Сезімталдық, жанқиярлық, адалдық: Қызметке иттерді қалай таңдайды

6 Қаңтар, 00:31 1216

Кинолог – иттерді дайындайтын арнайы маман, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

Қиындығы мен қызығы қатар жүретін бұл мамандық иелері итті баптап, халықтың тыныштығын қамтамасыз ететін төртаяқты достарымызды қылмыстың бетін ашуға дайындайды. Бүгінде бұл мамандық иесінің дәрежесі жоғары. Себебі түрлі қылмыстың бетін ашып, есірткі заттарын, жарылғыш заттарды табатын жаужүрек иттердің қоғамға пайдасы зор.

Қазақстанда 22 кинология орталығы бар. Соның бірі Жамбыл облысындағы кинология орталығымен толығырақ танысайық. Бұл кинология орталығында аттестатталған 12 кинолог, 48 қызметтік ит бар. Мамандардың айтуы бойынша, кинолог пен иттің ерекше байланыс болуы керек. Себебі төртаяқты достарымыздың жауапкершілігі жоғары қызметте өз иелеріне дағдылануы маңызды рөл атқарады. Бұл туралы кинолог маманнан сұрастырып көрдік.

Жамбыл облысы ПД Кинологиялық қызмет орталығының кіші инспектор кинологы Нұрбол Төребектің осы қызметте жүргеніне 10 жылдан астам уақыт болды. Ең алдымен ол азаматтық борышын шекара қызметінде атқарған. Содан бері итке деген қызығушылығы артып, осы мамандыққа бет бұрған. Бүгінде өзіне бекітілген үш қызметтік итті күтіп-бағып, қылмыстың бетін ашуға үйретеді. Сонымен қатар өзіне бекітілген иттермен көптеген іс-шараларда бой көрсетіп, тәжірибелі маман екенін дәлелдеп келеді.

Орталықтағы кинологтардың өз бағыты және бекітілген иті болады. Әр итті қызметке таңдау барысында түрлі критерийлерге, бекітілген нормативке байланысты тексереді. Ең алғаш келгенде түрлі тестілеуден өтеді. Төртаяқты достарымыздың іздеуге атсалысуы және иіскеу қабілеттілігі қаралады. Менің бағытым – жарылғыш заттарды табу және шабуылдаушы иттермен айналысу. Маған бекітілген иттер: Боран, Мак және Барон. Яғни, екеуі шабуылдаушы, біреуі жарылғыш заттарды іздеуші, – деді Нұрбол Төребек.

Кинолог маманның сөзінше, ол өзінің иттерін 3 айлық күшік кезінен өсірген. Ал күшік 7 айға толған кезінде Алматы қаласында жарылғыш заттарды табуға үйрететін арнайы 3 айлық курстан өткен. Сонымен қатар, үйретілген оқу-жаттығуларды жиі қайталап отырудың маңызы зор екенін атап өтті.

Иә, жоғарыда атап өткеніміздей, мамандар итті темпераментіне байланысты әр бағытқа баулиды. Бір ит адамдардың арасында өзін емін-еркін сезінсе, бірі тартыншақтау болады, ал кейбір иттер доппен ойнағанды жақсы көреді. Осы қасиеттері бойынша, ауыр қылмыстар жасаған қылмыскерді іздейтін иттер, есірткі заттарын және жарылғыш заттарды табуға арнайы үйретілген иттер деп бөлінеді.

Орталықтағы қызметтік-іздестіру иттерінің бірі – Мона, бельгиялық овчарка. Оның ауыз толтырып айтатын ерен еңбегі бар. Естеріңізде болса, 2021 жылы Жамбыл облысында қайғылы оқиға болған еді. Байзақта болған жарылыс кезінде үйінді астында қалған екі ТЖ қызметкерін дәл осы Мона іздеп тапқан.

Мона қазір 4 жаста, ол 8 айынан бастап орталықта қызмет етеді. Ол адамды иіс арқылы іздеуге машықтанған. Осы тұста қызықты факт айта кетейік, жалпы иттер 11 миллион иіске дейін ажырата алатын көрінеді. Адаммен салыстырғанда сезу қабілеті 10 мың есе күшті. Қараңғыда олар 100 метрге дейін қозғалған затты байқап, 25 метр қашықтықтағы дауысты ажыратады екен. Ал иісшіл иттерді үйрету үшін екі жылдан артық уақыт жұмсалады. Мона оқу-жаттығу барысында байқағанымыздай өте шапшаң және ширақ.

Монаның жанында көзге түскен тағы бір қызметтік серік – Урия. Ол көліктерден, үй-жайлардан есірткі затын іздеуге үйретілген. Есірткі табумен 6 жылдан бері айналысып келеді. Яғни, күшік кезінен осы бағытқа бейімделген. Урия “Қарасора” профилактикалық іс-шарасын өткізуге жүйелі түрде атсалысады. Сонымен қатар кинологиялық орталықта керемет эксперименттің куәсі болдық. Қызметтік иттің иесі жанымызда тұрған көлікке есірткі құралын тығып қойды. Бірнеше минут өткесін төртаяқты досымыз дереу арада есірткі затын тауып, иесіне белгі берді. Осы орайда айта кетейік, Жамбыл облыстық ПД КПБ-ның мәліметінше, қызметке таңдалып алынған иісшіл иттердің көмегімен өңірде өткен жылы 131 қылмыстың беті ашылды. Ал ЕҚҚІҚБ ақпаратына сүйенсек, 2023 жылы заңсыз айналымнан 310 келіге жуық есірткі заттары тәркіленді.

Есірткі іздейтін иттер олар жерді тырмалауы мүмкін, ал жарылғыш затты табатын иттер қимылдамай отырып немесе жатып белгі береді, – дейді кинолог маман.

Мамандардың айтуынша, жануарларды жаттықтыру кезінде рефлекстер іске қосылады, тіпті күшік кезінде итке бір нәрсені иіскетіп, адамды табу керек деген тапсырма беріліп, оны сәтті орындаса, тамақ беріледі. Ол автоматты түрде адамның мейірімді және оны тамақтандыратынын немесе ойнайтынын біледі. Жалпы, қызметтегі иттерді тәтті тамақ немесе ойын добы қызықтырады. Яғни, іздеген затын олар доп көріп, оны тапса, иесі оны марапаттайтынын жақсы біледі. Бүгінде қызметтік иттің қатарына көбінесе бельгиялық овчарка, малиуна және неміс овчаркасы кіреді. Бұл иттер барлық салаға жарамды. Ал өзіміздің алабай және тазы, төбет тұқымды иттер жалпы бұл қызметке қолайлы ма? Бұл жайлы маманымыз толығырақ тарқатты.

Негізі қазақтың төбет, тазы иттерін белгілі бір обьектілерге қарауыл мақсатында қызметке қойсақ сенімді және қолайлы болады. Алайда бұл иттер мұндай есірткі табу, адам іздеу секілді тапсырмаларға арналмаған. Біріншіден, олар үлкен болғандықтан адамдар олардан қорқады. Ал бізге көбінесе көлемі орташа, икемді, шапшаң иттер қажет, – дейді Нұрбол Төребек.

Сонымен қатар қызметтік иттердің жағдайы жіті бақылауда болады. Яғни, аптасына бір рет әр ит толыққанды медициналық тексерістен өткізіледі. Егер де, қызметтік иттер жұқпалы ауруға шалдықса не болмаса ауыр жарақат алып қызметке жарамсыз болса, онда оларды арнайы комиссияның шешімімен жұмысқа жарамсыз деп танып, екпемен ұйықтатылады. Ал зейнет жасына шыққан иттер жақсы қолға табысталады. Иттер шамамен 8 жасынан бастап зейнетке шығады. Қызметке жарамды болса, 10-12 жасына дейін жұмысын жалғастырады.

Перизат Саденова
Бөлісу: