Шағын ұлт аспап оркестіріне айналған отбасы

21 Қазан 2022, 14:45 3912

Оркестр дегеннің ауқымы кең, талабы ерекше. Өйткені оркестрде сан түрлі музыкалық аспаптың үндестік тауып, адамның рухына ерекше әсер ететін музыкалық туындылар туындауы тиіс. Осындай міндетті бір отбасынан құрылған отбасылық оркестр орындай ала ма? Біздің кейіпкеріміз осындай қасиетімен ерекшеленді. Әрі «Мерейлі отбасы» байқауының жеңімпазы болды.

Ұлт қазынасы мен қоғам байлығынын дәріптейтін байқаудың Ақмола облысынан жеңімпаздары Бөжен әулеті. Ынтымағы жарасқан бұл отбасы  қазақтың төл өнерін насихаттайды.

1991 жылы Моңғолиядан атамекеніне көшіп келген жас отбасы бүгінде үлкен әулетке айналды. Тәлімді тәрбие, саналы білім сіңірген бес ұлының төртеуі шаңырақ көтерді. Атасы мен әжесінің қуанышына 9 немересі өсіп келеді.  Отбасының тірегі Құрметбек Бөжен домбыра өнерін насихаттаушы, композитор. Қазіргі қоныстанған Ақкөл қаласында алғашқы ұлттық аспап мектебін ашып, шәкірттерін талай жетістікке жетелеп келеді.

«Өнер жолындағы қызметімді Моңғолияда музыкалық драма театрында бастаған едім. Ақкөлге қоныс аударып, мәдениет үйіне жұмысқа орналастым. Бұл жақта домбыра шертетін, тіпті оған қызығатын жастар аз болды. Содан қазақтың қасиеті мен қасіретін бойына сіңірген ұлттық аспап – домбыраны жастарға үйретуді мақсат еттім. Сөйтіп, домбыра сыныбын ашып, ынтасы бар шәкірттерді тәрбиелей бастадым. Шүкір, ақкөлдіктердің арасында домбыраны жетік меңгеріп, облыстық, республикалық өнер байқауларында биік жетістікке жеткен шәкірттерім аз емес»,  – дейді әулеттің отағасы.

Расында Құрметбек Бөжен өзінің шәкірттерімен мақтанады. Оның тәлімін сіңірген шәкірттерінің арасында Венециядан өткен халықаралық байқауда дараланса, тағы бір шәкірті Кореяда күйдің құдіретін мойындатып келді.

Азаматтың дарын-қабілетін ерекшелейтін қасиеттер болады. Біріне сөз өнері қонса, екіншісіне, сурет салуға епті келеді. Дұрысы, бойына қонған қасиетті бағалай біліп, оны еңбекпен ұштап, үнемі ізденіп жүрсе, оны өнері биікке шығарады. Құрметбекті құрметті ететіні осындай қасиеті. Туған жер, отан тақырыбында шығарған күйлері тыңдарманның жанын баурап алады.

«Шығармашылық жолымда тыңдарман қауымға «Сағыныш», «Қыршын кеткен боздақтар», «Төрт құлын» атты күйлерді тарту еттім. Әрқайсының өзіндік бір терең тарихы бар. Сағынышым туған жерге арналса, екіншісі атауында тұрғандай өмірден ерте озған боз балалар ғұмырына арнайды. Өмірден алынған оқиғаларды дөп басып музыкалық нотаға түсіре білсе, ешбірі түсіндірме сөзді қажет етпейді. Отбасылық ансамбль құруды арман етпесем де, балаларымның осы бағытта ебін байқап бойға дарыған қабілетті тұншықтырмау мақсатында оркестр құрдық. Әрқайсы өзінің өнерін дамытып, шыңдап білген-көргенін өзінен кейінгі жастарға үйретіп келеді».

Халықтың ұлттық аспаптарын дәріптеу деген ауыр жүкті арқалаған отбасы мүшелері де өнерлерін шыңдап отыру жолында аянып қалмайды. Әкенің жолы, ананың мейірімі арқылы өнерден өз жолын тапқан өнерпаздар бұл қасиет текпен дарыды десе, келіндері осындай жерге келін болып түскенін мақтан етеді.

«Тегінен өнерлі әулетке келін болып түстік. Сәби шағынан домбыраның үнін құлақтарына сіңіреп өскен балаларымыз да өнерден алыс болады деп ойламаймын. Ата-әжесі бастап әкелері жалғаған өнерді ұрпағымыз да сөндірмей, әрі қарай жетелейтіні сөзсіз. Біз де шеттеліп қалмай отбасылық ансамбльде ән айтып өнер көрсетеміз. Атамыз қандай да бір қағида қоймаса да отбасылық ұстанымымыз бар. Жақсылыққа еліктеп, берекелі отбасынан шыққан әрбір адам жаман болмайды дейді. Отбасын біріктіруші әйел адам болғандықтан, абысындарымызбен тату тәтті болып, осындай әулеттің шырағын мәңгілік сөндірмейміз», – дейді кіші келіні.

35 жыл отасқан қос ұстаздың отбасы ұлттық құндылық, мәдени мұра, дәстүр, өнер, білім мен шығармашылықты дәріптеуде еңбектеніп келеді. Келер ұрпаққа құнды өнеге бола білген әулетті республикалық байқауда жеңімпаз деп танығаны дұрыс шешім.

Айым Даниярқызы
Бөлісу: