Шекаралық аудандарда салынатын әуежайлар өңір экономикасына қалай әсер етеді?

12 Қыркүйек, 17:11 504

Еліміздің шығысындағы шекара шебін жайлап жатқан Зайсан мен Катонқарағай аудандарында әуежай салынады. Бұл осы өңірде, жалпы Шығыс Қазақстанда туризм, сауда-саттық, кәсіпкерлік, көлік-логистика сияқты көптеген саланың кең қанат жайып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруына оң ықпал етпек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында елдегі әуе маршруттарын және әуежайлардың инфрақұрылымын дамытуға жіті мән беруді тапсырды.

Әуе хабтарын дамыту – өте маңызды міндет. Жыл сайын Қазақстанның әуе кеңістігі арқылы 150 мың тоннаға жуық жүк тасымалданады. Алдағы төрт жылда бұл көрсеткішті екі есе ұлғайтуға болады. Әуежайларымыздың жүк тасымалдау мүмкіндігін арттыру үшін барлық жағдайды жасау керек. Ішкі әуе бағдарларын дамытуға айрықша назар аударған жөн. Бұл әсіресе, негізгі туризм нысандарының инфрақұрылымын жақсарту үшін маңызды. Балқаш және Алакөл демалыс аймақтарындағы ұшу-қону жолақтары толық жаңғыртылды. Қатонқарағай, Зайсан және Кендірлі өңірлерінің де туристік әлеуетін дұрыс пайдалану қажет. Осындай демалыс аймақтарында сапасы жоғары жол инфрақұрылымы бар әуе бекеттері мен әуежайлар салу керек. Өнеркәсіпті дамыту қорының есебінен кіші авиация ұшақтарын алған жөн, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Туризмді дамытуға тың серпін береді

Бұл сүйіншілі жаңалықты Шығыс жұрты қуана қабылдады. Әсіресе, бөркін аспанға атып шаттанған көптің қатарында өңірдің кәсіпкерлері мен туристік операторлары бар. Қиырдағы ауылда әуежай салынса экономикаға тың серпін беретініне сенімді олар.

Зайсан мен Катонқарағай аудандарында әуежай салынса бұл көлік-логистика немесе туризм салаларына ғана емес, жолаушылар тасымалы, жұмыспен қамту, сауда-саттық, кәсіпкерлік, тіпті өнеркәсіптің де дамуына серпін беретіні түсінікті. Әуе жолының ашылуынан кәсіпкерлер ғана емес қарапайым халық та ұтады. Мәселен, Өскемен, Алматы, Астана қалаларына жету жеңілдейді, жол қысқарады, уақыт ұтады. Сол сияқты ұшақ ұшқан соң өңірге келетін туристер көбейеді. Ал бұл ауданның, облыстың туризм саласына, шағын және орта кәсіпкерлікке оң әсер етеді. Бюджеттің кірісі артады, соның арқасында біртіндеп әлеуметтік мәселелер де шешімін табады. Айта берсек, әуежайдың тигізер пайдасы көп, – дейді зайсандық кәсіпкер Болат Шүкірханов.

Елімізде заманауи көлік инфрақұрылымы болмайынша туризм саласын дамыту мүмкін емес екенін айтады Зайсан ауданының әкімі Аэлита Ахметсәлімқызы. Сондықтан Мемлекет басшысының халыққа Жолдауында айтқан әуе хабтарын дамыту тапсырмасы бүгінгі таңдағы өзекті мәселелердің бірі болып отыр.

Зайсан мен Катонқарағайда әуежайлар салу осы аудандардың ғана емес бүкіл облыстың экономикалық дамуына және шетелдік туристерді тартуға мүмкіндік береді. Ал туризмді сапалы көлік инфрақұрылымынсыз елестете алмайсыз. Бұл салалардың бәрі бір-бірімен тығыз байланысты. Зайсанның қазіргі әуежайы азаматтық авиация талаптарына сай келмейді, сондықтан оны қайта құруды қажет. Біздің аудан Қытаймен шекаралас болғандықтан бұл әуежай көлік-логистикалық хаб құруға өте тиімді. Яғни, Қазақстан мен көрші елдердің туристік, экономикалық аймақтары арасында тікелей әуе қатынасын орнатуға мүмкіндік береді.Зайсандағы бұл әуежай бізбен іргелес қонған Тарбағатай, Марқакөл, Күршім сияқты аудандардың да экономикасына, көлік-логистика саласына оң әсер етеді. Ең бастысы аталған аудандардың туристік әлеуетін толық ашуға мүмкіндік береді, – дейді Аэлита Ахметсәлімқызы.

Оның айтуынша, жаңа әуежайға аудан орталығынан 25 шақырымнан астам жердегі Сәтпай ауылы маңынан 250 гектар жер бөлініп қойған. Бұрын мұнда әскери әуежай болыпты. Қазір аталған нысанның құрылысына қатысты жоспарлау құжаттары әзірленіп жатыр. Алдағы уақытта мұнда жалғыз әуежай ғана емес, жүк сақтайтын қоймалар салынып, жаңа инфрақұрылым жүргізіледі, жол түседі.  

Сурет:©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Әуежай құрылысын келер жылы бастап, жыл соңына дейін бітіреміз деп жоспарлап отырмыз, - деді Зайсан ауданының әкімі.

Иә, Зайсанда салынатын әуежайдың қызметі көршілес аудандардың да туризмін дамытуға оң ықпал ететіні айтпаса да түсінікті. Бұл әсіресе, облыс орталығынан шалғайда орналасқан жаңадан құрылған Марқакөл ауданы үшін жақсы мүмкіндік. Президент тапсырмасына сәйкес облыс басшылығы Марқа өңірінде туристік кластерді дамытуға мықтап кіріскен.

Мемлекет басшысының шекаралық аудандардың туризмін дамыту жөніндегі тапсырмасына сәйкес өңірде кешенді жобалар жүзеге асырылып жатыр. Алдағы уақытта бейінді басқармалар мен аудан әкімдігі бірлесіп Марқакөл ауданының туристік кластерін дамытудың мастер-жоспарын әзірлейтін болады.

Екі ауданды жалғаған «ескі аустриялық жол»

Биыл жазда өңірге Премьер-министр О.Бектенов келгенде Марқакөл мен Катонқарағайдың арасын жалғайтын «Ескі аустриялық жолды» салу үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың жерін босалқы жерлерге ауыстыру тапсырылды.

 

Сонымен қатар Марқакөл көліне дейін апаратын 60 шақырып көлік жолына жөндеу жүргізу қажет. Ол үшін де мемлекеттік орман қорының жерлерін басқа санаттағы жерлерге ауыстыру қажет. Қазір жауапты басқармалар орталық мемлекеттік органдармен бірге осы мәселелерді шешу жолдарын қарастырып жатыр, - деді Шығыс Қазақстан облысының әкімі Ермек Көшербаев.

Аймақ басшысы тілге тиек еткен «Ескі аустриялық жолды» туристерді қызықтыратын нағыз тарихи ескерткіш десе де болады. Өткен ғасырдың 1914-1916 жылдары Бірінші жаһан соғысында аустриялық-чехиялық әскери тұтқындар салған көне сүрлеу табиғаты әсем Марқакөл мен Катонқарағай аудандарын байланыстырады. Ескі жол теңіз деңгейінен 2 мың метр биікте жатыр. Алтайдың зау биігіндегі бұралаң жолды тау қопарып, тас үгітіп салған әскери тұтқындардың дені аустриялық болғандықтан оны жергілікті жұрт «Ескіаустриялық жол» деп атап кеткен. Ғасырлық тарихы бар жол бұл күнде тозып, өзен-сулардың үстінен салынған көпірлер де қирап жатыр. Егер бұл жол жөнделсе Алтайдың алты тәжін көруге асыққан туристердің қатары да еселеп өсетініне жергілікті туроператорлар сенімді болып отыр. Еліміздің түкпір-түкпірінен Шығысқа ат басын бұратын қонақтарға өлкенің тұмса табиғатын тамашалатып, саяхаттатып жүрген жеке кәсіпкер әрі блогер Дарын Ермекұлы «Ескі аустриялық жолдың» жөнделуін тағатсыздана күтетіндердің бірі.

Сурет:©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Сапалы жолсыз туризмді дамыту, туристерді тарту әсте мүмкін емес. Туризм саласында еңбек етіп жүрген 10 шақты жылда менің оған көзім жетті. Иә, Катон мен Марқакөлдің мұрты бұзылмаған көркем табиғатын көру үшін келетін адамдар аз емес, бірақ олардың дені жолдың сапасына сын айтып кетеді. Мәселен, Катонқарағай ауданындағы Берел ауылынан Рахман қайнарына дейінгі 30 шақырым жолмен жүрудің машақатын сұрамаңыз. Жеңіл көлікпен қатынай алмайсыз. Жол талғамайтын «джип» керек. Ал әйгілі Рахманды көргісі келетіндер қаншама. Жолдың қиындығы кедергі болып тұр. Егер Берел мен Рахманның арасына тақтайдай етіп асфальт төсесе, тіпті жолды тегістеп, қиыршық тас төсесе де Алтайтың алтын тәжін көруге ағылатындар саны еселеп өседі, көрде тұр, – дейді Дарын Ермекұлы.   

«Ескі аустриялық жолмен» туристерді жүргізу ұсынысын Дарын бұрыннан айтып келеді. Тарихы бар, тамаша табиғаты бар мұндай жол өзге елде болса баяғыда-ақ табыс көзіне айналдырып қояр еді дейді ол.

Өткен ғасырдағы Бірінші жаһан соғысында аустриялық тұтқындар салған жолдың өзіндік тарихы бар және ол еліміздегі табиғаты көркем Алтайда жатыр. Ескі сүрлеуді жөндеп, жақсылап жарнамасын жасаса саяхатшылар бұл маршрутпен жүруге асығады. Осы идеяны баяғыдан айтып келемін. Өскеменнен шығып Ұлан мен Самар аудандарын басып, Бұқтырма су қоймасынан пароммен жүзіп өтіп, ары қарай «Жердегі марс» аталып кеткен Күршімнің Қиын керішіне тоқтап, әйгілі Марқакөлге шомылып, «Ескі аустриялық жолмен» Алтайды аралап келіп Катонқарағай ауданындағы Оралхан Бөкейдің туған ауылы Шыңғыстайдың төбесінен түссе, содан кейін жолай Үлкен Нарынға тізгін тартып, Алтай ауданындағы туристік орындарға аялдай келіп Өскеменге оралса қандай керемет сапар болар еді. Шеңбер жасаған үлкен бір туристік маршрут дайын, – деген Дарын Ермекұлы Зайсанда жаңа әуежай салынса бұл іргелес Марқакөл, Күршім және Тарбағатай аудандарының туристік әлеуетін ашуға мүмкіндік беретініне сенімді.

Ол түсінікті. Зайсан мен Катонқарағайға ұшақ қатынаса бұл өңірлерге бет түзейтін туристер саны да көбейеді.

Катонқарағайға қандай ұшақтар ұшады?

Ресми деректерге сүйенсек, былтыр Шығысқа 370 мыңнан астам турист келген. Облыс басшылығы бұл көрсеткішті алдағы жылдары екі-үш есеге дейін арттыруды көздеп отыр. Осы орайда өңірге ат байлайтын туристердің біраз бөлігі Катонқарағайға тиесілі екенін айта кеткен абзал. Демек сұранысқа қарай қызметті де лайықты деңгейге көтеру қажет. Сол үшін алдағы бес жылда Катонқарағай ауданының туризм саласында 16,7 миллиард теңгенің 25 жобасын іске асыру көзделіп отыр. Әуежайдың салынуы туризм саласындағы жобалардың жүзеге асырылуын жылдамдатуға ықпал ететіні сөзсіз. Мұны ескерген аймақ басшылысы Катонқарағай ауданының әкіміне облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасымен бірлесіп әуежай құрылысы үшін барлық қажетті құжаттарды әзірлеп, тиісті министрлікке ұсынуды жүктеді. Әуежайға кiреберiс жолдарды жөндеу, қажетті инфрақұрылым тарту және басқа да жұмыстар назарға алынды.

Сурет:©El.kz/Қуан СЕЙІТ

Катонқарағай және Зайсан аудандарында салынатын жаңа әуежай құрылысы «Қазаэронавигация» РМК-нің қаражаты есебінен жүргізіледі. Катонқарағайда әуежайды Солдатов ауылы жанынан салу жоспарланса, Зайсанда ауданында Сәтпай ауылы маңындағы бұрынғы әскери әуежай аумағында бой көтереді. Бүгінде жергілікті атқарушы билік қажетті инфрақұрылым тартуға мүмкіндік қарастырып жатыр. Азаматтық авиация талаптарына сәйкес әуежайлардың ұшу-қону жолының ұзындығы 2 мың метрден кем болмайды. Бұл әуежайлар орта кластағы әуе көліктерін, яғни 80 адамға дейін тасымалдай алатын ұшақтарды қабылдайтын болады. Жоба құны әзірге белгісіз, ол тек жобалау-сметалық құжаттама әзірленген соң анықталады. Жоспар бойынша екі әуежай да келер жылдың соңында салынып бітуге тиіс, – деп түсіндірді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасарының міндетін атқарушы Қуаныш Акрамов.  

Президент тапсырмасына сәйкес жоспар құрылды, жұмыс басталды. Енді нәтижесін күтейік.

Қуан Сейіт
Бөлісу: