Ш. Пулатов: Жауластыру, ел ішінде іріткі салу әрекетін тек бірлік пен ынтымақтың арқасында тоқтатуға болады

20 Маусым 2019, 12:37 2855

Қазақстан халқы Ассамблеясының Ғылыми-сараптамалық кеңесінің отырысында ҚХА Төрағасының орынбасары, Нұр-Сұлтан қаласының өзбек этномәдени орталығының төрағасы, кеңес мүшесі Шерзод Пулатов жиында талқыланып жатқан мәселелер бойынша пікірін білдірді.

Ш. Пулатовтың айтуынша, отырыста Ғылыми-сарапшылық кеңестің мүшелері жиналып, жаңадан сайланған Президент Қ.К. Тоқаевтың алдыға қойған бірнеше стратегиялық бағыттарын талқылап, оларды жүзеге асыру үшін атқаратын жұмыстар ретін ортаға салған.

«Қазақстан халқы Ассамблеясы қашанда игі бастамаларды қолдап, шұғыл түрде әрекет етуде алдыңғы қатарда табылады. Бұл жолы да шетте қалмай, қосымша жоспар құрып, халықтың бірлігі мен қоғамдық келісімінің іргетасы биіктей беруі үшін маңызды істердің бағытын айқындап алып жатырмыз», – деді Ш. Пулатов.

Сондай-ақ ол Қ.К. Тоқаевтың сайлауалды тұғырнамасында көрсетілген әлеуметтік мәселелерді шешу жолдарына сәйкес тиімді тәсілдерді қарастыруда үлкен стратегиялық жобалар әзірленіп жатқанын хабардар етті.


— Бастысы, ел байлығы – бірлікті сақтап, діттеген межеге татулықты бұзбай жетуді мақсат етіп отырмыз. Қазақстанда тұрып жатқан этностар бұл мақсатта күш жұмылдырып, бірлікті сақтауда үлкен үлес қосуда. Бәріміз үшін Қазақстан – тең құқықта мекен ететін ортақ үйіміз, – деп, сөзін жалғастарды Ш. Пулатов. — Әлеуметтік желілерде етек алып бара жатқан жауластыру, ел ішінде іріткі салу әрекетін тек бірлік пен ынтымақтың арқасында тоқтатуға болатынын бәріміз де білеміз. Бұл жөнінде де Ғылыми-сарапшылық кеңестің мүшелері пікірлерін білдіріп, ойларын талқыға салуда, нәтижелі ұсыныстарын беретін болады.

ҚХА Ғылыми-сараптамалық кеңес отырысында ҚХА Төрағасының орынбасары – ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Жансейіт Түймебаев Кеңестің негізгі міндеттерін атап өтіп, ғалымдар мен сарапшылар ресми басылымдар мен әлеуметтік желілілерде нақты және ұғынықты түсіндіру жұмыстарын қоғамдық-саяси алаңда жүргізуі керектігін тапсырған болатын. Осыған сәйкес ҚХА Төрағысының орынбасары: «Талай қиындықтарды бастан кешіп, ашаршылық заманын бастан өткердік. Ұлттардың жер аударылуы заманында да қазақ халқы шаңырағынан орын беріп, бір тілім нанымен бөліскен. Бұл – халқымыздың бірегей менталитеті. Осы дәстүрде жоғарыда атап өткен мәселені шешетінімізге сенімдімін», – деді.

Нұргүл ШАТЕКОВА

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайына хабарласыңыз.

Нұргүл ШАТЕКОВА
Бөлісу: