Сержанттың отбасында тоғызыншы нәресте дүниеге келді

9 Қазан, 13:57 415

Қарулы күштер әскери қызметшісінің отбасында тоғызыншы нәресте дүниеге келді, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қорғаныс министрлігінің мәліметінше, Әбілхановтар отбасында Асылым есімді тоғызыншы бала дүниеге келді. 

Бақытты ананы перзентханадан шығарып алуға күйеуі, балалары, туыстары мен жұбайының әріптестері – 3-сыныпты сержант Рауан Әбілханов бөлімше командирі болып қызмет ететін Астана қаласындағы аумақтық қорғаныс бригадасының әскери қызметшілері барды.   

Мен бақытты адаммын. Менің тоғыз балам – сегіз қыз, бір ұлым бар. Үлкеніміз колледжде оқиды. Әрине, әр адам балалы болады ғой, алайда балаларға нағыз әке болу әлдеқайда қиын әрі жауапты. Оларға қарап шексіз әкелік махаббат пен мақтанышты сезінемін. Әрқайсысының орны бөлек. Бәрі де өз елінің лайықты азаматы, патриоты болып өссе екен деймін, – деді Рауан Әбілханов.

Көпбалалы ата-ананы елордалық аумақтық қорғаныс бригадасы командирінің орынбасары подполковник Еркебұлан Абижов құттықтады. Ол Рауан Әбілхановтың 2022 жылы «Әли» оқу-жаттығу орталығынан – Алматы облысының Шелек ауылы бағыты бойынша 350 шақырым ультрамарафонды 48 сағат ішінде жүгіріп өткені үшін Қазақстанның рекордтар кітабына енген еңбегін атап өтті. 

Әріптесіміз қызды боп жатқанда, біз де шет қалмай Әбілхановтар отбасының қуанышына ортақтасып, осында келдік. Алға қойған барлық жоспарлары мен армандары орындалсын, ал балалар бақытты әрі дені сау болып өссін, – деді подполковник Еркебұлан Абижов.

42 жастағы Рауан Әбілханов 15 жылдан аса жеңіл атлетикамен айналысады. Ол Алматы қаласында және ҚР Қарулы күштерінде өткізілген марафондардың бірнеше дүркін жеңімпазы. Келесі жылы әскери қызметші өзінің рекордын жаңартқысы келеді. Ол Астанадан Балқашқа қарай 10 күн ішінде Қарағанды тас жолымен 1000 шақырым жүгіруді жоспарлап отыр.

Мадина Асылбекова
Бөлісу: