Шахтадағы апат: 17 кеншінің отбасына әлеуметтік төлем тағайындалды

3 Қараша 2023, 09:17 1042

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры Костенко атындағы шахтада болған апат салдарынан қаза тапқан 17 кеншінің  балаларына жәрдемақылар мен төлемдер тағайындады,деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі. 

Министрліктің мәліметінше, қайтыс болған 46 кеншінің 21-інің қамқорлығындағыларға мынадай әлеуметтік қолдау көрсетіледі:

1. Республикалық бюджет қаражаты есебінен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы.

Осы жәрдемақының мөлшері қайтыс болған адамның асырауындағы адамдардың санына қарай айқындалады және олардың ай сайынғы мөлшері 37 322 теңгеден (1 балаға) 111 560 теңгеге дейін (5 балаға) болады.

Жәрдемақының бұл түрі 8 жасқа дейінгі бала күтімін жүзеге асыратын жұмыс істемейтін аналарға да тағайындалды.

2. Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорының (бұдан әрі – МӘСҚ) қаражаты есебінен асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем.

Бұл төлемнің мөлшері қайтыс болған адамның табысы мен оның әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтілі негізінде анықталады. Төлемдер мөлшері айына 56 мың теңгеден 272 мың теңгеге дейінгі аралықта жүреді.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша төлемдер балалар 18 жасқа толғанға дейін, ал жоғары оқу орындарында күндізгі бөлімде оқыған жағдайда 23 жасқа дейін төленетінін еске сала кетейік.

Айта кету керек, жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер қайтыс болу туралы куәлік негізінде тағайындалады. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.

Ақмарал Ағзамқызы
Бөлісу: