Қазақ тарихының өткен жолдарына қарасақ, ел мен жұрттың ортақ ұранына айналған баһадүр батырларымыз аттың тұяғымен, найзаның күшімен Қазақ мемлекеттілігінің құрылып, қалыптасуына, оның іргесі бөлінбей, аумағы тарылмай, шекарасы шашырамай тұтас қалпында бүгінге жетуіне үлес қосқан.
Жеке басынан жалпақ жұрттың, атаның намысынан жалпы ұлттың, от басынан байтақ отанның мүддесін жоғары қоя білген, сол жолда басын бәйгеге тіккен қолбасшылардың бірі – Шанышқылы Бердіқожа батыр (1708-1786 жж.).
Қазақ халқының жоңғар шапқыншылығына қарсы жүргізген «Отан соғысында» қолбасшылар арасында Бердіқожа батырдың айрықша аталуының қисыны бар. Тарихи мәліметтерде Бердіқожаның ержүрек қолбасшы, шебер мәмілегер, қабілетті елші болғанын аңғарамыз.
Шежіреші Мәшһүр-Жүсіптің: «Шанышқылы Бердіқожа – Абылай заманындағы ең сенімді батырлардың бірі» деген сөзі оның ханның хас батыры болғанын дәлелдесе керек. Бердіқожа батыр тек көзсіз батыр ғана емес, сонымен бірге Төле биден кейінгі үлкен саяси қайраткер, ұлы қолбасшы мәртебесінде құрметтелген. Абылай хан Бердіқожа батырсыз Хан кеңесін өткізбеген, жорыққа да шықпаған.
Бүгінгі таңда, батыр жайлы бізге 180-ге жуық ғылыми дерек көзі белгілі. Бүгінге дейін Бердіқожа батырдың өшпес ерліктері мен өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі етіп, оларды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мақсатында көптеген жұмыс атқарылды.
Батырмен жорықтас, үзеңгілес болған Қарасай, Қабанбай, Бөгенбай, Райымбек, Жәнібек сынды батырлардың есімдері Қазақ елінің көп қалаларындағы көшелерге, білім мен мұражайларға беріліп жатқанда Бердіқожа атының ешбір жерде аталмауы көңілге қаяу түсіреді.
Шанышқылы Бердіқожа батырдың өшпес ерліктері мен өмір жолын өскелең ұрпаққа үлгі етіп, оларды отансүйгіштік рухта тәрбиелеу мақсатында бүгінде азды-көпті жұмыс жасалды. Нақтырақ айтқанда: «Шанышқылы Бердіқожа батыр» атты кітап жарық көрді; Айтулы ақын Н.Айтұлының «Бердіқожа батыр» поэмасы елге жарияланып, оның аудио нұсқасы дайындалды; Батырдың бейнесін қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді; Қайта жерлеу рәсімі өткізілді; Батыр кесенесінің жобасы дайындалды, арнайы berdeke.kz веб-сайты мен қоғамдық қор ашылды; Деректі фильмдер түсірілді.