Шәмші Қалдаяқов

31 Тамыз 2014, 06:08

АЛДАЯҚОВ Шәмші (15.8. 1930, Оңт. Қазақстан обл. Отырар ауд. Шәуілдір а. – 29.2.1992, Алматы қ.) – композитор, Қазақстанның халық артисі (1991). Шымкент, Тараз, Жетісай қ-ларының құрметті азаматы.

ҚАЛДАЯҚОВ Шәмші (15.8. 1930, Оңт. Қазақстан обл. Отырар ауд. Шәуілдір а. – 29.2.1992, Алматы қ.) – композитор, Қазақстанның халық артисі (1991). Шымкент, Тараз, Жетісай қ-ларының құрметті азаматы. Сарыағаштағы Қапыланбек малдәрігерлік техникумын бітірген (1950). 1951 – 54 ж. Қиыр Шығыста әскери борышын атқарды. 1955 ж. Ташкенттегі музыка уч-щесінің музыка теориясы ф-тіне қабылданды. 1956 – 62 ж. Алматы мемл. консерваториясының композиция ф-тінде (проф. В.В. Великановтың класы бойынша) оқыды. 1950 жылдан бастап шығарм. қызметпен айналысты.

Қ. ұлттық муз. өнерінің ән жанрына аса айқын, соңғы леп ала келген сазгер ретінде көрінді. Оның әндері құлаққа жағымды, жүрекке жылы қабылданып, жұртшылықтың сүйіспеншілігіне бөленді. Композитор шығарм-ның тақырыптық, мазмұндық ауқымы аса кең. Елге, жерге, Отанға, ата-анаға, жарға, дос-жаранға деген сүйіспеншілік Шәмші шығарм-ның басты тақырыбы. Оның азаматтық лирикаға тұнған, республикамыздың кең байтақ жерін жырға қосатын: “Ақ ерке – Ақ Жайық”, “Арыс жағасында”, “Сыр сұлуы”, “Жарқырайды Жезқазған”, “Қарқаралы”, “Фосфорлы Жамбыл”, “Байқоңыр”, “Талдықорған – әнім менің”, “Ырысты өлке – Шардара”, “Отан”, “Теріскей”, “Мойынқұмда”, “Отырардағы той”, “Көгілдір Көкше”, “Өмір өзен”, т.б. туындыларын жұртшылық ерекше ықыласпен қабылдады. Композитордың марш екпінді, жігерлі, шаттықпен шырқалатын: “Менің Қазақстаным”, “Теңізде – толқында”, “Бақыт құшағында”, “Бәрінен де сен сұлу” сияқты әндері халық арасына кеңінен тарады. “Ақмаңдайлым”, “Ақсұңқарым”, “Қайдасың?”, “Еркежан”, “Ана туралы жыр”, “Құшақ жайған қандай адам?” “Қайықта”, “Қыз сағынышы”, “Ақ бантик”, “Кешікпей келем деп ең”, “Қуаныш вальсі”, “Әнім сен едің”, “Сағынышым менің” әндері Р.Бағланова, Р.Абдуллин, Б.Төлегенова, Р.Мұсабаев, З.Қойшыбаева, т.б. әншілердің репертуарынан берік орын алды. Қ. артында мол муз. мұра қалдырды. Республика жастар сыйл. иегері болды (1965).

1992 жылдан бастап сазгерлер мен әншілер үшін Қ. атынд. халықар. байқау-фестиваль дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Шымкент қ-нда обл. филармония, бір көше, Алматы қ-нда бір көше, композитор туған өлке – Шәуілдір а-ндағы музыка мектебі – Қ. есімімен аталады. Шымкент филармониясының алдына Қ. ескерткіші орнатылған. 1991 ж. Қ. жайлы ғұмырнамалық “Жылдарым менің, жырларым менің” (реж. Т.Ахметов) деген деректі телефильм түсірілді. “Шәмшіғұмыр” естеліктер мен мақалалар жинағы жарық көрді (2002).

Шығ.: Әндер, А., 1967; “Бақыт құшағында”. Әндер жинағы, А., 1971; “Сағынышым менің”. Әндер, А., 1978; “Менің Қазақстаным”. Әндер, А., 1981; “Шәмші әлемі”. Әндер, А., 2000.

Ә. Телғозиев

"Қазақ энциклопедиясы"

Бөлісу: