Шанхай ынтымақтастық ұйымы әскери блок емес – СІМ

31 Мамыр 2023, 16:00 1447

Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыш бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді. Оның сөзінше, ШЫҰ ешкімге қарсы құрылған ұйым емес, деп хабарлайды El.kz  ақпарат агенттігі.

ШЫҰ әскери блок емес, ұйымның ашықтығы мен ешкімге қарсы бағытталмауы оны әрі қарай дамытудың негізгі қағидаттарының бірі болып қала береді, - деді Қанат Тумыш.

Сыртқы істер министрінің орынбасары Қанат Тумыш Шанхай ынтымақтастық ұйымы жұмысының негізгі бағыттары, Қазақстанның ұйымдағы рөлі мен болашағы туралы айтты. Ол ШЫҰ өңірдегі және әлемдегі беделді көпжақты құрылым екенін атап өтті.

Мүше мемлекеттердің ортақ күш-жігері халықаралық құқықтың үстемдігі, БҰҰ жарғысы негізінде жан-жақты, тең құқылы және сындарлы ынтымақтастыққа бағытталған, - деді ол.

Ол сондай-ақ ШЫҰ әскери блок емес екенін, ұйымның ешкімге қарсы бағытталмауы оның одан әрі дамуының негізгі принциптерінің бірі болып қала беретінін атап өтті.

Соңғы жылдары әлемдік және өңірлік проблемаларды шешудегі тиімді көпжақты тетіктердің рөлі тұрақты түрде артып келеді. Туындаған сындар мен қауіптерге тиісті жауап беру үшін нақты тексерілген тәсілдер қажет. Жиырма жылдан астам уақыт бойы Шанхай ынтымақтастық ұйымы мұны көрсетіп келеді. ШЫҰ негіздерін, бірінші жағынан, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Тәжікстан, ал екінші жағынан Қытай қалаған болатын. Олар осыны екі құжат шеңберінде жасады, - деді ол.

Біріншісі – «Шекара ауданындағы әскери саладағы сенім шараларын нығайту туралы» атты Шанхай келісімі, ал екіншісі - «Шекара ауданындағы қарулы күштерді өзара қысқарту туралы» атты Мәскеу келісімі.

Осы екі құжаттың аясындағы уағдаластықтар 2001 жылғы маусымда Шанхайда Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан көшбасшылары тарапынан жаңа бірлестік – ШЫҰ құру туралы тарихи шешімін қабылдауға сындарлы үлесін қосты. ШЫҰ – Қазақстанның сыртқы саясатының негізгі бағыттарының бірі. ШЫҰ-ның жасампаз күн тәртібі әлемдік саясатты дамытудың қазіргі турбулентті жағдайларында барынша сұранысқа ие,- деді ол.

Оның сөзінше, басты назар – халықаралық құқықтың үстемдігі, БҰҰ жарғысы негізінде жан-жақты, тең құқылы және сындарлы көпжақты ынтымақтастыққа бағытталған.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: