30 Наурыз 2015, 09:18
Шақшақұлы Ер Жәнібек
Иманжан Жылқайдарұлы нұсқасы
Баяғы заманда орта жүз арғын ішінде өзі батыр, өзі би Шақшақ атты адам болыпты. Шақшақ бес жасынан найза ұстап, садақ тартып, ерлігін жұртына танытыпты. Он жасқа келгенде халыққа билік айтып, қара қылды қақ жарған, алдынан бітпей дау, айтылмай сөз кетпеген асқан шешен, би болыпты. Үш жүзді аузына қаратып, басына әруақ, бақ, дәреже орнатып, қатарынан асып тұрған шағында қалмақ ханы Қатаған Сарыарқаға келіп, Шақшақтың елінің бір шетінен тиіп талай бастапты. Шақшақ үш жүзге хабар айтып, қол жинап, Қатағанмен соғысып, қалмақты қойдай қырып жеңеді. Өзі соқтыққан қалмақты аясын ба, қашқан жауды қуып отырып еліне барады. Қалмақтың қыз-қатынын, мал-мүлкін олжалап, Қатағанның ай мен күндей сұлу қызы Қарашашты алып қайтып, баласы Көшейге қосты.
Қарашаш ешкіммен ойнап-күлмеді, күні-түні қайғырып, елі-жұртын ойлай береді. Бір жылдан кейін Қарашаш Шақшақтікіндегі алты мүйізді ала азбан қошқардың етіне жерік болып, сойдырып етін жеді. Осыдан соң Қарашаш өзінің еліне екі рет қашты, екеуінде де ұстап алып келді. Үшінші рет Көшей үйде жоқта Қарашаш және қашты. Бұл кезде ол екіқабат болып, бала туар күнге жақындап қалып еді.
Қарашашты артынан Жүзей қуып жетіп келіп:
– Бір емес екі қаштың тигеміз жоқ, міне, үшінші рет қашып отырсың. Енді бұл біздің сүйегімізге таңба болатын іс, көзіңді жойып біржола тыныш болайықшы, - деп қылышын суырып алып шаппақшы болды.
Қарашаш қайнысының бетіне күліп қарап:
– Өлтіргенің жақсы. Бір мен емес, еліңе тұлға, асқар белің болатын адамыңды менімен бірге өлтіресің, бұл өлсе, менің елім сендерден оңай кек алатын болады. Мен неге қашайын, туған-туысқанымды, ата-анамды қырып-жойып, талап, мені зорлықпен қатын ғып отырсыңдар. Оны мен ұмытпаймын. Ішімдегі балам қошқардың етіне жерік болғаннан пайда болған алып ер еді, «сол түбінде, өз еліме алып барсам, қазақтан кек алатын батыр болып ержетер еді» деп ойлап қашқан едім. Шын сырым осы, енді өлтіре бер, - деп қылышқа мойнын төсеп, қорықпай қасқайып қарап тұрды.
Жеңгесінің мынадай сөзін естіген соң Жүзей ашуынан қайтып, өлтірмей Қарашашты елге алып келді. Жүзей жеңгесінен естіген барлық жайды әкесі Шақшаққа айтты. Шақшақ езу тартып күлді де, келінін аса жақсы құрметпен күттіретін болды. Ай-күні жетіп, бала туып, атын Қошқар қойды. Бала туғаннан кейін Қарашаш елі-жұртын ойлауын қойды.
Қошқар да атасы Шақшаққа тартып қатарынан асқан батыр, би болып, елі-жұртын аузына қаратты. Ұлы жүз үйсінде Бектас деген дана қарттың қызын айттырып алып, ол әйелі қара бураның етіне жерік болып, айы-күні жетіп бір ұл тапты. Бала тумай тұрып, бабасы Шақшақтың түсіне аян беріп «Қошқардан туатын баланың аты Жәнібек болсын, ол дүниенің төрт бұрышын билейтін адам болады, оның бақ-дәрежесі жеті атаға жетеді» деп айтқан еді. Айтқанындай Жәнібек нұр сипатты ер бала болды.
"Бабалар сөзі"