Шанхай ынтымақтастық ұйымының жұмысы - ауқымды - саяси сарапшы

28 Маусым, 09:30 985

Алдағы 3-4 шілде күндері Астанадағы Тәуелсіздік сарайында Қазақстанның төрағалағымен Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті өтеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев самитті «Көпжақты диалогті нығайту – орнықты бейбітшілік пен дамуға ұмтылу» тақырыбында өтетінін нақтылап өтті. Осыған орай, Еl.kz ақпарат агенттігінің тілшісі саяси сарапшы Айдар Амребаевпен тілдесіп, саммитке қатысты пікірін білді.

Шанхай ынтымақтастық ұйымының негізгі ережелеріне сәйкес, «Шанхай рухы» деген ұғым бар. Ол - қарсыластықтың емес, ынтымақтастықтың рухы деген мағынаны білдіреді.  Мүше мемлекеттер бірауыздан белгілі бір шартқа келісім беру керек дегенге саяды. Онсыз шешім қабылданбайды. Рас, ШЫҰ құрамында алпауыт, мықты мемлекеттер бар. Ұйым Орта Азиядағы негізгі мәселелерді шешуге бағытталған. Әр мүше мемлекет өз мүдделерін көздейді. Негізі ШЫҰ жағдайы толықтай көңіл көншітерлік деп айта алмаймын. Жағдайды өзгерту үшін жаңа әдістер мен жаңа регламентті жасақтау қажет. Сол тәртіп бойынша келісімге келсек, ұйымның болашағы жарқын болары сөзсіз. Беделді ұйымдардың қатарына ілігуі әбден мүмкін,-деп түсіндірді ол.

Сарапшының айтуынша, Орта Азияға қатысты ортақ бір мәмлеге әлі де қол жеткізілмеді. Әйткенмен, Қазақстан ШЫҰ-ға кіргелі біраз мәселелер шешімін тапқаны рас.

Қытай мен Қазақстан арасындағы шекара мәселесін шешіп алдық. Делимитация мен демаркация процесін абыройлы атқардық. Осыдан кейін «үш қауіпке» қарсы шараларды да бірлесіп, шеше білдік.  Әсіресе Орта Азия елдері, Қытай мен Ресей бірлесіп, маңызды мәселелерді ортаға салдық. Ташкентте орналасқан Аймақтық терроризмге қарсы құрылым тағы бар. Олар ұйым тарапынан терроризм мен экстремизмге қарсы шараларды атқарып жатыр. Аты аталған әр ұйымның тиімді және кемшін тартқан тұстары болатыны белгілі. Ал Шанхай ынтымақтастық ұйымының жұмысы қауіпсіздікке ғана бағытталған дей алмаймыз. Ол экономикалық, әлеуметтік, гуманитарлық, мәдени мәселелерді де талқыға салады. Сол себепті ұйымның даму процессінде кемшіліктер де, ұтымды жақтары болатынын ұмытпаған жөн,-дейді Айдар Амребаев.

Айнұр Оспанова
Бөлісу: