ШҚО ҚХА: Атқарылған істерді БАҚ арқылы халыққа түсінікті етіп жеткізу – қызметтегі басты бағыт

12 Маусым 2019, 11:48 6365

Әлем қауымдастығы Қазақстанды жүзден астам ұлт өзара келісіммен бейбіт ғұмыр кешіп жатқан ел ретінде танып біледі. Ұлттық бейнесі сан қырлы болып келетін Қазақстандай үлкен елде бейбітшілік пен келісімнің орын алуы, ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың сындарлы саясатының бірі – Достық үйлерінің бас көтеруі деп айтуға әбден орынды. 


Шығыс-Қазақстан облысында сонау 1992 жылы жалпы Республика көлемінде алғашқы болып Елбасы өзі ашқан, Тәуелсіздікпен төл құрдас Достық үйіне биыл 27 жыл толып отыр. 

Қазақстан халқы Ассамблеясының еліміздегі ең көрікті әрі зәулім ғимараттарының бірі Шығыс-Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында орналсқанын ешкім жоққа шығара алмас. 


Көлемі 7 мың шаршы метрді алып жатқан алып ғимарат кезіндегі метуллургтердің мәдениет үйіне тиесілі еді. 2017 жылдан бері шығысқазақстандық этномәдени бірлестіктер түгелдей осы құтты мекенге қоныс тепті. 

Достық үйінің бүгінгі тыныс-тіршілігі мен алға қойған мақсаттары жайында білмек мақсатпен Шығыс Қазақстан облысының «Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы» КММ директоры Эльдар Төлеубековті әңгімеге тартқан едік. 


Әуелбаста Достық үйі этностардың тілдері мен мәдениетінің, салт-дәстүрлерін дамытумен айналысып келген болса, 2001 жылы республикада алғаш болып тілдер мен мәдениетті жаңғырту мектебі ашылды. 


Олардың тыңдаушыларының қатары жыл санап артып келеді. Бір ғана 2018-2019 оқу жылдарына мемлекеттік тілді оқу курстарына 1343 адам жазылса, ағылшын тіліне тоғыз топта 180 адам, 339 адам тоғыз этникалық тілдерді: неміс, татар, белорус, шешен, әзірбайжан, украин, иврит, армян, корей тілдерін үйренуде. Ал Семей, Курчатов қалалары мен Алтай, Көкпекті, Шемонаиха аудандарындағы Достық үйлері жанындағы жексенбілік тілдік мектептерде ниет білдірушілер неміс, украин, иврит, орыс және татар тілдерін меңгеруде. 


Шығыс-Қазақстан облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының тарихындағы маңызды оқиғалардың тағы бірі – архитектуралық-этнографиялық және табиғи-ландшафтты музей-қорық негізінде салынған теңдесі жоқ этноауыл. Оның аумағында 16 дәстүрлі этностардың үйлері тұрғызылған. 


2010 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев этноауылдың құрметті қонағы болды. Жыл сайын этноауыл негізінде халықтарды жалпыұлттық біріктіруге бағытталған қоғамдық-саяси, мәдени-жаппай шаралар ұйымдастырылып, өткізіліп келеді. 


2018 жылы ШҚО ҚХА өкілдері «Рухани жаңғыру» облыстық бағдарламасын іске асыру шараларына ат салысты. Нақтырақ айтқанда, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» республикалық жобасында жеңіске жеткен 11 шығысқазақстандықты ілгерілету, олардың жеке бастарының табыстарын түрлі имиджік алаңдарда насихаттау жұмыстары ерекше қарқынмен жүргізілді. 2018 жылы жоба жеңімпаздары ұзын саны 260-тан астам шараларға қатысты: жастармен кездесулер, форумдар, диалог алаңдары, ғылыми-практикалық конференциялар. 


Облыстық ассамблея арқылы тағы бір маңызды жоба – «Шығыс Қазақстан этникалық топтарының мәдени мұрасы» жүзеге асырылды. Оның барысында 7 ауданда қазақ, орыс және татар фольклорына қатысты материалдарды жинау бойынша ғылыми экспедициялар ұйымдастырылып, 9 өңірлік, республикалық және халықаралық фестивальдар өткізілді. 


Осы жұмыстардың нәтижелері бойынша әдістемелік нұсқаулықтар мен брошюралар басып шығарылды. Зерттеу жұмысының қорытындысы бойынша «Шығыс Қазақстан облысындағы Қазақстан халқының фольклорының энциклопедиясын» шығару жоспарланған. Бұл күрделі де маңызды жоба бес жылға шақталған. 

2018 жылы Медиация институтын насихаттауға баса назар аударылды. 2017 жылы елде алғашқы рет ашылған қоғамдық қабылдау бөлмесі мен виртуалды медиация кабинеті облыстық Достық үйінде - Қоғамдық келісім орталығында жұмысын өткен жылы да ойдағыдай жалғастырды. Жылдың соңына дейін облыстық Достық үйінің қоғамдық қабылдауына 375, ал виртуалды медиация кабинетіне 188 өтініш келіп түскен. Олардың барлықтары оң шешімдерін тапты. 


Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті мен ҚР ҚХА басшылығы қойған басты міндеттердің бірі - халыққа ҚХА-ның тұрақты жұмысын БАҚ арқылы түсінікті етіп жеткізу. Достық үйінің қызметін ақпараттық қамтамасыз етіп, жан-жақты дамыту мақсатында 3 адамнан жасақталған бұқаралық ақпарат құралдарымен жұмыс жасап, байланыс орнататын дербес жеке құрылымдық бөлімше ашылды. 


Сол бөлім облыстық Ассамблеяның өткізген іс-шараларына толыққанды ақпараттық қолдау көрсетіп, бұқаралық ақпарат құралдарын және әлеуметтік желілерді мониторингілеу, ШҚО-ның ресми сайтының тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп, Facebook, Instagram әлеуметтік желілеріндегі арнайы беттерді жүргізуді бір жолға қойған. Айсайын «Ассамблея жаршысы-Вестник Ассамблеи» газеті, ақпараттық бюллетеньдер мен әдістемелік нұсқаулар жүйелі түрде жарияланып тұрады. Шығыс Қазақстан облысы ҚХА жанында Журналистер клубы жұмыс істейді, оған белгілі журналист А. Кратенко басшылық етеді. 


Облыстың Достық үйі Жастар жылы аясында және ҚХА және этномәдени бірлестіктер жұмысының бағыттарын жаңаша жариялау тұрғысында балалар мен жасөспірімдердің шығармашылғы арқылы ҚХА-ның ақпараттық жұмысына жаңашылдық енгізуді қолға алды. 


Бұл жобаның екі мақсаты бар - балалар мен жасөспірімдер шығармашылығын дамыту және ересектер жағын атқарылып жатқан жұмысқа мейлінше тарту. Наурыз мерекесі аясында бағдарламаның пилоттық жобасы ойдағыдай іске асырылды. Қазіргі уақытта Өскемен қаласының №38 орта мектебі мен облыстық теледидар белсенді ынтымақтастық орнатуда. Жобаны жүзеге асыру үшін барлық материалдық-техникалық негіз бар: үлкен рұқсаты бар камера мен вестибюльде орналасқан кең экранды теледидар еншілігімізде бар. 


Бағдарламалар күн сайын кешкі 5 пен 8-дің арасында шығармашылық ұжымдардың (14 жасөспірім – жасөспірімдер шығармашылық ұжымдары - 496 – қатысушы) жұмысы барысында көрсетілетін болады. Статистикалық мәліметтерге сәйкес, ай сайын Достық үйіне 12 мыңнан астам адам келіп кетеді екен. Яғни бағдарламаларды тамашалайтын аудитория жетерлік. 


ШҚО-ның қоғамдық институттарының аймақтағы жұмыстары өте қарқынды: Облыстың аумағында отбасында толерантты білім мен тәрбие беру бойынша 284 аналар кеңесі мен қоғамдық келісім кеңестері жұмыс істейді. Іс-шараларды толыққанды үйлестіру мақсатында барлық деңгейдегі қоғамдық келісім кеңестері «Шығыс Қазақстан – шиеленіссіз аумақ» жобасын жүзеге асыруда. 


Сәйкесінше Аналар кеңесі «Отбасы - мемлекеттің негізі» жобасы бойынша қызметтерін үйлестіруде. Өткен жылы қоғамдық келісім кеңестері 1553 шара өткізіп, оларға 130 мыңнан астам адам тартылды. Олар қоғамның барлық саласын қозғайтын 720 өзекті мәселенің түйінін шешті. Аналар кеңесі жалпы 91 мыңнан астам адамды қамтитын 1392 шара өткізді. 


Жастармен жұмысқа ерекше назар аударылуда. Бұл бағытта Достық үйінде облыс ассамблеясының жастар клубы ойдағыдай қызмет етеді. 2016 жылдан бастап ШҚО жастар лигасы аймақта белсенді қызмет атқарып келеді. Жастар лигасының мүшелері өскелең ұрпақтың қатысуымен «Жастар» фестивалі, Толеранттылық мектебі, үш тілдегі жастар пікірталас платформасы, «Жігер» жастар лагері бойынша «ШҚО ҚХА жазы» және тағы басқа да түрлі шараларды жоспарлап ұйымдастыруда. 


2018 жылы Шығыс Қазақстан облысының жастар штабы Қазақстан халықтары Ассамблеясының қанатының астында жастар ұйымдарын біріктіру мақсатында «Жаңғыру жолы» Республикалық жастар қозғалысының аймақтық штабын құрды. «Айбын» әскери-патриоттық тәрбиелеу клубы мен «Жас Сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысы да осы бағыттағы шаралардың бір легі саналады. 


Қол қойылған меморандумдар мен хаттамалар шеңберінде, сондай-ақ этномәдени бірлестіктердің халықаралық ынтымақтастығы аясында Алтай өлкесі, Татарстан Республикасы, Новосібір облысы, Қытай мен Моңғолиямен трансшекаралық ынтымақтастық жыл өткен сайын дамып келеді. 2018 жылы Моңғолиядағы Ховд облысының Баян-Өлгей қаласында ШҚО облыстық туризм және сыртқы қатынастар департаменті «Алтай - біздің ортақ үйіміз» тақырыбындағы Халықаралық Үйлестіру Кеңесінің отырысын ұйымдастырып өткізді. 


Облыстық Достық үйінің қызметкері Асхан Таттымбек (Моңғолиядан шыққан этникалық қазақ) Монғолиядағы мектептердің түлектері арасында жеңілдетілген бағдарлама бойынша ШҚО жоғары оқу орындарына оқуға шақыру жұмыстарын белсенді жүргізуде. Атқарылған жұмыстың қорытындысы бойынша бүгінгі таңда 80 шәкірт Д. Серікбаев атындағы ШҚМТУ дайындық курстарына тартылса, 55 студент С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-де ойдағыдай білім алуда. 


Жоғарыда айтылғандардың барлығын қорытындылай келе тоқсан сөздің тобықтай түйіні - елдегі этносаралық тұрақтылық пен келісімді нығайту ісінде барлығымызға табандылық тілер едім. Себебі кең байтақ еліміздің түкпір-түкпіріндегі Достық үйлерінің шығармашылық және материалдық дамуына, олардың қабырғаларында бірегей бастамалардың дүниеге келіп, жұмыстың жаңа бағыттарының белсенді енгізіле беруі тек қана өз қолымызда дер едім. Олай болса, іске сәт. 

Әсем Жұмабекова 


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Қазақстан халқы Ассамблеясы порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Авторизация бойынша ank_portal@assembly.kz мекен-жайынахабарласыңыз.

Бөлісу: