Шаштараз табысты мамандық па? Кәсіп иесінің бір күні

2 Маусым 2023, 13:05 10737

Біз бас сұққан шаштараз шағын болса да кіріп-шығып жатқан кісі саны көп екен. Кірген бойда әлгінде ғана телефонмен сөйлесіп, кездесуге келіскен Әлімжанға көзіміз түсті. Кезекті тұтынушының шашын ерекше үлгімен алып жатыр екен.

Шашын қысқартып отырған жігіт те біздің келген мақсатымызды екеу-ара әңгімеден түсініп, Әлімжанның шеберлігі туралы айта бастады.

Басымның формасы әдеттегі шаш үлгілеріне келмейді. Сондықтан осылай өзіміздің азиаттардың басына жарасатындай етіп алдырамын. Айына екі рет келемін. Келіп жүргеніме алты жылдай уақыт болды. Өйткені көңілімнен шығады. Жай ғана алдына келіп отырасың, артық сөздің қажеті жоқ. Шаш үлгім көп шаштараздарға қиын болған соң үйден алыс болса да осында келемін. Әлімжан туралы бір досымнан естігем. Бірінші рет келгенде түсіндірдім, одан бері де алты жыл өтті, - деді Ерсін.


©El.kz/Арман МУХАТОВ

Ерсіннің бұл сөзін Әлімжан да құптай сөйледі.

Расымен бұл кісінің шаш үлгісі өте қиын. Шебер шаштараз болмаса, мұндай үлгіні көбісі ала алмайды, - деді ол. 


©El.kz/Арман МУХАТОВ

Бұдан кейін Әлімжанның алдындағы орындыққа басқа тұтынушы келіп отырды. Жасы отыздар шамасындағы жігіт бес жыл бойы Әлімжанға шаш алдырады екен.

Әлімжаннан қазір қандай шаш үлгісі сәнде екенін сұрадық.

Қазақстанда заманауи шаш үлгісі сәнде. Шаштараздар арасында «ұзартылған креатив» деп аталатын шаш үлгісі бар. Осы үлгілерді дамытып жатырмын. Шаш үлгілерін әр адамның талғамына, бет пішініне байланысты өзгертіп, жаңа шаш үлгілерін жасап жатырмын. Шаштараз мамандығы – шығармашылық жұмыс деп айтуға болады. Себебі мұнда да ізденіп, өзімді жетілдіріп отырамыз. Шаш үлгісі туралы кітаптар оқимын. Мәскеуге барып оқып келдім. Үнемі жетіліп отырмасаң, сұранысқа ие болмай қаласың, - деді ол.

Әлімжанның айтуынша, шаштараз – сұранысқа ие мамандықтың бірі. Әрі табысы да жаман емес.

«300 мыңнан 500 мың теңгеге дейін табыс табамын. Табысты мамандық деп айтуға толық негіз бар. Көбісі ақшаға қызығып келеді де қайтадан кетіп қалады. Өйткені жұмыс ауыр. 11 сағат бойы тік тұрып жұмыс істейсіз», - деді маман.

Шаштараз болу Әлімжанның бала кезден армандаған мамандығы. Сондықтан да ол бұл саладан кетуді емес, керісінше мамандығымды жетілдіруді ойлап тұрады.

«Басында біраз қиындықтар болады. Жақындарымның, достарымның шашын тегін немесе арзанға қиып жүрдім. Сөйтіп-сөйтіп үйреніп кеттім. Қиын деп, қиындықтан қаша беруге болмайды. Еңбек бар жерде зейнет бар. Бір жағынан өзің жақсы көріп тұрған соң, қиындығын сезе қоймайсың. Болашақта өзімнің шеберлік академиямды ашып, сосын шәкірттерімді жинақтап, үлкен шаштараз ашамын, деп ойлап жүрмін. Қазір осы орынды табысымның 50%-ын беріп, жалға алып отырмын», - деді ол.

Қазір елімізде бизнес қолдауға арналған түрлі бағдарламалар бар ғой. Соларға  өз жобаңызды ұсынып көрмедіңіз бе?

Өзіме қазіргі жұмыс істеу тәсілім ыңғайлы. Қажетті құрал-жабдықтың барлығын жалға беруші алып береді. Мен тек жалға алу құнын ғана төлеймін.  Егер кәсібімді кеңейтсем, бірден үлкенін ашқым келеді. Ал шаш қиюға қажетті құрал-жабдықты Үкіметтің көмегімен алып, тек шаш қиятын орынды ғана жалға алам десем, олар келіспейді. Мұндай жерді сатып алуға гранттың ақшасы жетпейді.


©El.kz/Арман МУХАТОВ

Біз отырған біраз уақыттың ішінде Әлімжанға оншақты адам келді. Бәрінің шаш үлгісін жаттап алғандай.

«Клиенттердің көңілінен шығуға тырысамын. Шаштараз бір жағынан психолог та болуы керек. Ер адамдар салқын қанды ғой. Онша эмоцияға беріле қоймайды. Кейде кешігіп келіп, кестеде бос орын болмай қалатын кездер болады. Сондай кездерде шу шығып кетіп жатады», - деді ол.


©El.kz/Арман МУХАТОВ

Кейде психолог болып кетіп жататын кезіміз болады дедіңіз. Клиенттер ашуланып келіп, ашуын сіздерден алатын кездер бола ма?

«Жоқ. Ондай жағдай болған емес. Негізі бізге қарағанда әйелдердің шашын алатын әріптестеріме қиындау. Ол жерде күнде шу. Олар психологиялық кабинет сияқтымыз деп айтып жатады. Клиенттердің эмоцияларымен өмір сүреді. Сізге қызық болатын ақпараттар осы қызда бар», - деді ол күліп.

Осыдан кейін Әлімжанның әріптесі Айгүлді де әңгімеге тарттық.

«Адамдар қызық қой. Оның ішінде, әйелдер қауымы тіпті бөлек. Көбісі көңіл-күйі түскенде, психологқа емес, салонға келіп жатады. Әдемі болып кетсем, көңіл-күйім көтеріледі дейді. Бір анасы қайтыс болған клиентім болды. Арада бір жыл уақыт өтсе де депрессияның тырнағынан шыға алмаған. Отбасы, балалары бар екен. Келген сайын анасын сағынып жүргенін, өмірдің дәмін сезе алмайтынын айтады. Отбасыңа көңіл бөл, ауыр қайғыны жіберіңіз деп кеңесімді бердім. Кейін бір келгенінде менің сөздерім жанына медет болғанын айтты. Ондайда қуанып қаласың», - деді ол.  

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: