Шеңбер құрып, қол ұстасып әндету – Чхусок мерекесінің ажырамас бөлігі

9 Қазан 2019, 10:29 3220

Қостанай облыстық корей этномәдени бірлестігі Чхусок - күзгі жиын-терін мерекесін атап өтті.


Қарттар күні қарсаңында өткен мерекелік іс-шараға аға буын өкілдері де қатысты. Іс-шара қонақтарын ханбок (корей халқының ұлттық киімі) киген арулар қарсы алды. Жиналған қауым фотоаймаққа жақындап, суретке түсті.


«Біз қос мерекені қатар атап өтуді жөн көрдік. Корей халқы қазақ халқы сынды үлкенге құрмет танытады, бұл – мәдениеттілігіміздің көрсеткіші. Ал Чхусок мерекесі отбасылық мереке болып саналады. Бірлестік – үлкен отбасы. Сондықтан, бұл мереке барлығымыз үшін маңызды», - дейді бірлестік төрағасының орынбасары Ульяна Ким.


Юрий Ли мырзаның басшылығымен корей бірлестігінің «Енори» би ұжымы «Кангам сулле» биін орындап шықты.


Бұл бидің өзіндік шығу тарихы бар. Ли әулеті билік құрған кезеңде Корея еліне жау шаппақ болады. Барлық әйелдер әскери киім киіп, тауға шығып, қол ұстасып, шеңбер құрып жүреді. Осының арқасында дұшпандар корей халқының мықтылығын көріп, кері шегінеді. Ал «кангам сулле» Чхусок мерекесінде орындалатын биге айналады.


Корей халық әндерінің «Ен-коди» хоры әннен шашу шашып, тыңдармандардың көңілдерін бір марқайтып тастады. Жастар барабанда ойнаса, София Ким есімді жас өнерпаз әуезді әнін паш етті. «Эстель» шоу-балетінің және «Динамика» би мектебінің бишілері көрермендердің қошеметіне бөленді. 


Бөлісу: