«Шай қойып тұрғанда қылқындырған». Экс-күйеуі 3 баланың анасын қалай өлтіргенін айтты

22 Мамыр, 16:50 12772

Ақтөбеде бұрынғы әйелін қылқындырып өлтірген айыпталушы сот алдында жауап берді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Оның сөзінше, ол Айбануды өлтіремін деп ойламаған, керісінше үйге қайта қосылу мақсатында келген.

Ауылға 00:30 шамасында кірдім. Жолда дүкенге соқтым. Шамамен 00:40 шамасында үйдің терезесін қақтым. Есікті Айбанудың өзі ашты. Кіргізді. Құшақтадым. 20 минуттай сөйлестік. Үш күн бұрын да ол ауылға бардым. Арамыз жақсы болып келе жатты. Оған Аралдағы маманың үйіне немесе қаладағы пәтерде тұрайық, қосылайық деп айттым, - дейді айыпталушы.

Алайда бұрынғы әйелі ешқайда бармайтынын, тұрғысы келсе осында келуін сұраған.

Айқай болды. Шәйнектің қасында тұрғаны есімде. Әрі қарай не болғаны есімде жоқ. Мен қатты ашуландым. Үйден қалай шығып кеткенім есімде жоқ. Таңертең бірінші Айбануға жаздым. Ол жауап берген жоқ. Сездім. 5 жастағы қызыма хабарласқанда «мама өлді» деп жылап жатты. Үлкен қызыммен сөйлестім. Нағашы апаларына хабарласуды сұрадым. Сол күні түстен кейін шығып бардым, - дейді ер адам.

Өзінің өлтіру ойы болмағанын айтқан айыпталушы таксиді неге ауыл сыртына қалдырғанын былай түсіндірді.

Таксиді қонып қалсам, жіберемін деп ойладым. Қонбасам, қайтамын деп ойладым. Бәрі ашумен болды. Мойындаймын, – деді айыпталушы жауабында.

Айта кетейік, ер адам Айбану Сағымбаеваны тыныс алуы тоқтағанға дейін 2 минут аралығында оң қолымен тұншықтырып, қысып ұстаған. Сот-медицина сараптама қорытындысына сәйкес әйелдің қайтыс болуы себебі механикалық асфиксия деп танылды. 

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: