Үш қалада 5G тестілеуден өтіп жатыр

14 Маусым 2022, 17:26 1225

Биылғы жыл соңына дейін республикалық маңызы бар қалаларда 5G пайда болады. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникация комитеті төрағасының орынбасары Зүлфия Құдайбергенова мәлім етті, деп хабарлайды El.kz ҚазАқпарат тілшісіне сілтеме жасап.

Оның айтуынша, әзірге ауылды жерлерді 5G-мен қамту туралы сөз қозғауға ерте.

«Қазіргі уақытта Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларында 5G тестілеуден өтіп жатыр. Пилоттық режимдегі тестілеу жыл соңына дейін аяқталып, аталған қалаларда 5G толық енгізілетіні жоспарланып отыр. 5G-ді енгізу аукцион арқылы еліміздегі барлық байланыс операторларының қатысуымен өтеді. Қатысушы операторларға арналған талап бар. Алдымен республикалық маңызы бар 3 қалада енгізілетіні көзделген. Ал 2024 жылға дейін облыс орталықтарын 5G-мен қамту жоспарда бар», - деді Зүлфия Құдайбергенова елордада байланыс тақырыбына арналған ашық есік күнінде.

Сондай-ақ спикер «Қазақстанда 5G енгізілсе интернет бағасы өзгеруі мүмкін бе?» деген сауалға жауап берді.

«Жоқ, баға қымбаттамайды. Жалпы халық үшін 4G интернетінің күші жеткілікті. 5G негізінен «ақылды» қалалар мен кәсіпорындар үшін қажет. Яғни жоғары сапалы интернетпен бір сәтте бірнеше желіні қосып жұмыс істеуге болады», - дейді ол.

Бөлісу: