24 Қазан 2018, 08:57
Ел іші есімін мақтаныш етер ұл мен қызға кенде емес. Тәубе дейік, Қазақстан егемендік алып, өз алдына тәуелсіз елдің отауын құрған уақыттан бері халықтың мерейін арттырған жаңа ұрпақ өсіп шықты.
Олардың есімдерін қалың бұқараға таныстыратын, ұрпаққа үлгі ететін сәт те жеткен секілді. Елбасының «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы туралы идеясы сәтті жүзеге асуда. Біз өз жерлестерімізбен мақтандық, оларды үлгі еттік, соларға ұқсауға тырыстық. Шетелдің «анимациялық батырларына» елтіп, солардың дауысын салып, киімін ертеңгілікке киемін деп қиғылық салатын балауса ұрпақ ертең өз батырларымызды идеал етіп, соған ұқсаймын деп ұмтылса, елдің елдігінің, ұрпақтың сабақтастығының сақталғандығының белгісі сол болмайтын ба еді?! Сондықтан, «100 жаңа есім» жобасына енген әрбір қазақстандықтың есімі қалтарыста қалмауы керек, олардың еңбегі, жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар еткен қадір-қасиеті, азаматтық позициясы мен адамгершілік идеалдары ұрпақ санасында қайта-қайта жаңғыртылып, насихаттала беруі тиіс.
Бүгін оқырман назарына ұсынылған жаңа есім - өткен жылғы жобаның жеңімпазы, спортшы, кәсіпкер Шахан Жолдасбаев. 26 жасында көлік апатына ұшырап, қарға адым аттауы мұңға айналған апталдай азаматтың өмір жолы, жеңген қиындықтары мен алға қойған мақсаттары туралы оның сұқбатынан оқып біле аласыздар.
Ол жүзуден халықаралық спорт шебері, бірнеше республикалық, халықаралық додалардың жүлдегері. Сонымен қатар ол жуырда ғана Индонезияның Джакарта қаласында өткен Азия Паралимпиадалық ойындарында қола медаль қанжығалап қайтқан болатын.
- 100 жаңа есім идеясы – қазақстандықтар идеал етер тұлғаларды ел ішінен іздеу болып табылады. Сіз есіміңіз бүгін замандастарыңыз үшін идеал ретінде ұсынылғанын, оның салмағын сезінесіз бе, жауапкершілігі қандай?
- Осындай жоба басталғанын естігенде, расында, бізге өзгелердің супербатырларының қажеті қанша, халыққа үлгі ететін өз азаматтарымыз да жетеді деп ойладым. Шынымды айтсам, бұл жобаға қатысамын деген ой менде тіпті болмады. Жобаға менің де есімімнің енгізілгенін және маған халық дауыс бергенін естіген уақытта, бірінші кезекте оның жауапкершілігінің жүгі ауыр болатынын сезінгендей болдым, мен үшін бір уақытта үлгі болған адамдар секілді мен де біреулер үшін үлгі боламын деген ойдың жауапкершілігі бірден аңғарылады екен.
Өзімнің жеке кәсібімді ашқанға дейін мен «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры» Қоғамдық ұйымында жұмыс жасағанмын. Студенттермен жігерлілік сабақтарын өткізіп, онда өз өмірімізді мысалға келтіріп, ешқашан қиындыққа берілмеу керектігін айтатынбыз. Ал жоба қатысушысы болғаннан кейін, мені мұндай кездесулерге тұлға ретінде шақыра бастады, мен енді олармен өзімнің табысқа жету жолыммен бөлістім. Өзімнің өмірім, ойым, бүгінгі жеткен табысым мен жеңген жеке қиындықтарым туралы айтамын, біреулер үшін бәлкім табысты адам болып көрінетін де шығармын.
Жалпы, бизнестегі табыстылық немен өлшенеді? Жеке басым орасан пайда тауып, байып кеттім деп айта алмаймын. Белгілі бір деңгейде табысқа жеткенім рас, бірінші кезекте өзімді, ішкі үрейім мен сенімсіздікті жеңдім, менің табысым – менің отбасым, туғандарым, достарым, әріптестерім, мені алға ұмтылдыратын адамдар. Мен мықтылықты солардан үйрендім.
Президенттің «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасы ел ішінде үлкен серпін мен қолдауға ие бастама болды деп ойлаймын. Оның екінші кезеңінің басталғанын естіп, шын қуандым. Елбасы маған сенімділік берді, мен секілді күллі қазақстандықтар үшін ол тәуелсіз үлкен жобаларға, жеке мүмкіндіктерге жолдама берді. Біз қарадан шыққан қарапайым адамбыз. Егер Елбасының осы жобасы болмаса, бізді күллі қазақстандықтардың тануы да неғайбыл еді. Елдің әрбір азаматы, өсер ұрпағы өздерін жеңе алған, кедергілерден өте алған адамдардың жетістіктерін, табысын, жоқтан бизнес жасаған кәсіпкерлердің тәуекелін, мықтылығын, медицина саңлақтарын, ұстаздар мерейін, спортшылардың еңбегін, бейбіт күннің батырларының ерлігін білуі керек деп ойлаймын. Олар сол жандардың өміріне, ұстанымына, еңбегіне қарап, өз алдына мақсат қояды, жетуге ұмтылады.
- Президентпен кездесуде не сезіндіңіз?
-Бұл кездесудің менің өмірімде бір із қалдырғаны анық. Кездесу кезінде қатты толқыдым. Себебі, бұл сәтті көп күткен едім, соған тырысқан болатынмын, бәлкім, бұл тағдыр болар. Мен апатқа ұшырағанға дейін қоршаған ортаны қорғау министрлігі жанындағы мемлекеттік кәсіпорында жұмыс жасадым. Іссапармен Ақордаға жолым түсті. Еліміздің бас ордасына көтеріліп келе жатып, егер Президентпен кездесіп қалсам, не істер едім деген аңғалдау ой келді. Әрине, мен оны сол уақытта дәлізде немесе кеңсенің алдында кезіктірген жоқпын. Бұл мүмкін емес еді. Алайда, Ақордаға Президент қызмет ететін жерге келуім маған бір бөлек күш, тіпті арман сыйлады. Мен әйтеуір бір күні Президентпен кездесіп, одан лайықты баға алу үшін еңбек етемін деп шештім. Ол уақытта мен өз тағдырымды мемлекеттік қызметпен байланыстыратынмын.
Арада тура он жыл уақыт өткен соң, мен шынымен Президентпен кездестім. Ол менімен амандасып, жұмысыма ризашылығын білдірді, табыс тіледі. Бұл мен үшін аса қуанышты сәт еді. Мақсат, егер өзі соны шын көңілімен қаласа, қандай жағдайда болмасын, қолжетімді екеніне көзім жетті. Елбасымен кездесу менің өз ісіме деген сенімділігімді айғақтай түскендей болды. Шын мәнінде қоғамға қажетті іспен айналысып жүргеніңді сезіну, білу және сол үшін бағалану үлкен бақыт деп білемін. Мен сол арқылы алдыма үлкен мақсаттар қойып, соған жетуге ұмтыла беру керек екенін түсіндім.
- Атақты болу сізге не берді, атақтан кейін не өзгерді?
- Бұл жобаға қатысу мен үшін не берді дейсіз ғой, ия рас, адамдар көшеде көргенде, танып жатады. Жылыұшырап, кейбіреулері ризашылықтарын да білдіреді. Алайда, менің алдымнан барлық есіктер айқара ашылды деп айтсам, мұным өтірік болар еді. Қай уақытта да адам өз еңбегінің жемісін көруі тиіс. Абырой-беделге де, атақ-құрметке де, жақсы өмірге де тек адал еңбек пен өзіңнің ішкі сеніміңнің, күш-қайратыңның арқасында қол жеткізесің.
- Сіз спортшысыз. Спорт - бәсеке. Үнемі алға, бірінші болуға ұмтылу. Бизнесте де солай ғой. Сонда сіздің мінезіңіз қандай, бойыңыздан көшбасшылық байқайсыз ба?
- Өзімді көшбасшымын деп жариялай алмаймын. Алайда, меніңше барлық кәсіби тұрғыда қалыптасқан саналы адам өзін жақсы жағынан көрсетуге, бастамашылдық білдіруге ұмтылатын секілді. Мен де табысты болуға тырыстым, бизнесте де, спортта да жатпай-тұрмай сол үшін еңбек еттім. Генерал болуды армандамайтын солдат жоқ демей ме, сол секілді, кез келген спортшы олимпиада ойындарының жеңімпаздар тұғырында тұруды армандайды.
Бизнесте де дәл солай. Бизнес саласында мен әлеуметтік бағыт бойынша жұмыс жасаймын. Менің бизнеске келуімнің өз себебі бар. Өкінішке орай, кей мекемелердің әкімшілік ғимаратына кіру арбада отырған мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қиындық туғызып жатады. Осындай қоғамда біз үшін қиындық туғызған мәселелерді шешуге үлес қосу үшін, яғни бізге не керек, оның қалай жасалуы керек екенін көрсету үшін құрылыс саласына қатысушы ретінде ендім.
Қоғамдағы қызметтің мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қолжетімсіз болуы тіпті «сақалды» мәселе десе де болады. Көп айтылады, бірақ оның жасалуына менің пайдаланушы ретінде көңілім толған емес. Мен басшылық ететін «Пандус. Ок» құрылыс фирмасы республика бойынша көпшіліктің дауысымен ең үздік әлеуметтік жоба болып саналды. Бұл әрине, мен үшін қуаныш. Егер бұл көшбасшылық десеңіз, онда солай қабылдауға да болатын шығар.
- Сіздің кәсібіңіз туралы сөйлессек. Сіз өңірде ең үздік әлеуметік жоба ұсындыңыз.
Қоғамда мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кедергісіз Қазақстан құру үшін тағы не жасауымыз керек деп ойлайсыз?
- Жақында Елбасы Жолдауы шықты. Мемлекет басшысы тағы да кедергісіз орта қалыптастыру туралы айтты. Ол мүмкіндігі шектеулі жандар проблемасына үнемі қоғам назарын аударып, басымдық беріп келеді. 2015 жылы АҚШ елшілігінің ұйымдастыруымен Америкада болдым. Менің баруыма Қалтаева Ләззат есімді азаматша ықпал еткен еді. Онда өркениеттің қаншалықты дамығанын, заманауи технологияның тұрмысқа қаншалықты енгізілгенін көрсету үшін шалғайдағы бір фермасына алып барды. Шын мәнінде барлық жерде кедергісіз аймақ құрылған, тұрмыстық қызметтің барлық түрі де қолжетімді. Олар өздерінің тұрмысына қажет қолайлы ортаны өздері қалыптастырды, жасады. Сондықтан, бізде де Мемлекет басшысы айтқан мәселелер атқарушы органдар тарапынан іс жүзінде аяқсыз қалдырылмай, мүмкіндігі шектеулі жанның өзін қоғамның лайықты тұлғасы ретінде сезінуі үшін жағдай жасалса екен деймін. Ол үшін мүмкіндік бар, тек орындалуы кей жерлерде көңіл қынжылтады.
- Спортқа қалай келдіңіз, кім ықпал етті?
- Мұнда да сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қорының үлкен ықпалы болды. Ақтөбе қор белсенділерін санаторлық емдеуге Қырымға демалысқа жіберіп отырған бірден-бір аймақ болатын. Сондай жолдамамен Қырымға барған кезімде мен алғашқы рет ауыр жарақаттан кейін теңізде жүздім. Сыртымнан қарап тұрған жолдастарым, олардың ішінде әсіресе, ақтөбелік Сражова Гүлмира: «Шахан, сен жақсы жүзесің, саған спортқа барып көру керек» деді. Оның бұл сөзі маған шынымен қамшы болды, сондықтан Ақтөбеге қайтып келгеннен кейін өзіме ыңғайлы бассейн іздеуге кірістім. Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің басшылығымен келістім де, сонда шыныға бастадым. 2013 жылы бірінші рет республикалық жарыстарға қатыстым. Әрине, ешқандай орын алған жоқпын. Алайда, ондағы трибуналарды, жанымдағы жігіттердің жеңістері мен мақтаныштарын көрген кезде, ішімде бір ұшқын пайда болды. Бұл мен үшін үлкен тәжірибе алаңы болып есептелді.
Арада бір жыл өткен соң, 2014 жылы Тараз қаласында өткен додада алғашқы қола медалімді жеңіп алдым. Ал 2015 жылы Қазақстан Республикасының абсолютті чемпионы атандым. Өзім мәлімдеген барлық қашықтықтар бойынша алтын медальға қол жеткіздім. Өткен жылдан бастап біз халықаралық жарыстарға қатыса бастадық. Бірінші рет Берлин қаласында өткен әлем кубогының кезеңіне қатыстым. Онда екі мәрте қола жүлдені жеңіп алдым. Жуырда ғана Индонезияның Джакарта қаласында өткен паралимпиададан оралдым. 4 орынды иелендім. Мен үшін тамаша тәжірибе болды, өз көрсеткіштерімді жақсарта алдым. Жаттықтырушым Губина Алевтина Николаевнаға білдірер алғысым шексіз. Онымен бірге жаттыққан сәттен бастап нәтижелерім айтарлықтай жақсара түсті.
- Күшті қайдан аласыз? Кейде адамдардың өмірден түңіліп, салы суға кетіп жатқанын байқаймыз. Сіздің замандастарыңызға берер кеңесіңіз қандай?
- Рас, мен депрессияға түскен сағаттар, күндер болды. Алайда, мен ешқашан өз проблемама өзгелерді кінәлап, өзіме тығылып тұйықталған емеспін. «Көңіл көңілден су ішеді» деген сөз бар. Мен күшті айналамнан, олардың ықыласынан, сенімдерінен, қолдауларынан аламын. Өзіме деген сенімділігімді арттыра түскен бір қызық жағдай болды.
Біз Ақтөбеде ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақта пандус орнаттық. Әлеуметтік желіде күткеніміздей, жағымды пікірлер көптеп жазылды. Алғыс айтушылардың арасында әсіресе, жас аналар көп болды. Олар саябақ ішінде баспалдақтан құндақтаулы балаларын көтеріп, қоларбаларын сүйреп келе жататынын жиі көретінмін. Біз қоғаммен кері байланыс орната алдық, әсіресе, қала тұрғындары үшін қолайлы жағдай қалыптастыруға ықпал еттік. Өз еңбегіңнің игілікті жүзеге асқанын көргеннен асқан бақыт бар ма?! Міне, бұл маған күш береді, барлық адмдарға өз еңбегінің нәтижесін көру, сол үшін адамдардың ризалығына ие болу, үлкен күш береді деп ойлаймын.
Қиын жағдайға тап болған адамдарға өзіңе сен, қиындыққа берілме деп айту стандартты ақыл болар еді. Айналаңызға қараңызшы, жағдайы бізден де мүшкіл жандар бар екенін көресіз. Өмірде тек өзім ғана қиындық көріп, кедергілерге тап болдым деп ойлауға болмайды. Қоғамға шығып, адамдармен қарым-қатынас орнатып, ашылу керек. Бұл жөнінде менің жолым болды деп ойлаймын. Ең бастысы, үнемі жақындарымның қолдауын сезіндім. Әрине, ішкі мықтылық, мінез де керек. Бірақ онымен мен ұзаққа бара алмас едім. Егер жанында мотивация беретін адамдар болса, мүмкін емес нәрсе жоқ. Біреудің жасағанын біреу жасай алады. Соған сену керек.
- Сізді миллиондаған халық идеал деп таныды. Ал сіздің идеалыңыз кім?
- Бірінші кезекте - өз анам. Мен оны кішкентайымнан өзіме үлгі етіп өстім. Мен әкемнен ерте айрылдым. Сондықтан анам мен үшін мықты, шыдамды, тағдыры оңай болмаған жан. Бізге дұрыс тәрбие, білім берді. Менің өмірімнің қалыптасуына ықпал еткен тағы бір қайсар әйел бар. Ол «Сал ауруына шалдыққан азаматтарды қолдау қоры» Қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бәйменова Құралай Базарбайқызы. Ол менің өмір үшін күресуіме, оған басқаша көзқараспен қарауыма әсер еткен жан. Бәріне бірден көндіге кету оңайға соқпады. Қиын уақыттарда салым суға кетіп, жылаған, мұңайған кездерім, әрине, болды. 26 жасыңда, енді көтеріліп, бір нәрсеге қол жеткізсем деп армандап жүрген, өз өміріңе жоспар құрып, табыс тауып бастаған кезде… бір сәтте барлығының күл-паршасы шықты. Тіпті тамақ жеу үшін қолыма қасық ұстаудың өзі мұң болды. Әрине, психологиялық, физикалық оңалуыма бірінші кезекте отбасым, достарым, жақындарым көп көмектесті. Одан кейін мен әлеуметтік тұрғыда қоғамға беймделуім керек болды. Ортаға шығып, өмір сүруді жалғастыруым керек еді. Бір ғана физикалық оңалтумен, спорт залдарында жаттығумен күн өткізуге болмайды.
Қоғамдық бірлестікке келдім, Құралай Бәйменова мені жұмыс жасауға шақырды. «Шахан, сенің үйде отырғанынды жақындарың, достарын білмейді деп ойлайсың ба, сен ұяласың, қоғамға шығудан қорқасың, оны ешкім білмейді деп ойлайсың ба? Мұны бәрі біледі. Ал сен жұмыс жасап бастағанда, сенің жаныңа адамдар өздері тартылады, сен көп адамға үлгі боласын» деп айтты. Мен ол уақытта күлдім, өзімнің жағдайым өзіме күлкілі болып көрінген еді. Ал қазір түсінемін, бұл әйел менің жаңа өміріме жолдама беріпті. Менің көзімді ашып, ортаға басқаша қарауыма ықпал етті. Мен осы жағдайымда да қоғамға пайдалы азамат ретінде өмір сүруге болатынын түсіндім.
- Отбасыңыз туралы айтып беріңізші.
- Ақтөбеде Сазды елді мекенінде дүниеге келдім. Ата-анам мұғалімдер. Кеңес Одағы ыдырап, мұғалімдер бір емес, бірнеше ай жалақысыз, ауыл жарықсыз отырған кездерде тұрмыстың тауқыметі анама түсті. Ол кезде менің жасым 11-де болатын. Екі қарындасым бар. Әрине, анамызға қолқабыс болуға тырыстық, ерте есейдік. Бірақ анам біздің әкесіз өсіп кел жатқанымызды білдіртпеуге тырысып, сол үшін жанын салды. Қазір өзіміз де ата-анамыз. Жолдасым Ләззат маған егіз балапан, ұл мен қыз сыйлады. Олар таяу уақытта екі жасқа толады.
- Не оқитыныңыз қызықтырады немесе кімдерді оқисыз?
- Бұрын көркем әдебиет оқитынмын. Заман талабына сай, талғам да өзгереді екен. Қазір психологиялық бағыттағы, мотивациялық дем беретін кітаптарды жиі оқимын. Бизнес жүргізу жөнінде ақыл-кеңес беретін кітаптар да бар жеке кітапханамда. Бүгінде Наполеон Хиллдің қазақ тіліне аударылған «Ойлан және байы» деген кітабын оқып жатырмын.
- Сіздің патриот екендігіңізге күмәнім жоқ, оны әркім әрқалай түсінеді. Жалпы патриоттық деген не?
- Біреулер қазақ тілін білу, сөйлеу патриотизмнің белгісі дейді. Менің ойымша, патриотизм ананың сүтімен беріледі, ол ішкі сезім. Мәселен, жеңіс тұғырында тұрып, Қазақстанның туы көкке көтерілгенін көрген кезде көкіректі мақтаныш кернеп кетеді. Бұл - патриотизм, Отан алдындағы борышыңды адал атқарып жүргеніңе деген сенім.
Армандар орындалады. Мен оған қазір анық сенемін. Сұқбатымның басында менің мемлекеттік қызметке келген кездегі ішкі жағдайым туралы бекер айтпадым. Мен Президентпен кездесуді армандадым. Елбасы әлем үшін тарихи тұлға. Ол Қазақстанды бейбітшіліктің елшісі етті, күллі әлемді татулыққа, бірлікке, бейбіт тірлікке, теңдікке үндеді. Ғасырда бір туатын мұндай алып тұлғамен кездесу бақыты бұйырды. Ол мен үшін ең үлкен мотиватор болды.
- Сұқбатыңызға рахмет. Сізге сәттілік тілеймін!
Әңгімелескен Нұргүл ҚАЛИЕВА
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.