Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.
Облыс әкімінің айтуынша, өңірде жиі талқыға түсетін тақырыптың бірі – дәрігер тапшылығы. Мұның алдын алу мақсатында аймаққа өзге өңірден білікті және оқуын енді аяқтаған жас мамандарды тарту үшін бір реттік үстемақы тағайындалған. Оның көлемі өткен жылмен салыстырғанда екі есеге көтерілген.
Ауылдық жерге барып жұмыс істеуге келіскен дәрігерге 10 млн, аудан орталығында қызмет етемін дегендерге 8,5 млн теңге, ал облыс орталығында еңбек еткісі келгендерге 5 млн теңге көмек көрсетілді. Нәтижесінде осы жылы 140 дәрігер жұмысқа қабылданды, – деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.
Сондай-ақ биыл Атырауда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 4 медициналық ғимарат ашылған. Жыл соңына қарай 12, келер жылы екеуінің құрылысы аяқталып, халық игілігіне берілмек. Бұдан өзге жобадан бөлек, биыл жергілікті бюджет есебінен 7 нысан тапсырылғанын атап өтті.