Шахмат олимпиадасында ел намысын кімдер қорғайды

8 Қыркүйек, 04:35 329

Мажарстан астанасы Будапештте өтетін шахматтан 45-ші Олимпиада ойындарында ел намысын қорғайтын спортшыларымыз белгілі болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

10-23 қыркүйек аралығында өтетін бәсекеде ерлер арасында 196, әйелдерден 184 мемлекеттен команда (барлығы 1896 спортшы) қатысады. Олардың қатарында қазақстандық шахматшылар да сынға түседі.

Нақтырақ айтсақ, ерлер арасында Әлішер Сүлейменов, Қазыбек Нөгербек, Денис Махнев, Рамазан Жалмаханов, Алдияр Аңсат ел намысын қорғаса, әйелдер арасында Бибісара Асаубаева, Меруерт Камалиденова, Әмина Қайырбекова, Ксения Балабаева, Алуа Нұрман сынға түседі.

Олимпиада 9 раундтан тұратын швейцариялық ашық турнир форматында өтеді. Уақытты бақылау 40 жүріс үшін 90 минут, содан кейін ойынның қалған бөлігіне 30 минут беріледі. Бұл кезде бірінші жүрістен кейін келесісіне 30 секунд беріледі.

Айта кетейік, бүкіләлемдік шахмат Олимпиадасы 2 жылда бір өтеді. Осыған дейінгі доданы Үндістанның Ченнай қаласы қабылдаған. Сол кезде Қазақстан әйелдер командасы (Бибісара Асаубаева, Жансая Әбдімәлік, Гүлісхан Нахбаева, Ксения Балабаева, Назерке Нұрғали) 352 ұпаймен үздік бестікті түйіндеді. Жансая Әбдімәлік 1-тақта бойынша қола жүлдегер атанған.

Перизат Саденова
Бөлісу: