ШҚО-да ашық аспан астында мұражай ашылды

9 Қыркүйек 2016, 10:40

Келушілер 8,5 метр тереңдікке түсіп, құнды археологиялық қазбаларды жақыннан көре алады

ШҚО, Катонқарағай ауданының Берел жазығында Қазақстанда баламасы жоқ ашық аспан астында мұражай ашылды. Келушілер 8,5 метр тереңдікке түсіп, құнды археологиялық қазбаларды жақыннан көре алады. Бұл туралы ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Биыл Шығыс Қазақстанда археология саласында ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытудың аймақтық жоспарының аясында Берел жазығындағы қорғандарда қазба жұмыстары жүргізілді. Мұнда ғалымдар б.з.д IV ғасырға жататын адам сүйегі мен құрбандыққа шалынған жеті жылқынын қаңқалары бар №2 қорғанды қазған болатын. Табылған барлық жылқылар скифтік жануарлар тәсілімен, оның ішінде ежелгі көшпенділер мәдениетінде сирек кездесетін қораз бейнесінде безендірілген. Сонымен қатар қорғаннан қыш құмыралар шығып отыр.

Аймақ басшысы Даниал Ахметовтің тапсырмасымен құнды жәдігерлерді келушілердің көруіне мүмкіндік жасау үшін қорғанның үстінен бір жарым айдың ішінде шыны саркофаг тұрғызылды.  Қатты шыныдан жасалған саркофагтің аумағы 90 шаршы метр, ал биіктігі жәдігерлер жатқан жерден бастап 8,5 метрді құрайды.

– Ашық аспан астындағы мұражайды ашу – облыс үшін маңызды мәдени құбылыс. Бұл шараның Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығымен тұспа-тұс келуі өте маңызды. Біз бұл айтулы мерейтойға зор ұлттық құндылықтарымызды ала келдік. Археолог Зейнолла Самашевқа үлкен алғыс білдіремін, - деді ШҚО әкімінің орынбасары Жақсылық Омар нысанның тұсаукесер салтанатында.

Сонымен қатар бірегей кешенмен шетелдік ғалымдар да танысты. Шақырылған меймандардың бірі, Ресейдің Санкт-Петербург қаласының мәдениет институтының профессоры Николай Боковенко осындай зерттеулер Тува мен Хакасияда жүргізіліп жатқанын айтып өтті. Бірақ ғалымдар аз уақыт аралығында мұндай мұражайды ашу  мүмкін емес деп санайтынын сөзге  тиек етті.

Айта кетсек, ертең Шығыс Қазақстанда облыста жүргізіліп жатқан археологиялық зерттеу жұмыстарының нәтижесіне арналған «Алтай – түркі әлемінің алтын бесігі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтеді.

Конференция жұмысына Франция, Корея, Ресей және Монғолия мемлекеттерінің  дипломаттық корпустарының өкілдері, Қазақстан, Түркия, Ресей, Ұлыбритания, Венгрия, Германия, Польша, Қытай мемлекеттерінің үздік археологтары мен түркітанушылары қатысады.

Бөлісу: