Соғыстың тірі куәгері

10 Мамыр 2017, 10:43 7234

Елбасының ұстазы Сейітхан Исаевпен сұхбат

Биыл 100-ге толып, ғасыр жасап отырған Сейітхан Исаев қанды қырғын соғыстың бел ортасында болып, небір зұлмат заманның, қилы да қыңыр күндердің тізбегін басынан өткерді. «Қазақстанның еңбек сіңірген қызметкері» құрметті атағы мен қоса Ұлы Отан соғысы кезіндегі жауынгерлік ерлігі үшін 1,2-ші дәрежелі ордендері мен КСРО, Украинаның он екі мерекелік медальдарымен, еңбектегі үздік жетістіктері үшін бес медальмен марапаттталған.

Тұтас ғасыр куәсіне айналған тірі тарих иесін сөзге тартқан едік.

 – Әңгімені туған топырақ, өскен жерден бастасаңыз...

 – Қозыкүзем уақытында Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, № 9 ауылында туғанмын. Атадан екеуміз, мен және қарындасым. Ашаршылықтың алғашқы белгілері біліне бастағанда әкем «өндіріс бар» деген соң Балқаш мыс комбинатына қоныс аударыпты. Ол заманда көлік шаруашылығы деген өз алдына жеке шаруашылық болған, соны әкем басқарыпты. Халық басына нәубет күн туған тұста әркім өзінше қамданып, жан сақтау мақсатында нан бар деген жерге ауа көшіп келе берген қилы кезең еді ғой.

 – Ол заманда кез келген адамның бүгінгідей білімге қолы жете бермеген, сіздің білім меңгеру жолыңыз қалай өрбіді?

 – Әкем балаларым білімсіз қалмасын деп сауатсыздарға білім үйрету мекемесінде мұғалім боп жүрген інісі Әуезханға мені ілестіріп Алматыға алып келген. Ағайым ол кезде 20-ларға енді шыққан, менің жасым бар болғаны 13-тер шамасында. Ол кезде білім ордасы Алматы болып саналатын. КСРО халық әртісі Күләш Байсейітованың да әкемнің біздерді оқытуына тигізген септігі орасан. Ол кісінің шешесі біздің немере апайымыз болып келеді. Алдан кезіккен қиындыққа қарамай, бізді оқыту мақсатында барын салған әкеме алғысым шексіз.

1920 жылдардың орта тұсында Сәкен Сейфуллин ел аралап, елді-мекендер хақында мәліметтер жинасуына көзі ашық, қара таныған әкем қол ұшын беріп, атқосшысы болған. Сейфуллин кетерінде әкеме «дәм жазып, Алматыға келе қаслсаң, маған соқпай кетпе» деген екен. Біздің педрофакта білім алуымызға бірден-бір себепкер осы Сәкен Сейфуллин. Оқуға шамасы жететін 5-6 баланы ауылдан алдыртып,дұрыс жол сілтеді. Ата-бабаларымыз қандай кәсіппен айналысса соған қарай түсірді. Мысалы, арамыздағы бір баланы аталарында балгерлік болған, соған орай оны дәрігерлік институтқа, мал өсірумен айналысқандардың балаларын ауыл шаруашылық институтына жіберді. Міне, Сәкеңнің арқасында 1935-1938 жылдары педрофакта білім алдым. Ағамда осы оқу ордасына келіп түсті. Оның өзі бір қызық оқиғадан бастау алды. Бұл оқу орнына жасымыз жетпей, 3 жылдық оқуды 4 жыл оқып шыққанымыз бар.Иманқұлов пен Көшкінов дейтін азаматтар мен секілді жасы жетпей қалғандарды үйді-үйіне таратып жібермей, арнайы топ аштырып, ары қарай білім нәрімен сусындауымызға ықпал етті. Жатақханада жатып оқыдық, карточкамен тамақ алатынбыз, сондағысы 600 гр нан, ұн көже... Жүгеріні пісіріп, қуырып сатады. Піскені аз уақытқа ғана шыдағандықтан, қуырылғанын ақшамыз жеткенше сатып аламыз да талғажау етеміз. Не керек амалдап жүріп тәмәмдап шықтық.

 – Соғыс алаңындағы күндеріңіз қалай өтті?

 – 1942 жылы әскери борышымды өтеу қатарына шақырылып, Орлов әскери училищесіне оқуға бардым. Қысқа мерзімде училищені лейтенант әскери атағымен бітіріп, Ашхабаттағы №18 мергендер мектебінде взвод командирі болып қызмет істеп, 1943 жылы соғыс майданына аттанып, 2 ші украин майданы, 41 гвардия дивизиясының 24 полкінің бірінші батальонының құрамында взвод командирі болып қатыстым. Мұғалімдіктің арқасында екі рет соғыстан қалып қойдым, біріншісі Алматы облысында, Еңбекшіқазақ ауданында ұстаздыққа қалдым. Ал екінші рет 1942 жылы менімен қоса 5 мұғалімді Түркіменстанға Ресейден көшіп келген әскери училищеге жіберді. Жоғарыда айтқан Орлов училищесі осы еді. Майдан Сталининград түбіне ауысып жатқан уақыт. Ашхабад қаласында соғысқа аттанғалы тұрған пойыздан бірнеше мұғалімдерді түсіріп ап қалды. Оның ішінде мен де бармын. Содан бізге училищені күзету тапсырылды. Аз уақыт өтер-өтпес мергендер мектебі құрылып, төрт республикадан резервтегі адамдар таусылғандықтан 16-17 жастағы балалар саулап келе бастады. Осы балаларға бар болғаны үш ай оқытып, соғысқа аттандырып жібердік.

Мен барсам, 1 ші Украинада әскерлер Днепр өзенінен өтейін деп жатқан тұс екен. Взвод командирі қатты жараланып қалған. Сонда немісті көрмей жатып, судан қорыққаным-ай. Себебі, Балқаш өзенінің жанында өссем де жаз шыға жайлауға кетіп қалатындықтан жүзуді білмейтінмін. Не керек, түнгі үште судан өтуді бастауға бұйрық түсіп, қару -жарақ өткізуге берілген ағаш қайықтың астына жасырылып өтіп алдым. Бәрі өтіп болды-ау дегенде шабуылға сигнал берілді. «Ура, ура» деп, қолыңдағы мылтықты ата бересің. Таңғы жаңғырықпенен аз болсаң да көп қол сияқты естіліп, немістер қарсы тұруға шамасы келмей кері шегінеді екен.

Соғыста жүріп екі рет жараландым, оның біріншісі қараша айының 20-ларында жанымызға келіп снаряд жарылды. Жерге түскен соң асколка боп шашылып кетеді. Ет бетімнен жатқан менің сол аяғымды солқ еткізді. Етіктің табанынан өтіп, кішкентай саусағымның екіншісінің терісі ғана ілініп қалыпты. 2-3 сағаттан соң алғашқы көмек көрсету келіп, ем-домымды жасап кетті.

Екінші рет 1943 жылы сол қолымнан жараландым. Тағы да асколка бөліп кеткен. Көмек екі күннен кейін ғана көрсетілді. Қолым ісіп, қап-қара боп, адам шошитындай күйге жетіпті. Бір ағаштың түбінде дәрігерлер жарақат алғандарға кезек-кезек ем-домын жасап, ота істеп қызу жұмыстың үстінде. Маған да операция жасалып, 5 ай гипсте жүрдім. Бәр дәрігер қолымды кесіп тастамақ болған екен, біреу ара түсіп, алып қалыпты. Осы жараланғанымнан соғысқа жарамай елге оралдым. 5-6 жылдан кейін ғана қолым қалпына келді. Сіңір тартылып, ет мүлдем қашып кеткен. Жаттығулар жасап жүріп, әрең қалпына келтіріп алдым.

 – Соғыстан кейінгі өміріңіз жайлы айта кетсеңіз?

 – Үкіметтің арнайы қаулысымен әскер қатарынан шығарылған соң, мектепке оралып, Алматы облысы, Еңбекшіқазақ ауданы, Есік орта мектебіне әуелі алғашқы әскери дайындық пәні мен тарихтан сабақ бердім. Одан аталған мектептің директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары, кейін директоры болып 1948 жылдың тамыз айына дейін жұмыс істедім.

1948 жылы оқу министрлігі Алматы облысы, Қаскелеңдегі Абай атындағы қазақ орта мектебі директорының оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары қызметіне ауыстырды. Бұл мектепте 1999 жылға дейін істеп, ауданда өзімнің бастамаммен жаңадан ашылған Қарасай аудандық тарихи-өлкетанумузейіне ғылыми қызметкерлікке ауыстым. Бұл жерде 2004 жылға дейін істеп, құрметті демалысқа шықтым.

 – Әңгімеңізге көп рахмет, аман-саулығыңызды тілейміз!

Мөлдір Қайнар
Бөлісу: