Серiк ӘБДIРАЙЫМҰЛЫ: "Димекең: «Өзiң таяқ жемейтiн күнi жарияларсың» деген едi"

31 Шілде 2014, 07:40

Серiк ӘБДIРАЙЫМҰЛЫ, Халықаралық Д.А.Қонаев қорының вице-президентi, «Санат» баспасының директоры, публицист-жазушы.

Халықаралық Д.А.Қонаев қорының вице-президентi, «Санат» баспасының директоры, публицист-жазушы.

ТҰҢҒЫШ КIТАПҚА ПРЕЗИДЕНТIМIЗДIҢ БАТАСЫН АЛДЫҚ

Сiз ең алғаш ҚазҰУ-дың жанынан «Қазақ университе-тi» баспасын аштыңыз. Ол көп ұзамай «Санат» баспасына айналды. Оның себеп-салдары неде? Жалпы, осы баспа ашудағы негiзгi мақсатыңыз не болды?

– Қашанда үлкен iстiң басында жанашыр боп жақсы адам жүредi. Сондай жаны жайсаң, жұдырықтай жүрегi «елiм, ұлтым» деп соққан азаматтарымыздың бiрi Шайсұлтан Шаяхметов едi. Оқу-ағарту саласындағы шешiлмей жатқан бар проблеманы ол кiсiден артық ешкiм бiлмейтiн. Соның ең өзектiсi – оқулық едi. Мектептi, кəсiптiк бiлiм беру жүйесiн былай қойғанда, жоғары жəне орта арнаулы оқу орындарының өзi қазақша оқулықтарға, оқу құралдарына, көмекшi əдебиеттерге аса зəру едi. Сол мұқтаждықтан əлi күнге дейiн арыла алмай келемiз. Марқұм Шайсұлтан Шаяхметұлы тəуекелге бел байлап, осы күнгi əл-Фараби атындағы Ұлттық университеттегi баспа кабинетi негiзiнде «Қазақ университетi» баспасын ашуға мұрындық бол-ды. Пышақтың қырындай əдiстемелiк əдебиеттердi шығарумен шектелiп келген кабинетте екi электронды машинкадан басқа ештеңе жоқ едi. Обалы нешiк, сол кезде Бiлiм министрiнiң экономика жөнiндегi орынбасары Бердiбек Машбекұлы Сапар-баев Қаржы министрлiгiнiң табалдырығын тоздырып жүрiп, белгiлi мөлшерде қаражат мəселесiн шешсе, Министрлер Кабинетiнiң вице-премьерi Мырзатай Жолдасбеков баспаның мекен-жайын белгiлеп бердi. Өндiрiс жəне жоспарлау бөлiмiн, техникалық жəне көркемдеу редакциясын есепке алмағанда, үш бiрдей – гуманитарлық, жаратылыстану, техникалық əдебиеттер бас редакциясы құрылды. Штатында жетпiс бес адамы бар шығармашылық ұжым 1991 жылы өзiнiң төлбасы кiтабын – Мəмбет Қойгелдиев пен Рəбиға Сыздықованың «Қадырғали би Қосымұлы жəне оның «Жылнамалар жинағы» деп атала-тын еңбегiн жарыққа шығарды. Сүйiншi данасын референдум жүрiп жатқан күнi тұңғыш Президентiмiз Назарбаев Нұрсұлтан Əбiшұлына салтанатпен тапсырдық. Республика тəуелсiздiгi-мен бiр күнде дүниеге келген тұңғыш кiтапқа сүйiнiш бiлдiр-ген Президентiмiздiң батасын алдық.

Дегенмен, нарықтың қалтадан қағып, шөмiштен қысар уақыты əлi де алда емес пе едi?

– Əрине, бұл iргелi iсiмiздiң iлiп алды қадамы болатын. Ал-дымызда экономикалық дағдарыс жылдарымен қат-қабат кел-ген көптеген қиындықтар күтiп тұр едi. Қағаз, түптеме, мұқаба сияқты материалдардың тапшылығы, полиграфиялық қуаттың бөлiнбеуi, кiтап сауда жүйесiнiң қызметiнен тыс қалуы, ең басты-сы, оқу əдебиеттерiн шығаруға жұмсалатын шығынның орнын жабуға мемлекет дотациясының берiлмеуi алға қойған келелi мiндеттi уақтылы жүзеге асыруға мейлiнше қолбайлау болды. Үкiметтiң бiр кездегi шала-жансар қаулысының қауқарсыздығы мен ведомстволық баспаға деген көзқарастың үстiрттiгi iлгерi басқан аяғымызды осылай керi тартқан-ды. Ақыры 1993 жылы қазанда Министрлер Кабинетiнiң жаңа қаулысы шықты. «Қазақ университетi» – «Санат» деп аталды, оған «мемлекеттiк» деген статус берiлдi, экономикалық жəне материалдық-техникалық базасы нығая түстi. Əлгiндегiдей қиындықтарға қарамастан баспа кеңестiк заманның алғашқы жылдарында отқа оранып, пышаққа түскен Тельжан Шонанұлының «Қазақ жер тарихының мəселелерi», Ермұхан Бекмахановтың «Қазақстан ХХ ғасырдың 20 – 40 жылдарында» (екi тiлде – қазақша, орысша), Мұхамеджан Тынышбаевтың «Қазақ тарихы» (екi тiлде – қазақша, орысша), Санжар Асфендияровтың «Қазақстан тарихының очерктерi», Əуелбек Қоңыратбаевтың «Қазақтың көне мəдениетi», қазiр жұртшылық қайта iздей бастаған «Қазақ қалай аштыққа ұшы-рады?» кiтаптары көзi ашық, көкiрегi ояу оқырмандарымен қайта қауышты. Қысқасы, нарықтық экономика аяққа оралғы болғанмен «Санат» баспасы əлемнiң алты тiлiнде, ғылымның отыз алты саласы бойынша бес жүзге тарта кiтап шығарып, студент қауымның ғана емес, жалпы елдiң рухани мұқтажын өтеуге өз үлесiн қосты.

– «Санат» баспасын басқарып келе жатқаныңызға да бiр мүшелден асты. Осы уақыт аралығында тар жолда тайғақ кешiп, көптеген рухани дүниелердi басып шығардыңыздар. Солардың бəрiнiң сапасы мен мазмұны жоғары деп ойлай-сыз ба?

– Бiр қолымызбен сеуiп, екi қолымызбен терген дəнiмiз түгел қауызында пiскен деуге болмас. Оқырмандар талабын таразыласақ, академик-жазушы Зейнолла Қабдоловтың «Сөз өнерi», профессор Шерияздан Елеукеновтың «Мағжан», Дiн-мұхамед Қонаевтың «Өттi дəурен осылай», Кəкен Ахановтың «Тiл бiлiмiне кiрiспе», Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» жəне басқа да бiрқатар бiрегей кiтаптарды қайта көп данамен шығаруды қалайды. Бiз жарық көрген еңбектердiң iшiнде Халықаралық Леипциг, Маиндағы Франкфурт, Мəскеу кiтап жəрмеңкелерiндегi атақ-абыройымызды айтпағанның өзiнде, Зейнеағаңның «Менiң Əуезовiм» роман-эссесi, Шерағаңның «Мағжан» монографиясы Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты болды. Əлi де үмiттi үкiлi дүниелер баршылық.

Мемлекеттiк тендер алу жөнiнде де бiраз алып-қашпа əңгiмелер бар...

– Менiңше, «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Заңын түгелдей қайта қарайтын мезгiл жеттi. Рухани қазынаны кiрпiш құятын қалыпқа салуға болмайды. Көркем шығарманы стандартқа салып, лотқа бейiмдеу – бұқаға бұзаудың терiсiн жапқанмен бiрдей. Жазушының ой қоржынындағы кесек туындыны бiздiң шұнтитып пiшiп қойған қалпымызға түсiру – ең сорақы қиянат.

Баспалар осы күзге қарай өз бағыт-бағдарына лайық деген əдебиеттердi iрiктеп, жоспарлауға ұмтылады. Есеп-қисабын жасайды. Бiрақ тендер кезiнде бұл ескерiле бермейдi. Мем-лекеттiк сұранымдағы əдебиеттердi жоғары жақ ұсынады. Со-дан бұйырғанына тəуекел етесiң. Сол ұсынған əдебиеттерге жергiлiктi жерлердегi оқырмандар сұранымы қандай, сол жағы ескерiлмейдi. Таралымның белгiлi мөлшерден, яки екi-үш мыңнан аспауының кiлтипаны да осында. Жəне бөлiнiп отырған қаражатқа қарап таралымы белгiленедi. Бұл əлi күрмеуi тарқатылмаған түйiн, оның оңтайлы механизмiн көп болып ойлассақ орынды болар едi.

Тендер тым кеш өткiзiледi. Бау-шуы түгенделгенше қыс бiтiп, көктем шығады. Өйткенi бюджеттен бөлiнген қаржы мөлшерi белгiлi болмай, бұл iстi бастау да мүмкiн емес. Асатпай жатып құлдық деуге болмайтынын бiлемiз, бiле тұрсақ та екi оттың ортасындағы министрлiгiмiздiң осы салаға жауапты адамдары-на «табандап отырып алдыңдар» деп өкпе артып жатамыз.

Баспа бiр кiтап шығару үшiн ең кемi қырықтан астам, ал полиграфияға ондай материалдық қажеттiлiк он еселеп керек. Мұның бiрде-бiрi Қазақстанда өндiрiлмейдi. Бəрi сырттан – шет елдерден əкелiнедi. Шығарған кiтабымыздың өзiндiк құнының тым аспандап кететiнi содан. Тəуелсiздiгiмiздiң алғашқы жыл-дары қағаз өндiрiсiн жолға қою мəселесi көтерiлген едi. «Əп, бəрекелдi!» деп қуанғанымыздан бөркiмiздi аспанға аттық. Ақыры сиырқұйымшақтанып iз-тозсыз кеттi. Бұл да бiр бүйiр-ден шаншудай қадалады. Кiтап шығаруға керек дүниелер түгел тiстегеннiң аузында, ұстағанның қолында. «Осыны тиянақты бiр қолда жəне «Мемлекеттiк сатып алу туралы» Заң аясында жүзеге асыруға болмас па едi?» деп ойлайсың, ойлайсың да «мына нарық тiзгiнсiз кеткен асау тай емес шығар» деп сабаңа қайта түсесiң.

 

АҚЫН-ЖАЗУШЫЛАР ҚАЛАМАҚЫСЫ ЖОҚ ЖЕРГЕ ЖЕТЕКТЕСЕҢ ДЕ БАРМАЙДЫ

 

Қаламгерлер қауымының баспагерлерге деген өкпесi қара қазандай. Олар: «Қазiргi баспалар қаржысы төленген кез келген өнiмдi талғамай баса бередi» дейдi. Баспагер ретiнде оларға Сiз қандай уəж айтар едiңiз?

– Қаламгерлер қай заманда да өкпесiн алдына салып жүретiн. Əлi де сол шабысынан танған жоқ. Бiрiншiден, əр баспаның өз бағыт-бағдары бар. Көршiсiнiң бақшасына түсе алмайды. Сiз «алып-қашпа əңгiмелерi бар» деген тендерде маңдайына не жазылса, соны шығарады. Шүкiр, дизайны, полиграфиялық орындалуы жағынан баспа бұрынғыдан көш iлгерi. Екiншiден, рас, баспаға өз аяғымен келетiн авторлар аз емес, əсiресе, Отан соғысы мен еңбек ардагерлерi өтiнiш жасап, өмiрден көргендерi мен түйгендерiн алға тартады. Сондай-ақ, халқымызға қалтқы-сыз қызметiмен танылған ардақты ағалар мен аяулы апалары-мыз туралы естелiк кiтаптарын ұсынады. Бiр кезде өмiрi ғибрат болғандай осы кiсiлердiң қалам тартуға тартынып келгенiн бiлемiз. Партияның Орталық Комитетiнiң нұсқауынсыз олар-ды шығару екiталай болатын. Ендi өсер ұрпаққа өнеге боларлық кiтап жазылып жатса, неге қолдау көрсетпеске, неге қол ұшын бермеске! Əрине, күлдiбадам дүниенiң өрiсi тар, ал айтары бар, ниетi түзу қолжазбаны електен өткiзiп, тiгiсiн жатқызып, оқырманға жеткiзiп жатсақ, оның несi айып?!

Ақын, жазушы ағайындар «жазғаным сарғайып тартпада жатқанша, халқыма жетсiн» деп өз еркiмен қолжазбасын баспаға ұсынғанын көрген де, естiген де емеспiн. Қаламақысы жоқ жерге жетектесең де бармайды. Тек Мұхтар Құл-Мұхаммед бауырымның мəрттiгiмен жарық көрген кiтаптар, шүкiр, бар-шылық.

ДИМАШ АХМЕТҰЛЫ ТIРШIЛГIНДЕ АТЫНА КIР ШАЛДЫРМАҒАН КIСI

 

Сiз кезiнде халқымыздың бiртуар дарынды ұлы Дiнмұхаммед Қонаевпен жақын араластыңыз. Ол туралы кiтап та шығардыңыз. Ол кiсiнiң ел бiлмейтiн көлеңкелi тұстары бар ма? Бар болса, оған не кедергi болды?

– Димаш Ахметұлы – тiршiлiгiнде атына кiр шалдырмаған кiсi. Пенделiктен биiк болған, боқ дүниеге бой алдырмаған. Көзi тiрiсiнде: «Елу жылдай ел басқардым. Жылына бiр «əттеген-айдан» жiбергенде елу қателiк кетедi екен. Бұл бiр кiсiге аз ауыртпалық емес. Сондықтан бұ жалғаннан пəк болып өту – перiштеге ғана жарасқан. Оның өзiнде де «перiштеде бес мiн бар» дейдi рас болса» дейтiн едi жарықтық. Мұсылман баласы əруақты арулайды, ғайбат айтпайды. Димекеңдей көзден кетсе де көңiлден кетпейтiн асыл жанды уақыт өткен сайын ел аса бiр сағынышпен еске алады, бар ықыласымен есiмiн аялап отырады. Қапшағай қаласының ғана емес, Алматы сияқты iрi облысты Димекеңнiң есiмiмен атайық деп құлаққағыс қылғалы бiраз жыл болды. Қазақ халқы ғана емес, Қазақстанда тұратын барша ұлт пен ұлыстың ұсынысы бұл. Халық айтса, қалт айтпайды. Ақ тiлек аяқсыз қалмас деген сенiмдемiн.

Мен Дiнмұхамед Ахметұлы Қонаевпен 1988 жылы «үй тұт-қыны» болып отырған тұста жақынырақ таныстым. Табыстырған – Нұрағам, Нұрғиса Тiлендиев едi. Өте қарапайым, байсалды кiсi екен. Ақжарқындығын да аңғардым. Ойындағысын көңiл елегiнен өткiзiп барып, екшеп айтатынын байқадым. Қолы ашық, дастарқаны кең. Жатсынбайды. Жатырқатпайды. Iшi баурыңа кiрiп сөйлегенде бұрыннан бiлетiндей еркiн сезiнесiң. Жайлап жай-жапсарыңды сұрағанда қалай ашыла сөйлегенiңдi сезбей де қаласың. Димекең шығарып салып тұрып: «Хабарла-сып, амандығымызды бiлiп тұр, егер сұхбаттасу ойыңда болса, сұрақтарыңды жұптай бер. Жеңгең басын көтерсе, бəрiңнiң басыңды қосам, сонда шешiнiп те, шешiлiп те сөйлесемiз» деп телефонын берген. 108 сұрақ əзiрледiм. Ұзақ əңгiмелестiк. Iзiн суытпай қағазға түсiрдiм. Оның 36 сұрағына жауап 1989 жылы «Қазақ əдебиетi» газетiнiң айқара беттерiне – екi бiрдей нөмерiнде «Ақиқат айтылмай қалмайды» деген тақырыппен жа-рияланды. Геннадий Колбиннiң қылышынан қан тамып тұрған кез. «Қайтсем Желтоқсан оқиғасын ұйымдастырушыларды та-бамын?» деп екi көзi қанталап, аласұрып жүрген. Оның үстiне, Димекеңе iлiк iздеп, шəт-шəлекейi шығып, ұрынарға қара таппай жанталасып тұрған. Ол тұста бас редактор Төлен Əбдiков де-малыста жүрдi де, оның орынбасары Оралхан Бөкей тəуекелге басып жариялап жiбердi. Төбеден жай түскендей болды.

Димекең жарықтық 108 сұрақтың қалғанына қол қойып берiп жатып: «Өзiң таяқ жемейтiн күнi жарияларсың» деген едi. Қазiр əр сұрақтың астарындағы жауап мұрағат материалдары-мен толықтырылып, сүзгiден өту үстiнде. «Күндi көлегейлей алмайсың» деген роман-диалог ықшамдалып келедi.

Сiз Халықаралық Д.А.Қонаев қорының вице-прези-дентiсiз. Осы қор Димекеңдi мəңгi есте қалдыру мақсатында қандай шараралар атқарып жатыр? Жалпы, қоғамдық өмiрге, саясатқа араласып жүрсiз бе?

– Димаш Ахметұлының көзi тiрiсiнде ұйымдастырылған халықаралық қор – тəуелсiз елiмiздiң экономикалық, мəдени жəне əлеуметтiк жағынан нығаюына барынша атсалысып, абы-ройын аласартпай келе жатқан қоғамдық ұйым. Президентiмiз Нұрсұлтан Əбiшұлының Жолдауының саяси мəнiн ашып, ел арасында кеңiнен түсiндiрiлу iсiн өзiнiң жергiлiктi ұйымдары арқылы жүргiзуi – бұл сайып келгенде, аса жауапты да ардақты жұмыс. Республиканың барлық облыстарында бұл жүйелi жүргiзiлдi. Соған бас-көз болу – қоғамдық өмiрге белсене араласудың белгiсi деп бiлемiн. Бұл – бiр. Екiншiден, соңғы жылдары Оралдағы Димекеңнiң облыстық қорының төрағасы Iзтiлеуов Нұрланның тiкелей басшылығымен қаланың еңбек ардагерлерi жастар арасында, студенттер ортасында болып, аға ұрпақ өз өмiр тəжiрибелерiн тұрақты түрде ортаға салып келедi. Оңтүстiк Қазақстан облысының жұртшылығы өз қаражатымен Шымкент қаласының қақ ортасынан Димекеңнiң үш қабатты мұражай үйiн ашып, бюстiн орнатты. Жамбыл облысы Талас ауданының халқы Ақкөл кентiнен Димекеңе зəулiм ескерткiш орнатса, Алматы облысы Талғар ауданының Гүлдала ауылы Димекеңнiң бюстiн тұрғызып, гүлзар жасады. С.Азимов ол кiсiнiң өмiрi туралы ең жақын туыстарының лебiзiнен тұратын екi сериялы фильм түсiрдi. Көрнектi қоғам қайраткерi Кеңес Аухадиев пен белгiлi журналист Мəдрид Рысбеков – үшеумiз «Дара тұлға» деп аталатын екi бөлiмдi деректi фильм түсiру үстiндемiз. «Елу жыл ел ағасы» деп аталатын естелiктер жина-ғы мен полковник Мырза Акуевтiң «Рядом с первым» деп ата-латын повесi оқырмандар қолына тидi. Осының барлығы бiздiң қоғамдық өмiрiмiзге тамшыдай болса да қосып жатқан үлесiмiз ғой деймiн.

Саясаттың ең үлкенi – кiсi бойынан iзгiлiк iздеу, соны қа-ламыңа арқау ету. Қалам сөйлемейдi, ақыл сөйлейдi. Өсер ұрпағыңның тал бойына жақсының жан сүйсiнтер қасиетiн еге бiлгеннен асқан игiлiктi жұмыс жоқ. Отыз жылдан бергi жоғары оқу орнына берiп келе жатқан дəрiс осы мақсатқа негiзделген. Сосын баспагер ретiнде оқырман iздеп жүрiп оқитын кiтап шығарсаң, кiмнiң тақиясына тар келедi? Пре-зидент жариялаған «Мəдени мұра» мемлекеттiк бағдарламасы бойынша Ш.Уəлиханов атындағы тарих жəне этнология институтымен бiрлесiп «Қазақстан тарихы Батыс елдерiнiң дереккөздерiнде» сериясымен он томдық əзiрлеп жатсақ, бұл да рухани қазынамызға қосылғалы тұрған мөлдiр бұлақ. Демек, əркiм өз орнын бiлiп, қолынан келетiн шаруасына мығым болып, сөзден гөрi ой бағып, iс қуса, ең мықты саясаткер – сол. Саа-ди: «Сөйлесем – сөзiм өзiме би, сөйлемесем – өзiм өзiме бимiн» дептi. Ұлы ақынның ұлағатты сөзi əркiмдi-ақ ойлантқандай емес пе!

 

НҰРҒИСА ҰЛЫ КОМПОЗИТОР, ҚАЙТАЛАНБАС ДИРИЖЕР

Сiздiң Қазақстан Республикасының Президентi Нұр-сұлтан Əбiшұлы Назарбаевтың алғысөзiмен «Қаһарман-Нұрғиса» деп аталатын формасы жағынан да, көркемдiк сапасымен де, безендiрiлуi тұрғысынан да орны бөлек кiтап құрастырғаныңызды жақсы бiлемiз. Нұрғиса Тiлендиев-пен Сiздi не байланыстырды деп ойлайсыз?

– Нұрғиса – ұлы композитор, Нұрғиса – дəулескер домбы-рашы. Нұрғиса – қайталанбас дирижер. Төрт жүзден астам əн жазған ол: «Төрт əнiм ел аузына iлiксе, мен өзiмдi бақытты санаймын!» дейтiн. «Аққудай», «Махамбеттей», «Əлқиссадай», «Көш керуендей» жүзден астам күй тудырды, өмiрiнiң соңында: «Ақ таңым ендi атты» деген күй кеудемдi кернеп барады, əттең əл-дiрманым жоқ» дегенiн өз құлағыммен есiттiм. Қосыла жыладым. Тек ол кiсiнiң спектакльдерге, көркем фильмдерге, мультифликациялық фильмдерге жазған музыкаларын айтпай-мын. Олар арнайы зерттеудi сұрап тұрған дүниелер. Айтарым: жарықтық Нұрағам кез келген операның партитурасын бiр шо-лып өткен бойда түгел есiне сақтайтын ерекше қабiлетi бар едi. Солтүстiк Кореяға барғанда Ким Эр Сенге арналған екi сағаттық поэманы 200 кiсiлiк оркестрге жиырма минуттан екi рет прагон жасаған Нұрағаң сахнаға шыққанда партитураның бетiн аш-пай, оркестрдi бiр тыныспен алып шыққан. Мiне, Нұрағаң – осындай дара тұлға. Ол кiсiнiң қасында жиырма бес жыл жүрдiм, күнделiк жүргiздiм. 180 беттiк «Нұрғиса» деген повестi жазып жүргенде: «Мен өлген соң да көп əуреге түсесiң. Асықпа!» деп едi. «Төзiм» деген жақсы қасиет, бiрақ өмiр қысқа. Соған бай-ыздап отыра алмай жүрмiн. Ойласам, өкiнiш iштен жалын боп өзектi шарпиды.

Қазiр не жазып жүрсiз?

– Мен ағалардың аялы алақанының жылуын көп көрдiм. Димекең мен Нұрағаңды айтпағанда, олар – Асанбай Асқаров, Өмiрбек Жолдасбеков, Мырзатай Жолдасбеков, Шерхан Мұр-таза, Сейдахмет Бердiқұлов, Тельман Жанұзақов, Қалдарбек Найманбаев, Шерияздан Елеукенов, Зейнолла Қабдолов, Əбiл-файыз Ыдырысов, Тауман Амандосов, Əбдiжамил Нұрпейiсов, Əбдiр Сағынтаев, Уəсила Садықова, Шайсұлтан Шаяхметов, Темiрбек Қожакеев, Кеңес Аухадиев, Асанəлi Əшiмов жəне тағы басқалар. Осы ағаларымның кiсiлiк келбетiн, ғибратты ғұмырын көркем сөзбен кестелесем деген бiр асыл арманымды алғыс сезiмге орап, қағазға түсiрiп жүрмiн. Ұстаздарыңды ұлы əкеңдей сыйлағанға не жетсiн!

 

ТIЛДЕН БАЛ ДА ТАМАДЫ, У ДА ТАМАДЫ

 

Парламент биыл Президенттiк сайлау өтедi деген бай-ламға келсе, Сiз кiмнiң кандидатурасын ұсынғанды мақұл көрер едiңiз? Жалпы, Елбасы туралы пiкiрiңiздi елмен бөлiсуге қалайсыз?

– Адамды бақытқа жетелейтiн үш жол бар. Ол – сау дене, азат ақыл, адал көңiл. Бiздiң елiмiз тəуелсiздiк алғалы ұлттық қаны-мызда бар осы үш қасиеттi берiк ұстанып келедi. Ата Заңымыздағы «Зайырлы!» сөзiнiң түпкi мəнi – осы. Салауатты өмiр отбасынан басталады. Ой еркiндiгi электронды ақпарат жүйесiнен, мерзiмдi баспасөзден, үлкендi-кiшiлi жиыннан, тiптi оппозициядағы ағайындардың сөз саптауларынан желдей есiп тұрған жоқ па! Демократияны Америкадан емес, өз iшiмiзден iздегенiмiз аб-зал. Халқымыздың адалдығы, көңiлiнiң ақтығы, құдайға шүкiр, көп ұлтты елiмiзде атадан балаға мирас болып, ғасырлар бойы қалыптасқан бiрлiгiмiзге, татулығымызға, ынтымағымызға дос сүйiнiп, дұшпан күйiнгендей. Елiмiздiң ең үлкен байлығы да, бақыты да осында. Яки, бауырлас əзiрбайжан халқы:

«Шеге тағаны сақтайды, Таға тұлпарды сақтайды, Тұлпар ерiн сақтайды, Ерi елiн сақтайды» деп текке айтпаған. Тəуелсiздiгiмiздiң ауыр, бiрақ абыройлы жолын өзi бастаған қазiргi Елбасымыз елiнiң ұлы көшiн өзi жалғастырса, оны жақыны да, жат та шет көрмейдi. Өйткенi бар халықтың ортақ үйi – Отаны, ол – Қазақстан. Отаны бiрдiң – ойы бiр. Оның үстiне «атасын танымай кетедi» дейтiндей, Нұрсұл-тан Əбiшұлы таққа бiрiншi рет отырған жоқ. Шүкiр, кемеңгер-лiгi де бар, көнтөрлiлiгi де жетедi. Үйге де сыйымды, түзге де сыйлы. Кемел ойдың, көсем сөздiң иесi. Таңдаса, елi осы кiсiнi таңдар деп бiлемiн.

Рас, бiр есер құдыққа лақтырған тасты мың естiнiң ала алмай дал болары бар. Тiлден бал да тамады, у да тамады. Құдайым топқа тас атқаннан да, сөз жүгiрткеннен де сақтасын. Кеше ғана патшаның бақырашымен су iшкен билiктен дəмелi жiгiттердi ойлағанда қырғыз ағайындардың: «Қандала шақса, бүргеге жылап көрiсесiң» деген мақалы ерiксiз еске оралады. Анайы-лау, бiрақ ащылау айтылған əдiл сөзде зiл болмайды. Жақсы-мыздың жағасына жармаспай, тiзе қосып, елдi өрге сүйрер жол-ды таңдар сəт туды.

Əңгiмеңiзге рақмет.

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, «Ағынан жарылсақ»

Бөлісу: