Ақтөбеде экс-әйелін қылқындырып өлтіріп, денесін балалардың ортасына тастап кеткен 27 жастағы ер адам 11 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Ақтөбе облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында «Адам өлтіру» бабымен тергелген іске үкім шықты. Айыпталушы Х. Қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 11 жылға сотталды.
Сот жәбірленуші тараптың 25 млн теңге өндіріп алу туралы талап арызын ішінара қанағаттандырды.
Жәбірленуші тарап сот үкімімен келіспейтінін айтты. Олар сотталушының әкелік құқынан айыруға арыз түсіретінін айтты.
Айта кетейік, марқұм 26 жаста болған Айбанудың артында 6,5,3 жастағы балалары қалды. Қайғылы оқиға Темір ауданы Шұбарши ауылында болған. Бұрынғы күйеуі Айбану Сағымбаеваны тыныс алуы тоқтағанға дейін 2 минут аралығында оң қолымен тұншықтырып, қысып ұстаған. Сот-медицина сараптама қорытындысына сәйкес әйелдің қайтыс болуы себебі механикалық асфиксия деп танылды.