Шерзат Полат ісінде куәгер ретінде Эльмира Нұрбекова шақырылды. Ол – қайғылы жағдай кезінде сотталушылармен бірге оқиға орнына келген екі әйелдің бірі, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Шерзат Полаттың сотына куәгер ретінде шақырылған Эльмира Нұрбекова сотталушылардың ішінде тек үш адамды танитынын айтты.
Біз дүкенге екі көлікпен келдік. Бірақ төбелес болатынынан бейхабар едік. Құрбым екеуміз дүкенге темекі сатып алу үшін кірдік. Бірақ сатушы сатпайтынын айтып, бізден сыртқа шығуды талап етті. Біз шығып бара жатқанда сатушы есікті жабатын кезде сырт жақтан біреу есікті тепті. Сол кезде сыртта Нұрқиясты біреу ұрды. Мен оның тек жерге құлағанын көрдім. Содан кейін сұр жейде киген жігіт жүгіріп шығып, оқ атты, кейін ол қаруды жігіттерге бағыттап, қайтадан оқ атты. Мен Равильден олардың төбелеспеуін сұрадым. Бірақ ол менің қолымнан сыпырылып шығып, топқа қарай жүгірді. Мен көлікке бардым. Кейін әйелдің көмекке шақырған даусын естідім. Жолға шықтым. Ол кезде бәрі жүгіріп, айқайлап жүрді. Сұр жейде киген жігіт жерге құлап, ес-түссіз жатқан еді. Оны Абзалдың ұрып жатқанын байқадым, бірақ қолында не болғанын байқамадым, – деді куәгер Эльмира Нұрбекова.