Үш тілде оқытуды қолдайтындар қаншалықты көп?

10 Қазан 2016, 04:33

Әлемдік білім жүйесіндегі Қазақстанның орны

Ғылымды қажетсінетін экономиканы құру үшін қазақстандық ғылым әлеуетінің артуы өте маңызды. Осы бағытта Қазақстан үздік 30 мемлекеттің қатарына кірудегі алғашқы қадамды ЭЫДҰ стандарттарын енгізумен байланыстырады. «Ақпараттық-талдау орталығы» АҚ департаментінің директоры Елдос Нұрланов el.kz сайтына білім беруді дамыту мәселелері мен білім беру саясатын жетілдіру бойынша атқарылып жатқан жұмыс барысы туралы айтып берді.

[1] PISA-2015 және PISA-2018 айналымдарына ұпай санын бірте-бірте арттыруды көздеп отырмыз.

– PISA тестілеу жүйесінің Қазақстан үшін тигізер ықпалы туралы айтып өтсеңіз.

Бірінші маңызды жайт. PISA-ны ойлап тапқан, жүргізетін де Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (ЭЫДҰ). Зерттеуге осы ұйымға мүше 34 мемлекет қатысады. Олардың басым бөлігі әлемнің үздік отыздығына жатады. Біз – білім сапасын салыстыруға батылы жеткен санаулы елдердің біріміз. Өйткені, біз бәсеке ең қабілетті мемлекеттермен тереземізді біліміміз бойынша теңестіргіміз келеді.  Әлбетте, біздің PISA-дағы бар нәтижеміз әлемнің бәсекеге ең қабілетті елдерінің орташа көрсеткішінен төмендеу. Біз бұны анық түсінеміз, бұл жайт білім беру саясатында, орта білім мазмұнында тиісті жұмыстар атқаруға итермелейді. Сөйтіп-сөйтіп, Қазақстанның зерттеудегі өзінің жеке нәтижесі (ұпай саны) айналымнан-айналымға түзеліп келеді.

Екінші жайт. PISA теориялық білімнен гөрі, практикалық дағдыларды, стандартты емес жағдайда проблеманың шешімін табу қабілетін тексереді. Педагогикада оны «құзыреттілік» деп атайды. Біздің еліміз КСРО құлдырағаннан бері «білімге негізделген» үлгіден «құзыреттілік» үлгіге көшуге тырысып келеді. Әлбетте бүтін жүйені өзгерту күрделі де, сан жылдарға ұласқан іс-қимылды қажет етеді. PISA болса, біздің осы жолдағы табысымыздың халықаралық бағасы болып табылады.

Үшінші жайт. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының 15 жастағы оқушыларды бағалайтын бұл зерттеу тек рейтинг қана емес. Оның рөлі әлдеқайда кеңірек. Атап айтқанда, ол кез келген елдің нәтижелерін сол елдегі жағдаймен, мүмкіндіктермен салыстырады.

Мысал үшін, аталмыш зерттеу сарапшылары Қазақстан білім беру жүйесінің негізгі қиындығы ретінде әлеуметтік-экономикалық жағдайы әртүрлі оқушылардың үлгерімінің күрт ерекшеленетінін айтады. Тұрмыс жағдайы төмен оқушы ондай жағдайы жоғары оқушыдан шамамен 73 ұпай төмен жинайды. Әрбір 40 ұпайдың бір оқу жылынан пара-пар екенін ескерсек, бұл балалардың арасындағы алшақтық 2 жыл десе болады.

Жалпы, сапалы білімге бірдей қолжетімділікті қамтамасыз ету – республикамыз үшін негізгі проблемалардың бірі және мемлекеттің орта білім саласындағы алдына қойып отырған негізгі міндеті.

– Өзіңіз айтып отырған білімге бірдей қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін қандай түзетулер мен өзгерістер енгізілуде?

– Білім сапасын әлемдік стандарттарға көтеру – отандық білім стандарттары мен оқу бағдарламаларын сол стандарттарға жеткізу мен жүзеге асыру деген сөз. Тәуелсіздік алғаннан бері, біз бұл жұмысқа белсенді түрде 1990-жылдардың соңында кірістік. Оған алғашқы жылдардағы экономикалық қиыншылықтар да әсер етпей қоймады. 25 жылда өздігімізден белгілі бір тәжірибе жинақтадық. Әр алуан нәтижелер алдық. Менің ойымша, соңғы 10 жылда орта білім беруде түбегейлі бетбұрыс жасауға алғышарттар жасалды. Инфрақұрылымдық жағдайды туғызумен қатар өзіміз алғаш рет ұлттық зияткерлік мектептер желісін құрдық, шетелдік тәжірибені біреулер немесе әдебиеттен емес, сол жақтарға барып, түпнұсқа дереккөздермен танысу арқылы әлемдік деңгейдегі білім жүйелерімен терең таныстық. Өзімізбен, бар іс-тәжірибемізбен салыстырдық. Нәтижесінде жоғарыда мен айтқан құзыреттілік үлгісіне көшудің айқын жолын белгілеп, енгізуге кірістік.

2016-2017 оқу жылынан енгізіле бастаған жаңарған білім беру мазмұны осы құзыреттілікке жетелейтін қадам дей аламын. Біздің кең байтақ Қазақстанда әрбір оқушы осы жаңарған мазмұнға қол жеткізуі үшін 2020 жылға таман мектептердің 90 пайызында ақпараттық-коммуникациялық технологияларды қолдануға мүмкіншілік жасалады. Жаңару жүйенің өзге де бөлшектерін – мұғалімдерді даярлау, олардың біліктілігін арттыру да, оқулықты да, материалдық-техникалық базаны қамтиды.

– PISA тестілеу нәтижелерінің төмендігі мектеп мұғалімдеріне де байланысты болар. Мұғалімнің біліктілігін көтеру үшін қандай жұмыстар атқарылуда?

– Әрине, Ы.Алтынсарин айтпақшы, «мұғалім – мектептің жүрегі». Оқушының мықтылығы ұстаздан екені айдан анық. PISA емтиханындағы оқушылардың жетістігі 1 мұғалімге шаққандағы оқушылар санына, жоғары білімі бар мұғалімдер үлесіне, білікті мұғалімдердің жеткілікті болуына тәуелді.

Қазақстанда мұғалімдердің оқушылармен сандық арақатынасы, соның ішінде жоғары білімі барлардың үлесі ЭЫДҰ елдерінің орташа көрсеткішінен кем түспейді. Мәселе, педагогтік даярлықты жаңарту қажеттілігі мен мұғалімдердің ынта-жігерінде болса керек. Сонымен қатар 15 жастағы оқушыларға негізінен математика, тіл және жаратылыстанудан білікті мұғалімдерге деген мұқтаждық бар. Жалпы, мұғалімдердің мәртебесі әлем елдерінің көпшілігіндегі – өзекті мәселе.

Анықтама үшін. Дүние жүзі бойынша педагог мамандығының құндылығы (33% педагог кәсібінің құнды екеніне сенбейді) жұмыс істейтін кадрлардың сапа мен ынталандырудың арасындағы байланыстың барына деген сенімі (75% педагог сенбейді) едәуір төмендеген.

Біздің елімізде мұғалім мәртебесін арттыруда жұмыс жылдан-жылға белсене түсуде. Жыл сайын еңбегімен көзге түскен 48 педагог «Үздік педагог» атағы беріліп, 2 млн теңгеге сертификат табысталады. Мектептің мықты түлектері де мұғалім мамандығын таңдай бастады. Мысалға, 2015 жылы «Алтын белгі» иегерлерінің 7 пайызы мұғалімдікті таңдаған. Үстіміздегі жылы еңбекақының көлемі 29 пайызға артты.

– Қазір жоғары оқу орындарының түлектері көбісі жұмыссыз. Немесе өз мамандығымен жұмыс істемей, біліктілікті талап етпейтін жұмыстарға кетіп жататынын көреміз. Еңбек нарығындағы мамандарға деген сұраныс пен талап дұрыс ескерілмей ме? Мұның себебі неде?

– Қазақстан әлемдік қауымдастықтың бөлшегі болғаннан кейін, дүниенің көпшілік елдеріндегі жағдайқа қарайық. Еңбек және білім нарықтарын зерттеушілер жоғары оқу орындарының 5 пайыз түлектері қалған 95 пайызына жұмыс орнын құрады деген дерек келтіреді.

Өзгермелі әлемде түлектердің жартысынан астамы өз мамандығына жатпайтын салаларда қызмет етеді. Өйткені, еңбек нарығының мамандарға деген сұранысы, талабы тез өзгеріп (әдетте қиындап) отыр. Жас мамандар қабілеті көбірек бағаланатын, ыңғайы келетін жұмысқа оңай ауысып, икемділік танытады.

Бұл жаһандық үрдістерді білумен қатар білім саласында шәкірттің өз мамандығын дұрыс таңдауы үшін кәсіптік бағдарлау жұмысы өткізіледі. Техникалық-кәсіптік және жоғары білімнің сапасын арттыру, колледждер және университеттердің жұмыс берушілермен байланысын күшейту секілді іс-шаралар белгіленген.

Қазақстанда үш тілде оқыту жүйесіне көшу туралы бұрыннан айтылып келе жатыр. Алайда, ата-аналар мен кей сарапшылар, мектептер оған әлі дайын емес деп отыр. Бұл жүйенің табысты болатынына қалай көз жеткіздіңіздер? Жұртшылық пікірі ескерілді ме?

– Бұл жөнінде Білім және ғылым министрлігі бірнеше рет мәлімдеме жасаған болатын. Дегенмен тағы да қайталап өткен дұрыс болар. Үштілді білім беру 2019 жылдан бастап 10-11-сыныптарда бірнеше пәндерді мектеп тіліне қарамастан қазақша, орысша және ағылшынша оқытылатынын білдіреді. Қазақ тілінде Қазақстан тарихы, орысша дүние жүзі тарихы және ағылшынша - 4 пән, атап айтқанда, физика, химия, биология және информатика.

Мектептер жоғары сыныптарда 4 пәнді ағылшынша оқытуды енгізуді пән мұғалімдері мен ағылшын тілі мұғалімдерінің тиісті дайындығы арқылы шешеді. Оған мемлекет тиісті жағдай туғызады.

Енді жұртшылық пікірінің қаншалықты ескерілгеніне тоқталайық. Үстіміздегі жылы еліміздің барлық аймақтарын қамтыған әлеуметтік зерттеу өткізілді. Оған 2 мыңнан астам жоғары сынып оқушылары мен олардың ата-аналары қатысты. Зерттеудің негізгі мақсаты мақсатты топтың үштілді білім беруді енгізу жөніндегі пікірін білу болды.

Қазақстанда ата-аналардың көпшілігі (81%) балаларының ағылшын тілін білгенін қалайды. Сұралған оқушылардың тек 15 пайызы ағылшын тілін еркін меңгергенін айтады. Тек ата-ананың 34 пайызы баласының ағылшын тілін игеруге керекті жағдай туғыза алады (тілдік курстарға жіберуіне). Қалған ата-аналардың 27 пайызында ондай мүмкіндік жоқ. Олар бұл мәселеде тек мектепке үміт артуға мәжбүр. Осы жүргізілген сауалнама бойынша ата-аналардың 66 пайызы үштілді білім беруді мектепке енгізуді қолдайды. Ал, 25 пайызы қажетті нормативті-құқықтық база және кадрлардың дайын емес тігін айтып қолдамайды.

– Сұхбатыңызға рахмет!


[1] Мемлекеттік бағдарламаға сілтеме - http://adilet.zan.kz/kaz/docs/U1600000205#z114

Ая ӨМІРТАЙҚЫЗЫ

Бөлісу: