Шәрбану Құмарова: «Мен екі ғасырдың адамымын...»

12 Маусым 2014, 09:36

Жазушының жазушылығы аз ғана сөзбен, көп сурет салуында, көп айта білуінде.

Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері – Шәрбану Құмарованың туған күніне орай әңгімелесудің сәті түсті. Жазушының жазушылығы  аз ғана сөзбен, көп сурет салуында, көп айта білуінде. Адамның жүрегіне ұялап, арман әнін шырқай білуінде.. Ол қазақ әдебиетіне өзіндік үлес қосқан қарымды қаламгер. Бүгін қазақ прозасының ханшайымын туған күнімен құттықтап, сұхбаттасқан едік...

Шәрбану апа, бүгінгі туған күніңізбен! Бұл күнді сіз қалай қарсы аласыз?

 

–Менің туған күнім құжатта 1936 жылдың 13 мамыры деп жазылғанымен, шындығында 1937 жылдың 4 қаңтары. Туған жерім – Алматы қаласы, Есік қаласы. Атақты «Алтын адам» шыққан жерден біраз жоғарыда, кесеге құйғандай тұп-тұнық Есік деген әдемі көл болған. «Айнакөлім қайда менің» деп Мұқағали ағамыз айтқандай, 1964 жылы сел болып, ағып кетті. Ауылымыз сол маңда болатын. Соғыстың басталған кезі есімде. Ол кезде төрт жаста болатынмын. Қазір Алматы облысы Есік қаласында Ш.Құмарова атындағы көше бар. 
70 жас, 75 жас деген атаулы туған күндер болмаса, туған күнімді жыл сайын тойлай бермеймін. Өткен жылы 75 жылдық мерейтойымды тойлай алмадым. Себебі, ол кезде замандасым, ақын ағам, досым Тұманбай Молдағалиев дүниеден өткен еді. Біздер бір ауылда туып өскен едік.  
Жыл сайын келетін туған күнімде ақ дастарханымды жайып, күтіп отырамын. Балаларым, ағайын-туысқандарым, достарым келіп құттықтап жатады. 

Балалық шағыңыздан есіңізде қалған қызықты сәттер бар ма? 

– Ол кезде біздің Еңбекшіқазақ ауданында «Колхоз-совхоз театры» деген болған. Әртістері шеттерінен талантты болатын. Алматыдағы академиялық драма театры «Еңлік-Кебекті» қойса, олар да қояды, «Қозы Көрпеш-Баян сұлуды» қойса, олар да соны қояды. Аудандағы ауылдарға гастрольге жиі шығады. Үш жасымнан бастап солармен бірге жүрдім. Гастрольге бірге кетемін. Үйдегілер де алаңдамай жібере салады, таң қаламын. Менің өнерге, әнге, биге бейім болуымның бір себебі осында ғой деймін. Ол жайында сосын айтып беремін. Айтпақшы, үйдегілердің, ауылдағылардың бәрі мені «Бекен» дейтін. Әлі күнге дейін солай.  
Себебі нағашы атам Құмар мені ұл болады деп күткен. «Бекен» деп атымды да дайындап қойған. Қыз болып тусам да «Бекен» атап кетуінің себебі осы.

Сіздің шығармашылығыңыз жөнінде айтсақ... Соңғы кезде не жазып жүрсіз?

– Мен осы кезге дейін жиырмадан астам кітап жазыппын. Ең алғаш студент кезімде 1961 жылы «Қыз сыры» деген атпен тұңғыш жинағым жарық көрді.  1971 жылы «Сәуірдің ақ таңы» повестер жинағымды шығардым. «Өмірім менің – өнерім» атты деректі роман жаздым. Роман қазақтың мың бұралған бишісі  Шара Жиенкұловаға арналды. Кейін Шара Жиенқұлова «Қырық қыз» атты ансамбль құрды. Бала кезден биге әуестігім бар болатын. Кейін мені де сол ансамбльдің құрамына алды. 1958 жылы Мәскеу қаласында өткен қазақ мәдениетінің екінші он күндігінде Мәскеу сахнасында Шарамен бірге өнер көрсеттім. Менің соңғы жазғандарым– роман, хикаяттарым топтастырылып 2012 жылы «Ғасыр нұры» деген атпен  жарыққа шықты. Алла қуат берсе әлі талай шығармалар жазамын деген үміттемін.

Қазіргі прозашылардан, ақындардан кімдерді оқисыз?

– Асқар Алтайдың шығармаларын оқып тұрамын. Мен оның шығармашылығын Оралхан Бөкейге ұқсатамын. Табиғатты шебер суреттейді. Сол үшін де сүйіп оқимын. Ақындардан Ұлықбек Есдәулетті, Жәркен Бөдешұлын оқимын. Ұлықбекті оқып отырып нәзік, сыршыл лиризммен сусындасам, Жәркеннің жырлары Отанға деген, туған жерге деген махаббатың мен құштарлығыңды еріксіз  оятады. Кейде мен жас прозашыларды, жас ақындарды оқып отырып іштей қарным ашады. Шығармаларында ешқандай жаңалық жоқ. Образға, сюжетке жұтаңдау, кілең сылдыр суға бай шығармалар. Қазіргі жастар шығармашылығына көңілім толмайды. Сол үшін де оларды аса оқи бермеймін...

Шәрбану апа, сіз жетпістен әрі асып, сексеннің сеңгіріне таяп қалдыңыз. Өмірден, әдебиеттен түйгеніңіз мол... Қазақ халқына айтар тілек, лебізіңіз?

– Мен екі ғасырдың адамымын. Қиыншылықты да, қуанышты да көрдім. Аштықты да, тоқтықты да көріп өстім. Қазіргі бейбіт заманды көріп Аллаға шүкіршілік айтып отырамын. Бұрын зар жылап жүрген жанарымның бүгін еңселі, егеменді елдің ақ таңын көргені үшін бақыттымын! Тәуелсіз елім енді ешқашан қасірет шекпесе екен деймін. Әлемде қазақ халқындай ең ұлы, ең қастерлі ұлт жоқ. Ұлт бесігін тербетер анасы бар, Татулығы жарасқан қаласы бар, Абыз, батыр, данасы бар, Ұлан-байтақ, кең, дархан даласы бар қазақ елі мәңгі жасасын! 

Әңгімеңізге рахмет! 

Сұхбаттасқан: Салтанат Жүсіп
Бөлісу: