Шахтадағы апаттар. Лакшми Митталды қылмыстық жауапқа тарту мүмкін бе?

30 Қазан 2023, 17:20 3825

Тәуелсіздік алған жылдардан бері Қарағанды шахталарында бірнеше ірі апат болып, жүздеген кен қазушы қаза тапты. Шахтадағы қауіпсіздік шаралары мен жалақының жырын айтып шахтерлер бірнеше рет ереуілге шықты. Бірақ бәрі де нәтижесіз болды. Күні кеше тағы да ірі апат болып 46 адамның мүрдесін құтқарушылар қара жердің астынан қазып алды.

"АрселлорМитталТеміртауға" иелік етіп отырған Лакшми Миттал деген кім? Ол Қазақстанға қашан және қалай келді?  Осыншама жұмысшы қаза тауып жатқанда неге жауапкершілікке тартылмайды? El.kz ақпараттық агенттінің тілшісі осы сұрақтар төңірегінде зерттеу жасап, заңгерлердің пікірін тыңдап көрді.

Лакшми Миттал кім?

Лакшми Миттал 2015 жылғы деректер бойынша ArcelorMittal-дың 39,34% акциясына иелік етеді. 2,5% акция Люксембург Үкіметіне тиесілі, қалғаны әлемдік биржаға салынған. Корпорация құрамында Қарағандының сегіз көмір бассейні бар: «Абай», «Саран», «Қазақстан», «Шахтинская», «Тентек», «Костенко», «Ленин», Күзембаев, «Шығыс» шахталары бар.

Лакшми Миттал металлургия комбинатынан басқа «ҚазМұнайГаз» және ресейлік «ЛУКОЙЛ Оверсиз» компанияларымен бірлесіп Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы кен орындарын игеруге инвестиция салып отыр.

Forbes журналының мәліметі бойынша, 2011 жылы Қазақстандағы жобалары Митталға байлардың әлемдік рейтингінде 31,1 млрд байлығымен алтыншы орынға көтерілуге көмектесті. 2015 жылдың наурызына қарай Митталдың рейтингі 82-орынға дейін төмендеді. Соған қарамастан, оның байлығы 16 миллиард долларға бағаланды.

1995 жылғы 17 қарашада Ispat International UK (қазіргі АрселлорМитталТеміртау) Қазақстан Республикасымен жекешелендіру туралы келісім жасасқан. Соған сәйкес Қазақстан Республикасы «Қарағанды металлургия комбинаты» ҚМК («Кармет») меншік құқығын Ispat International UK тағайындаған тұлғаға беруді қамтамасыз етуге міндеттелді. Компания төрт жылға бөліп төлеумен 225 миллион долларға бағаланды. Сарапшылардың айтуынша, қазақстандық қара металлургияның флагманы сатылған баға сол кездегі нарық бағасынан кемінде 20 есе төмен болған.

Қарағанды шахтасындағы жағдай жыл өткен сайын нашарламаса жақсарып тұрған жоқ. Себебі, әр жыл сайын болатын жарылыстар мен кісі өлімінен әлі оң нәтиже шығарған жоқ.

Мәселен, 2004 жылы «Шахтинскаядағы» апаттан 23 адам қаза тауып, үш адам мүгедек болып қалды.

Ең ірі апаттардың бірі 2006 жылдың 20 қыркүйегінде болды. «Ленин» шахтасындағы апаттын 41 адам жер бетіне шығып үлгермеді. Комиссия қайғылы жағдайға қауіпсіздік техникасы ережелерінің өрескел бұзылуы себеп болған деп шешім шығарды. Сегіз адам сотталды.

41 адамның қазасынан кейін шахтерлар шахтаға түсуден бас тартты. Қарағанды облысында ереуіл толастамады. Екі апта бойы әкімдік алдында жалақыны көтеруді сұрады. Сегіз көмір шахтасының жұмысшылары басқа елдердегі «Миттал Стил» компанияларындағыдай сағатына 15 доллар төлеуді талап етті. Сол уақытта олардың жалақылары 200-240 доллар көлемінде еді. Сондай-ақ еңбек жағдайын түзеуді, жаңа технологияларды енгізуді, ұжымдық еңбек шартын өзгертуді сұрады.

Шахтерларды металлургтар қолдап, Каркемкомбинаттың алдына жиналып, олар Лакшми Митталдың келуін талап етті. Ереуіл нәтижесінде компания жұмысшылардың жалақысын 29%-ға көтеру туралы келісімге қол қойды.

Арада жарты жыл өткенде «Абай» шахтасындағы қайғылы оқиғадан 30 адам құрбан болды. 7 адамның денесі табылды. 23 адам үйінді астында қалды.

2012 жылдың мамыр айында Қарағанды облысы Теміртау қаласында «АрселлорМитталТеміртау» жұмысшылары тағы да ереуілге шықты. Олар жалақыларын 30%-ға көтеруді сұрады. Екі жақ келісімге келе алмады. «АрселлорМитталТеміртауды» Бас директоры Виджай Махадеван жалақы көтеретін уақыт емес екенін айтқан.

Жұмысшылардың талаптары орынды, бірақ қазір ыңғайлы уақыт емес. Әзірге шыдай тұру керек, нарықта тұрақтау болған кезде біз жалақыны қуана көтереміз, - деп мәлімдеді Махадеван.

2016 жылы «Саран» шахтасында 4 адам мінген арба төңкеріліп, 800 метр тереңдікке құлап кетті. Оқиға орнындағылардың барлығы қайғылы жағдай кесірінен қаза болды. Тергеу комиссиясы апатқа жұмыс беруші кінәлі деген шешім шығарды.

2017 жылы 11 желтоқсанда «Ленин» шахтасында 200 шахтер жұмыс орнынан кетпейміз деп, жер бетіне шықпай қойды. Жалпы саны 700-800 адам ереуілдетті. Еңбек министрлігі «АрселлорМитталТеміртаудың» сегіз шахтасындағы шахтерлардың барлығы ереуілге қатысып, жұмыс тоқтап тұрғанын хабарлады.

2002 жылы Ленин атындағы шахтада жарылыс болып, 13 адам көз жұмды.

Миллиардер Митталды қылмыстық жауапкершілікке тартуға бола ма?

Қазақстандықтар Лакшми Миттал басқарғалы бері 100-ден астам қазақстандықтың қаза болғанын, 150-ден астамы түрлі деңгейдегі жарақат алғанын алға тартып, миллиардерді қажетті техниканы уақытылы жаңартпағаны, қауіпсіз еңбек алаңын қамтамасыз етпегені үшін жауапкершілікке тарту туралы бастама көтеріп жатыр. Қазақстан тарапы Митталды қылмыстық жауапкершілікке тарта ала ма? Мәжіліс депутаты әрі заңгер Абзал Құспанның айтуынша, бұл – майшаммен қарайтын мәселе.

Бұған дейін «АрселлорМиттал» кен орындарындағы өндіріс қауіпсіздігін сақтауға қатысты, жергілікті халықтың денсаулығына тигізген зиян мен қоршаған ортаны ластауды азайтуға қатысты берілген шағымдар мен ескертулерді дұрыс орындаған жоқ. Мұны дәлелдейтін айғақ жеткілікті. Сонда да онымен келісім-шартты біржақты түрде бұзу халықаралық деңгейдегі жанжалға апармауын қадағалау керек. Кеше ғана қамауға алынған экс-министрдің ісінен белгілі: шетелдік кәсіпкер Статимен болған сотта Қазақстан миллиардаған шығынға батты, бірақ сонда да жеңіліске ұшырады. Яғни, мемлекет мүддесін кім қалай қорғайды деген мәселені майшаммен қарау керек, - дейді Абзал Құспан.

Ол сондай-ақ мемлекеттің иммиджін сақтап қалу туралы мәселені де назардан тыс қалдыруға болмайтынын айтады.

Тағы бір мәселе – мемлекеттің халықаралық бизнес-қауымдастық алдындағы инвестициялық бет-бейнесін сақтап қалу, Қазақстанның экономикасына қаржысын салуға дайын, өз ісіне адал шетелдік инвесторларды тарту. Сарапшылардың айтуынша, бұл апаттардың барлығы өндірістік қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан туындаған. Бұл туралы компанияға мемлекет тарапынан талай аудит жүргізіліп, мониторинг жасалды, компания басшылығына талай ескерту жасалды, айыппұлдар салынды. Мемлекет үшін азаматтардың өмірі мен қауіпсіздігі ең бірінші кезекте тұрған мәселе, - деді ол.

Айта кетейік, Қарағанды ​​облысындағы Костенко атындағы шахтада 28 қазан күні сағат 02:33-те жарылыс болды. Алдын ала болжам бойынша, лавада газ метан жарылған.

Тоқаев Үкіметке "АрселорМитталТеміртау" компаниясымен инвестициялық ынтымақтастықты тоқтатуды тапсырды. Сондай-ақ Бас прокуратура қылмыстық іс қозғады.

Костенко шахтасындағы апаттың себептерін тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия құрылып, "АрселорМиттал" АҚ мемлекет меншігіне өтетіні белгілі болды.  

Денсаулық сақтау министрлігінің дәрігерлер тобы зардап шеккен кеншілерге медициналық көмек көрсету үшін Қарағандыға жіберілді.

Қасым-Жомарт Тоқаев та апаттың мән-жайын анықтап, тиісті шешім қабылдау үшін Қарағанды облысындағы қайғылы оқиға орын алған жерге барды.

29 қазан елімізде Жалпыұлттық аза тұту күні жарияланды.

Отарбаева Бақытжан
Бөлісу: