19 Қараша 2014, 10:50
Төріңде бесік тұрса, төре де басын иеді. Жас өнертапқыш Серікбол Шәймардан ұлттық электрондық бесік ойлап тапты. Туынды авторы – болашақ радиотехника маманы. Қашықтан басқарылатын бесік сәби даусына тербеледі. Робот-бесікті пайдаланған жас аналар оның ерекшелігіне тәнті болды.
Баланың жылаған дауысына қарай өздігінен тербелетін, 12 вольттық батарейкамен-ақ қозғала беретін бесік ойлап тапқан астаналық жас өнертапқыш көпшілік жас қазақ отбасыларының мұқтаждығын дөп басқандай.
23 жастағы Серікбол Шәймардан – Қытайдың Алтай өлкесінің тумасы. Қазақстанға 2007 жылы көшіп келген. Орта мектепті Өскемен қаласында бітіріп, 2009 жылы Астанадағы Еуразия ұлттық университетінің физика-техникалық факультетіне оқуға түседі. Қазір осы оқу орнында магистратурада оқиды. Ол тербелетін бесік жасап шығуға 6 жыл уақытын жұмсаған. Өзінің айтуынша, Қытайда оқып жүргенде физикадан мектепаралық өнертапқыштар жарысы өтіп, жасап апарған бесігінің алғашқы нұсқасы үшін жүлделі орын алады.
Серікболдың бесігінде баланың күйінен хабар беретін бірнеше құрылғы бар екені байқалады. Оның бірі бөбектің дене қызуын бақыласа, екіншісі жөргектің ылғалдығын анықтайды. Егер баланың қызуы бөлме температурасынан түсіп не асып кетсе: «Балаңыз тоңып қалды» немесе «Балаңыз ауырып қалды» деген дыбысты ескерту айтылады. Бесік тербетілгенде қондырғыға енгізілген «Бесік жырын» ойнатып қоюға болады.
«Smart Бесік ата-анаға тек көмекші емес, сонымен бірге тәрбие құралы болса деймін. Алдағы уақытта қондырғы жадындағы «Бесік жырларының» санын арттыруды ойлап жүрмін. Ол үшін бірнеше әншінің келісімін алдым» дейді өнертапқыш.