Шалқар ауданындағы жолды су басу қаупі сейілді

18 Наурыз, 23:47 820

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ жолаушыларға маңызды мәлімдеме жасады, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

2024 жылғы 18 наурыз күні, сағат 18:00-де, Шалқар ауданында республикалық маңызы бар «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» автомобиль жолының 232-шақырымында (Шалқар қаласынан 20 км) қар еру мен ағынды су мөлшерінің көбеюі, сондай-ақ, мұнай құбырын күтіп-ұстау жұмыстары салдарынан жол жабынын су басу қаупі пайда болды.

"ҚАЖсервис" ЖШС (ЖПУ-13 Шалқар) Ақтөбе филиалының 9 қызметкері 4 бірлік арнайы техника мен 300 қап құм арқылы су тасқынын тоқтату бойынша жедел шаралар ұйымдастырды. Жолшылардың бірлескен жұмысының нәтижесінде сағат 19:00-ге таяу су басу қаупі жойылды, ал А-26 «Қандыағаш-Ембі-Шалқар-Ырғыз» автожолында қауіпсіз қозғалыс қамтамасыз етілді.

Аталмыш жол учаскесі тек былтыр ғана республикалық маңыздағы автожолдар санатына ауысқан.

Біз осы мәселені жылдам шешуге ат салысқан барлық мамандарға, олардың кәсіби біліктіліктері және қоғамдық қауіпсіздікті сақтаудағы еңбектері үшін алғыс айтамыз, - делінген ақпаратта.

Зарина Арман
Бөлісу: