Шанхай Ұйымына мүше елдер білім жүйесінің басым бағыттарын талқылады

21 Қазан 2018, 11:46 2223

Мемлекет басшысы Қазақстан Орталық Азия елдерінің білім беру хабына айналуы тиіс дейді.  

Бүгінде еліміздің жоғары оқу орындарында 18 мыңнан астам шетелдік студент оқып жатыр. Құзырлы органдар 2020 жылы олардың қатарын 5 пайызға дейін арттыруды көздейді.

Шанхай ынтымақтастығы ұйымы мүше-елдерінің ұлттық білім жүйесін дамыту мен жаңғырту және 2019-2020 жылдарға арналған ынтымақтастықтың басым бағыттары, ШЫҰ Университеттерінің Концепциясы, орта кәсіптік білім беруді жаңғырту туралы Астана қаласында өткен ШЫҰ мүше-елдерінің білім министрлерінің Жетінші Кеңесінде Қазақстан тарапы осы мәселеге басымдық берді.   

Шара ҚР Үкіметінің, ҚР Білім және ғылым министрлігінің, ҚР Сыртқы істер министрлігі мен ШЫҰУ-і ректоратының және ҚР ШЫҰУ бас университеттерінің ықпал етуімен ұйымдастырылды. Кеңеске Қазақстан, Үндістан, Қытай, Қырғыз, Пәкістан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан мен ШЫҰ тараптарының Білім министрлері мен өкілдері қатысты.

Кеңеске төрағалық еткен ҚР Білім және ғылым министрі Е. Сағадиев  кеңес барысында бірнеше маңызды бағыттағы жұмыстар талқылану жоспарланғанын, мұның барлығы ШЫҰ мүше-елдері балаларына болашақта бәсекелестік ортада сапалы жұмыс істеуге мүмкіндік беретін білім беру үшін, аталмыш елдердің білім беру жүйесінің бір-біріне жақын болуы үшін жасалып отырғанын тілге тиек етті.

«ШЫҰ университеті – ШЫҰ мүше-елдердің негізгі базалық жоғары оқу орындарының жүйесі. ШЫҰУ жеті дайындық бағыты бойынша бірлескен магистрлік білім бағдарламаларын - өлкетану, экология, энергетика, IT-технологиялар, нанотехнология, педагогика, экономика бойынша тиімді іске асыруда. Бүгінгі таңда Қазақстанның 6 университеті ШЫҰУ аясында елдер арасында студенттер алмастыруға қатысады. Шетелдік оқу орындары қазақстандық студенттерге 40 мың грант бөліп отыр. Жыл сайын Қытай, Ресей, Жапон елдері гранттар санын көбейтіп келеді. Ал біздің елде биыл 18 мыңға жуық шет ел студенттері білім алуда. Ендігі жұмыс – Қазақстанға жыл сайын 40 мың студент әкелу», - деді білім министрі.

Білім саласының маңызды мәселелері қарастырылған шарада делегация басшылары 2018 жылдың маусым айында Циндао қаласында өткен ШЫҰ мүше-елдері басшыларының отырысында қол жеткізілген уағдаластықты іске асыруды қамтамасыз ету мәселелеріне бірінші кезекте назар аударды. Онда оқытушылар мен студенттерді алмастыру аумағындағы ынтымақтастықты екіжақты және көпжақты форматта одан әрі дамыту, бірлескен ғылыми жұмыстарды, академиялық сапарларды, тілдік курстарды жүргізу, кәсіптік оқыту мен жастарды алмастыру мәселелері қамтылған болатын.

«Қазіргі таңда Қазақстанның білім беру жүйесінде тың өзгерістер орын алуда. Сабақ берудегі өзгешеліктерді де атап кеткен жөн. Әсіресе, бізді тілдік оқытулардағы, оның ішінде ағылшын тілін оқытудағы тәсіл қызықтырды. Ресей және Қазақстан университеттері арасындағы байланыс та жақсы дамып келеді. Біз енді білім беру бағдарламаларындағы ынтымақтастықты ғана емес, сонымен бірге профессорлар және оқытушылар алмастыру аумағындағы келісімді ұзарту арқылы зерттеу зертханаларын құруды да біріздендірсек, жақсы болар еді.

Бүгінгі таңда жалпы білім әлемі, білім беру жүйесіне қойылар талап өзгерді. Бізге сандық экономиканың бүгін жүзеге асырылып отырған білім беру бағдарламаларына қандай өзгеріс әкелерін түсіну маңызды. Ал көп нәрсенің өзгерері анық. Сонымен бірге, қазіргідей ақпараттық қоғамда баланы ақпараттар ағынынан өзіне қажеттісін іріктеп алуға, олармен жұмыс істеуге үйрету - үлкен сынақ, ал ол педагогтерге артылып отыр», - деді Ресей Федерациясы Ғылым және жоғары білім министрінің орынбасары М. Боровская кездесу барысында.

Кеңес қатысушылары кездесу барысында ұлттық білім беру жүйелерін жаңғырту бойынша өткізілетін іс-шаралар туралы ақпарат алмасуды министрлік арасында да, ЖОО арасындағы ынтымақтастық шеңберінде де, ректорлар форумында, ғылыми конференциялар мен ғылыми-педагогикалық және студенттік симпозиумдарда кеңейтуді орынды деп таныды.

2017-2018 жылдардағы кезеңде 2006 жылғы 15 маусымдағы білім беру аумағындағы ынтымақтастық туралы ШЫҰ мүше-елдерінің үкіметтері арасындағы келісімді іске асыру бойынша Іс-шаралар тізбесінің сәтті іске асырылғанын тілге тиек етті.

ШЫҰ бас хатшысының Бейжің қаласында ШЫҰ Хатшылығы жанындағы ШЫҰ елдерінің «Жастар лигасын» құру бойынша бастамасын мақұлдап, хатшылықтың «ШЫҰ моделі» интерактивті ойыны мен «ХХІ ғасырдың көшбасшысы» конкурсын өткізу бойынша жұмысына оң баға берді және «ШЫҰ жастары лаңкестік пен экстремизмге қарсы» атты ШЫҰ елдерінің жастар Ассамблеясын өткізу туралы ұсынысын қабыл алды.

Делегация басшылары білім қызметкерлерін ынталандыруға, олардың мінсіз жұмысқа қызығушылықтарын арттыруға, кәсіби деңгейін жоғарылатуға, өзінің қызметтік міндеттерін дер кезінде, сапалы әрі ерікті орындауға бағытталған «ШЫҰ білім беру жүйесінің «Құрметті жұмысшысы» туралы құжаттарды әзірлеудің маңыздылығын да атап өтті.

Душанбе қаласында 2018 жылдың 22-23 қарашасында «Шексіз білім беру» атты ХІІ Білім аптасын өткізуге дайын екендіктерін айтқан жиын қатысушылары 2019 жылы Қырғыз Республикасында «Шексіз білім беру» ХІІІ Білім аптасын өткізу идеясын қолдап, ШЫҰ Ресей Федерациясының төрағалығы шеңберінде ШЫҰ мүше-елдерінің білім министрлерінің сегізінші кеңесін Ресейде өткізуге уағдаласып, тарқасты.

Білм саласындағы елдер арасындағы ықпалдастық, мәдени-ағарту саласындағы байланысты нығайта түсетіні анық.

Нұргүл ҚАЛИЕВА

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Бөлісу: