Шеберлер сөздігінен

19 Қараша 2014, 07:59

Оқырман қауымға Сейіт Кенжеахметұлының "Жеті қазына" кітабынан тұрмыс-тіршілікке қатысты қазақтың төл сөздерін ұсынып отырмыз.

Оқырман қауымға Сейіт Кенжеахметұлының "Жеті қазына" кітабынан тұрмыс-тіршілікке қатысты қазақтың төл сөздерін ұсынып отырмыз.

Ақсақ темір – бір аяғы ұзын, бір аяғы қысқа циркуль тәрізді өлшеуіш әрі ою салатын құрал.

Бақауыз – темірді соққанда ұстайтын тіссіз аспап.

Бұрғы – ағаш кесетін құрал.

Білтегіш – тоқымашының тоқу құралы.

Жонғы – ағаш жабдығын жонатын құрал.

Көземел ине – жасуы үлкен ине.

Инелік – ау тоқитын құрал.

Тебен – қалың бұйымдар (текмет, киіз) тігетін үлкен әрі жуан ине.

Мәймөңке – ұшы қисық ине. Терме жібін теретін қайқыбас кішкентай ағаш.

Сыдырғыш – өрімшінің өрімді тегістейтін құралы (сүйек, қатты ағаш).

Сояу – талдырма киіздерді жөрмейтін, тігетін иненің бір түрі.

Сүргі – терінің көк етін алатын құрал.

Кескір – темір кесетін құрал.

Көрік – ұстаның шоқ үрлейтін құралы.

Қышқаш – өңделетін, істейтін затты тістеп ұстайтын құрал.

Қашау – ағаш оятын құрал.

Қазиек – соғылатын, қыздыратын темірді ұстайтын құрал.

Қуысқұлақ – жүзі қуыс ағаш оятын құрал.

Түрпі – ағаш мінін алатын бұдырлы темір.

Тескіш – темір, қаңылтыр тесетін ұшты құрал.

Ырғақ – тезден шыққан ағаштарды үлгіге келтіретін қарапайым қалып ретіндегі құрал.

Қақсал ағаш – әбден кепкен, үй жасауға жарамды ағаш.

Мор – қақсал ағашты жұмсарту үшін жер үстіне жасалатын пеш.

Обын – үй ағашын жұмсарту үшін жер астында жасалатын пеш.

Қоз – ағашты жұмсарту үшін от жағатын пеш.

Тез – мор, обын, қоздан жұмсарып шыққан үй ағашын түзететін немесе иетін үйші құралы.

Сықаурын – тездегі ағаштың қисығын жамбасқа салып түзететін өте қатты ағаш.

Талқы – кепкен теріні, көнді, сіріні, ұйысқан жүнді жұмсартатын құрал.

Көк – керегені құрайтын таспа.

Үскі – көк өткізу үшін кереге тесетін құрал.

Дақтау, дембі – шеберлер терминінде (белгілеу) деген сөз.

Борлау – түндік, туырлық төзімді, берік болу үшін ақ бормен, не күйген сүйекпен қырнайды.

«Түйе бел» – ши тоқитын құрал. Мұны «ши құрғыш» деп те атайды.

Сыдық – керегеге салынатын терең сызықтар.

Сарнауық – керегеге сызық салатын аспап.

Көзеу – шаңырақ қаламдығын тегістеу үшін қызған темірмен күйдіру.

Уықтың ығуы мен қыдыруы – уықтың ауытқып кетпеуін осылай атайды.

Шалма – уықтың қыдырмауы үшін барлық уықты шалып өтетін терме бау.

Тістеуік – шеге суыратын құрал.

Қож – ұсталардың скөмір салатын қалағы.

Ілдіргі – тоқымашының құралы (ағаш, сүйек, темір)

Шот – ағаш шабатын құрал.

Нәскүрік – ағашты тегістеп жонатын құрал.

Іскенже – темірді қысып тұратын бұрама ауызды құрал.

Миясар – өнердің бірнеше түрін игерген шебер.

Үй – иленетін терінің жүнін түсіретін ащы сұйық.

Бөлісу: