеңіз?
Шерзод Пулатов: ҚХА мақсаты – қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан этностарының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде Қазақстан республикасында қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету. Ал міндеттеріне келер болсақ, ол мемлекеттік органдардың, ұйымдардың және азаматтық қоғам институттарының этносаралық қатынастар саласындағы тиімді өзара іс-қимылын қамтамасыз ету, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті одан әрі нығайту үшін қолайлы жағдайлар жасау, Қазақстан халқының бірлігін нығайту, мемлекеттік органдарға қоғамдағы этностық төзбеушілік көріністеріне және адамның құқықтары мен бостандықтарына қысым жасауға бағытталған ұмтылыстарға қарсы іс-қимыл жасауда жәрдемдесу, барлық этностардың бірыңғай қазақстандық социумға кірігуіне ықпал ету, Қазақстан халқының дәстүрлерін, тілдері мен мәдениетін сақтау және дамыту.
El.kz: Қазақстандағы этносаралық келісім мен достықты сақтау үшін Ассамблея қандай рөл атқарады?
Шерзод Пулатов: Ассамблея қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік саясатты әзірлеуге және іске асыруға, қазақстандық патриотизмді қалыптастыруға жәрдемдесу, мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту, демография және көші-қон саласындағы жоспарлар мен іс-шараларды әзірлеуге және іске асыруға қатысады.
Елде және шетелде қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін танымал ету, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтуға бағытталған ағартушылық және баспа қызметін жүзеге асыру, этносаралық қатынастар аясында, оның ішінде мемлекеттік тіл мен Қазақстан халқының басқа да тілдерін қолдану саласында мониторингті жүзеге асырады.
Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік саласындағы мемлекеттік саясат мәселелері жөніндегі заң жобаларының қоғамдық-саяси сараптамасына қатысу, шет елдердегі қазақ диаспорасына ана тілін, мәдениеті мен ұлттық дәстүрлерін сақтау және дамыту, оның тарихи Отанымен байланыстарын нығайту мәселелерінде қолдау көрсетеді.
Этносаралық қатынастар саласындағы келіспеушіліктер мен дауларды реттеу, қақтығысты жағдайларды болдырмау жөнінде ұсынымдар әзірлеу, сондай-ақ өзге де іс-шараларды жүзеге асыру, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту бойынша мемлекеттік органдармен, ұйымдармен тікелей жұмыс істейді.
El.kz: 30 жыл ішінде Ассамблеяның ең басты жетістіктері мен оң нәтижелеріне тоқтала кетсеңіз?
Шерзод Пулатов: Мәселен 30 жыл ішінде ҚХА-мен қазақстандық бірегейлік пен азаматтық негізінде этностардың консолидациясы мен интеграциясы қамтамасыз етілді. Ассамблея консультативтік-кеңесші органнан парламенттік өкілдік құқығы бар конституциялық институтқа өзгертілді. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жанынан Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті мен Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты құрылды.
Қазақстан халқы Ассамблеясы парламенттік өкілдіктің жаңа құралына ие болды. Енді Мемлекет басшысы ҚХА ұсынысы бойынша тағайындайтын ҚР Парламенті Сенатының бес депутаты заңнамалық деңгейде кері байланысты, қоғамдық бақылауды қамтамасыз етуге және асамблеяны этностар мүдделерінің жиынтығы ретінде білдіруге жұмылдырылды.
Парламентте ұлттық бірлік пен қоғамдық келісімді нығайту мәселелерімен айналысатын «Бір ел - бір мүдде» жаңа депутаттық бірлестігі құрылды. Оның айырмашылығы, топ бұрынғыдай Мәжілісте ғана жұмыс істемейді, палатааралық болып табылады. «Бір ел – бір мүдде» депутаттық тобының құрамында 30 депутат бар: 10 - Сенаттан және 20-сы Мәжілістен.
Ассамблея елді қоғамдық-саяси жаңғыртуда маңызды рөл атқарды, реформаларды қоғамдық қолдауды кеңейтуге және барлық этностарды мемлекет дамуының стратегиялық міндеттерін шешуге ықпал етті. Саяси реформалар бағдарламасының тарихи маңызды нәтижесі азаматтық қағидаттары негізінде барлық этностардың біртұтас ұлтқа кірігуінің жаңа тұғырнамасын қалыптастыру болды.
Халықаралық стандарттарға сәйкес қазақстандық этностардың тілдерін, дәстүрлерін, мәдениеттерін дамыту үшін жағдайлар жасалды. Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде біріктіруші рөлін таныту, Қазақстан этностары тарапынан этносаралық қатынастарды саясиландырмау қамтамасыз етілді. Еліміздің этностарына сыртқы ықпал ету факторының және олардың сыртқы саяси күштер мүдделерін іске асырушыға айналуын болдырмау шаралары жүзеге асырылды.
El.kz: Қазіргі таңда Ассамблеяның жұмысы қандай мәселелерді шешуге бағытталған?
Шерзод Пулатов: ҚХА жұмысының басты назарында жалпыазаматтық мүдделерді қорғаудың және қазақстандық қоғамды топтастырудың маңызды институтын дамыту, ҚХА-ны этностарды қазақстандық социумға интеграциялаудың басты институты ретінде дамыту, Қазақстан халқын біртұтас азаматтық ұлтқа айналдыру және өзінің негізгі міндеттері мен басымдықтарын ілгерілету үшін, оның ішінде әлеуметтік желілерде белсенді болу, өз жұмысына азаматтық қоғамның басқа институттарын тарту арқылы ақпараттық ресурстарды кеңінен пайдалану болып отыр.
El.kz: Қазақстанның көпұлтты қоғамындағы әртүрлі мәдениеттердің өзара қарым-қатынасы туралы не ойлайсыз?
Шерзод Пулатов: ҚХА әртүрлі мәдениеттің қатар дамуына және өзара қарым-қатынасына қатысты қағидаттарды сәтті жүзеге асырып келеді. Бүгінгі күні Ассамблеяның жұмыс істеу тәсілдері жетілдіріліп, құрамы жаңартылып отыр.
El.kz: Ассамблеяның елдегі этносаралық диалогты нығайтудағы маңызы қандай?
Шерзод Пулатов: Ассамблея этностардың өкілдері мен олардың бірлестіктеріне назар аударып қана қоймайды. Ең алдымен ҚХА – бұл барша халықтың бірлігі, консолидация және интеграция алаңы. ҚХА мен оның институттарының, сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің барлық қызметі ел азаматтарының бойында патриоттық сезім мен біртұтас Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастыруға, елімізде бейбітшілік, келісім мен бірлік құндылықтарын сіңіруге бағытталған. Азаматтық бірегейлікті, теңдікті дамыту, салыстырып тексерілген тіл саясаты этносаралық жанжалдарға жол бермеудің басты шарты, этносаралық бейбітшілікті сақтаудың, мемлекеттілікті нығайтудың кепілі болып табылады.
El.kz: 30 жыл ішінде Ассамблеяның құрылымында қандай өзгерістер болды? Бұл өзгерістердің қоғамға әсері қандай?
Шерзод Пулатов: ҚХА оның құрылымдары мен мүшелері елді саяси жаңғыртуда, жалпыұлттық бірлікті нығайтуда маңызды рөл атқарды. ҚХА елдің және оның азаматтарының мүддесін көздейтін орталық ретінде реформаларды қоғамдық түрғыда қолдауды кеңейтуге, мемлекет дамуының стратегиялық міндеттерін шешуге барлық этностарды тартуға ықпал етті.