ШҚО-да қазақстандық этностардың көрнекті тұлғаларының тізімі жасақталмақшы

10 Қазан 2019, 18:16 2578

11 қазанда сағат 10.00-де Өскемендегі С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінде «Қазақстан этностары: еліміздің тарихи-мәдени дамуына қосқан үлестері» тақырыбындағы сұхбат алаңы өтеді.

Ұйымдастырушылардың ақпаратына сәйкес, іс-шара «Қазақстан этностарының Қазақстан халқының ортақ тарихи және мәдени мұрасына қосқан үлесін зерттеу» жобасы аясында жүзеге асырылады.

Сұхбат алаңын өткізудегі басты мақсат – мәдениет, білім беру және ғылым салаларында үлкен қызмет атқарып, еліміздің дамуына елеулі үлес қосқан қазақстандық этностар өкілдерінің ортақ электронды мәліметтер базасын құру бойынша пікір алмасу және ұсыныстар әзірлеу.

Диалог алаңына Өскемен, Семей және Павлодар қалаларының танымал тарихшы, әлеуметтанушы, этнограф ғалымдары, этносаралық қатынастар және мұрағат ісі салаларының жетекші мамандары, сондай-ақ этномәдени бірлестіктерінің өкілдері шақырылып, білікті сарапшылардың ұсыныстары мен пікірлері негізінде қазақстандық этностардың шығыс өңіріндегі көрнекті тұлғаларының тізімін жасақтау көзделеді.

Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Бақыт Атантаева еліміздегі этностардың өңірлердің әлеуметтік және мәдени дамуына тигізген әсері туралы баяндама жасайды деп күтілуде.

Ал Невзоров отбасы атындағы Семей қалалық бейнелеу өнері мұражайының директоры Татьяна Стромская Қазақстандағы бейнелеу өнерінің дамуына Ю. Невзоровтың қосқан үлесі жөнінде баяндайды.

Шығыс Қазақстан мемлекеттік университеті жанындағы «Алтайтану» ғылыми-зерттеу орталығының бас ғылыми қызметкері Жанна Әубәкірова өзінің баяндамасын еліміздегі демография ғылымының негізін қалаған Н. Алексеенко еңбек жолы мен жетістіктеріне арнамақшы.

Павлодар мемлекеттік педагогикалық универститетінің доценті Бауржан Абдрахманов Павлодар Ертіс өңіріндегі қазақстандық этностардың көрнекті өкілдері туралы жинақталған мәліметтерімен бөлісетін болады.

Сонымен бірге, «Рухани жаңғыру» институтының бас сарапшы-менеджері, философия ғылымдарының кандидаты Рузия Камарова қазақстандық этностардың елдің дамуына қосқан үлесін айқындауға бағытталған зерттеу жобасының таныстырылымын өткізеді.

Сұхбат алаңында талқыланатын зерттеу жобасы Рухани жаңғыру мемлекеттік бағдарламасындағы «ұлттық сананың қарама-қайшы полюстерін үйлестіру» және қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру мақсаттарына бағытталған.

Бөлісу: