Серiк ҚАЛИЕВ: "Халық әндерін орындасам бір жасап қаламын"

12 Тамыз 2014, 09:05

Серiк ҚАЛИЕВ, «Атамұра» корпорациясының аға редакторы, Мәдениет қайраткерi:

Серiк ҚАЛИЕВ, «Атамұра» корпорациясының аға редакторы, Мәдениет қайраткерi:

Əңгімемізді туып-өскен жеріңізден бастасақ?

– Туған жерім – Шығыс Қазақстан облысы, Тарбағатай ауда-ны (бұрынғы Семей облысы Ақсуат ауданы). Тарбағатай тауы-ның баурайында қоныс тепкен Ақсуат елі – қонақжайлылы-ғымен, дарқандығымен танылған, би Боранбай, Шəкі, Сасан билердің, Тана мырза, Молдабай балуан, Ырғызбай əулие, Əсетпен айтысқан Кəрібай ақын секілді тұлғалардың ізі қал-ған, тектілік тамыры тереңге кеткен тұғырлы мекен.

Тырнақалды туындыңызды неше жасыңызда жаздыңыз? Ол қай басылымда жарияланды?

Ең алғашқы өлеңді жеті жасымда құрастырғанмын. Қойдың алдынан шығып, қолымнан тамақ жейтін мүйізі шаңырақтай ақ серкеге мініп келетінмін. Бір күні оқудан үйге демалысқа кел-сем, көрші шопан үйіне келген қонағына пышаққа ілінетін мал таппай, əкемнен қоярда-қоймай ақ серкені союға сұрап алып кетіпті. Осы оқиға бала көңіліме ерекше əсер етті. Сол ақылды ақ серкеге бауыр басып кеткендіктен, кəдімгідей қиналғаным бар. Сонда ақ серкеге арнап «Ақ серкем жайрап жатыр, көршінің қазанында қайнап жатыр» деп өлең құрастырғанмын. Қазір жасы сексенге келген анам сол ақ серкені берген көршінің аты-жөніне дейін айтып отырады.

Сол кездегі əдебиетке құштар балалар сияқты мен де балаларға арналған басылымдарға жазған-сызғанымды поштамен жиі жолдайтынмын. Көбіне «талабың дұрыс, көбірек ізденіп жаза бер, келесі жолы жариялаймыз» деген мазмұндағы жа-зылған хаттар келетін. Соның өзіне кəдімгідей арқаланып, қанаттанып қалатынмын. 6-сыныпта оқып жүргенде ауылдағы мектепте Əзілхан Нұршайықовтың «Ақиқат пен аңыз» кітабы бойынша əдеби кеш өткен еді. Даңқты қаһарман атамыз Бауыр-жан Момышұлы туралы жазылған шығарманы тұтас оқып, талқылауға белсене атсалысқан едім. Бір аптадан кейін аудан-дық «Еңбек туы» газетіне мəдени шара туралы жазылған менің шағын мақалам шыға келді. Əсілінде, бұл мақаланы мен жазба-ған болатынмын. Кейін суретші Темірханов Ерлан ағайымыз: «Бұл мақаланы сенің атыңнан мен жазғанмын, болашақта өзің де жаза алатыныңа сендім», – деп, арқамнан қаққаны əлі есімде.

Ең алғашқы анама арналған өлеңім Алматыдағы қазақ тілі мен əдебиетін тереңдете оқытатын № 2 мектеп-интернатының 9-сыныбында оқып жүргенде «Пионер» журналына (қазіргі «Ақ желкен» журналы) жарияланған болатын. Өз қолтаңбамның тасқа басылғанына сенер-сенбесімді білмей, əлгі өлеңді қайта-қайта оқып, журналды бір түн қойныма қысып жатқаным бар. Ал алғашқы топтама өлеңдеріме сəт сапар тілеп, аудандық газетке жариялаған – ақын, сатирик, драматург, Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы, өнердегі ұстазым Серік Жұматов.

Əңгімеңіздің ауанына қарағанда, сонда сіз Алматыдағы мектеп-интернаттың түлегісіз ғой?

Иə, талай дарындардың алтын ұясына айналған №2 мектеп-интернаттың мен де бір түлегімін. Биыл Мұхтар Ботабайұлы басқаратын Абай атындағы Республикалық мамандандырылған дарынды балаларға арналған қазақ тілі мен əдебиетін тереңдете оқытатын мектеп-интернатына 55 жыл толғалы отыр. Ұлтының сөзін сөйлеп, ана тіліміздің мəртебесін көтеретін, халықтық салт-дəстүрдің қайнарынан сусындаған нағыз ұлтжанды ұл-қыздар осы білім ордасында тəрбиеленіп жатыр деп ойлаймын. Өйткені онда республиканың барлық өңірінен келген дарынды балалар білім алуда. Бұл білім ордасы менің де өміріме үлкен əсер етті. Əсіресе, ұстазым Нағима Бекмағамбетованың сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Осы мектеп қабырғасында оқып жүргенде республикалық олимпиаданың жеңімпазы ретінде ҚазМУдің филология факультетіне емтихансыз қабылдандым.

Біраз жыл ҚазҰУ-дің өнер ұжымын басқарып, ұйымдастырушылық қабілетіңізді танытқан едіңіз?

Университетті бітірген жылы ұстазым Тұрсынбек Кəкішев ғылым саласына баулып, Қазақ əдебиеті кафедрасына алып қалған еді. Студенттер сарайы ашылар тұста университеттің өнер ұжымы жоқтың қасы десе де болатын. Сол кездегі университет ректоры, парасатты тұлға К. Нəрібаевтың қолдауымен, проректор Қ. Баймырзаевтың ұсынысымен Студенттер клу-бына директор болып баруыма тура келді. Бар қабілетімізді салып, өнерлі студенттердің басын қосып, «Фараби сазы» ұлт аспаптар оркестрін құрдық, қазақ тілінде алғаш рет көңілді тапқырлар сайысын ұйымдастырдық. Студенттер театрын құр-дық. Жастардың бəрі желпініп тойлайтын «Əулие Валентин» күнінің келешек ұрпақ үшін мəн-мазмұнының жоқтығын аң-датқымыз келіп, тұңғыш рет «Қозы мен Баян сұлу» күнін атап өтуге мұрындық болдық. Жастардың патриоттық сезімін күшейту мақсатында Тəрбие ісі жөніндегі проректордың орынбасары Гүлнар Əлімбекқызымен бірге «Менің Қазақстаным» сияқты фестивальдерді өткізуді жолға қойдық. Студенттердің «Жас ақындар» үйірмесінің тұсаукесер рəсіміне марқұм Тұ-манбай Молдағалиев ағамыз келіп, ақ батасын берген бола-тын. Студенттер клубында əн айтуға машықтанып, би билеуді үйреніп, сахнада өнерін көрсеткен студенттердің бүгінде көрермен көзайымына айналғандары да аз емес. Сол кезде Серікзат Дүйсенғазин, Данияр Саламат, Болат Əмірханов секілді талантты азаматтармен бірге қызметтес болғанымды айта кеткім келеді.

Жырсүйер қауым сізді жазба ақын емес, айтыскер ақын ретінде жақсы біледі. Қанша жасыңызда айтысқа қатыс-тыңыз? Сіз осы екі ақындықтың қайсысын жаныңызға жақын тұтасыз?

Наурыз мерекесі қайта оралып, кеңінен тойланып жатқан кезде жоғарыда атап өткен Нағима апайымыз «мектептегі Нау-рыз мейрамында айтыстан көрініс көрсетесіңдер» деп əнші бауырым Тоқтар Серіков екеуімізге өлең жазып берген бо-латын. Екеуіміз əбден дайындалып, тіпті бір-біріміздің не айтатынымызға дейін жаттап алдық. Ал сахнаға шыққанда екеуіміздің де жаттағанымыз жайына қалып, өз əлімізше жа-уаптасып, шын мəніндегі айтыстың үлгісін көрсетіп кеттік. Мүмкін бір ұшқынның тұтануына осы да себеп болған шығар. Содан бері жиырма жылдан астам уақыт бойы айтыс сахнасында азды-көпті өнерімді ортаға салып келемін. Ал «қайсысын жақын тұтасыз» дегеніңізге айтарым, маған екеуі де жақын. Өзімнің суырыпсалмалық қабілетіме сенімдімін, бірақ айтысқа кейінгі кезде сирек қатысып жүрмін. Ал жазба өлеңді күтіп жүремін, ағылып келген сəтте ғана қағаз бетіне түсіремін.

Жалпы, айтыста тігілген темір тұлпар саны жүзден асып жығылады екен. Соның қаншасын тақымыңызға бастыңыз?

– Айтыс – ұлыққа емес, ұлтқа керек өнер. Арда өнеріміз айтыстың шын жанашыры Жүрсін Ерман ағамыз – осы айтысты өрге сүйреп, ыстығына күйіп, суығына тоңып жүрген бірден-бір адам. Өзіңіз айтқан автокөліктерді де жеке меценаттардың демеушілігімен бəйгеге тігіп, айтыс жеңімпазына сыйлап келеді. Жүрсін Ерман ұйымдастырып жүрген айтыстарда əлі күнге дейін бірде-бір көлік мінгенім жоқ. Аллаға шүкір, іні-қарындастарым алды отыздан аса, соңы төрт-бес көліктен мініп жатыр. Алла Тағала алған жүлделерінің берекесін берсін! Өз басым 2008 жылы Арқадағы Саршаұлы Қареке бабаға арналған республикалық ақындар айтысында бас бəйгеге тігілген темір тұлпарға ие болғаным бар.

Аламан айтыстарға қатысып қана қоймай, кейде қазылық та жасап жүрсіз. Əріптестеріңіздің өнерін бағалау да оңай емес шығар?

Қазылық жасау деген – «біреуден алғыс, біреуден қарғыс алатын» өте жауапты міндет. Қазылар да пенде. Кейде «біреудің көзі, біреудің сөзі жақсы» дегендей бұратартып кететін кезде-рін де талай көргенбіз. Өзім қазылардан көп қиянат көргендіктен, мүмкіндігінше əділ бағасын беремін.

Үш-төрт жылдан бері Елорданың туған күніне орай өткізіліп келе жатқан республикалық ақындар айтысын ұйымдастыру-дың басы-қасында жүрмін.

Айтысқа баулып, тəрбиелеп жүрген шəкірттеріңіз бар ма? Болса, олар кімдер?

Еліміздің əр аймағынан іздеп келетін ақын бауырларымның меселін қайтарған емеспін. Жалпы, айтыста олжа салып жүр-ген көптеген іні-қарындастарыма ақыл-кеңес беріп, ұтқыр ойларды айтып шығуына бағыт-бағдар беруде кеңдік танытып келемін деп ойлаймын. Олай дейтінім, көп ақындар ел алдында жарқырап көріну үшін, көрерменнің көкейіндегісін дөп басып айтатын тұщымды ойларын өзгеге айтып шыға ғой деп жомарттық таныта бермейді ғой.

Қазіргі уақытта айтыстың қыр-сырын меңгерем деп, аға тұтып келіп жүрген інілерім бар. Соның бірі – мектеп оқушы-сы Алтынбек Ибрагимов «Хабар» арнасы мен «Заңғар» шығармашылық бірлестігі ұйымдастырған ел тəуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Жастар жырлайды» тележобасының ақтық сайысында бас жүлдені қанжығасына байлады. Сондай-ақ, осы жобада өз өнерін ортаға салып, көрермен көзайымына айналған Олжас Құлымбай деген ақын інімнің де келешегінен көп үміт күтемін.

Сіз атақты «Қара жорға» əнінің мəтінін жазған ақындардың бірісіз. Осы əннің шығу тарихы туралы өз аузыңыздан есту оқырмандар үшін де өте қызықты болар еді?

Ел ішінде сақталған «Қара жорғаны» атажұртқа алып келген Қытайдағы қандас бауырларымыз. Қазіргі кезде «Қа-ра жорғаның» шығу тарихы туралы алыпқашпа əңгімелер өте көп. Қалай десек те, өзгелер біздің ұлттық құндылықтарымызға өзеуреп, өздеріне тартып жатқанда, неге біз «Қара жорғаны» сыртқа итеруіміз керек?! «Қара жорғаға» мəтін жазған Үрiм-жiде тұратын Мерей Тұрдақынұлымен кездесіп, «Кемпір жүрсін кеңкілдеп», «домалайды қу бастар» деген жолдарды өзгерткенімді айтқанымда ризашылығын білдірді. Мен оның жазған нұсқасын мүлдем алып тастаған жоқпын. Өйткені «Қа-ра жорғаға» алғаш өлең жазған сол бауырымыз болатын. Мен өңдеген нұсқа Мұратбек Сарбасовтың орындауында халыққа тарап кетті. Бала кезімде ауылдағы жиын-тойларда түйе ба-луан атанған Қалмақбаев Тұрсын ағамыздың билегеніне та-лай куə болғам. Тіпті, 18 ғасырдағы француз Барбиштің, неміс Паулидің 1854 жылы салған суретінде де билеп тұрған қазақтардың бейнеленгені бұл бидің тарихын растай түседі.

Тағы да қандай əндердің өлеңін жаздыңыз?

Əнге өлең жазу оңай емес. Өйткені, əннің əуені мен өлеңі қабысып, ортақ үйлесім табуы шарт. Өлең сөздерінің ашық да-уысты болуы, таптауырын ұйқастарды қайталамауы, сингор-манизм заңдылықтары үлкен жауапкершілікті талап етеді. Осы күнге дейін атақты Е.Хасанғалиевтен бастап, Х.Əбілжанов, А.Дүйсенов, Б.Өскенбеков, Г.Өмірбаева, Д.Сыздықов, Ұ.Белғозиева, тағы басқа композиторлардың əндеріне өлең жаздым.

Ал өзіңіз əн жазасыз ба?

«Əннің де естісі бар, есері бар» деп Абай атамыз айтқандай, бала кезімізден бастап жайлауда қой бағып жүріп, кішкентай транзистордан Ж.Елебеков, Ғ.Құрманғалиев, М.Ержанов, М.Ешекеев, Б.Сыбанов, Д.Рақышев, Қ.Байбосынов, Ж.Кəр-меновтің орындауындағы тамаша інжу-маржан əндерді тың-дап өскендіктен болар, халық əндері мен халық композитор-ларының əндері жаныма өте жақын. Сондықтан қолыма дом-быра алып, халық əндерін орындасам, бір жасап қаламын. Ал өз əндеріме келетін болсам, көңіл тебіреністерінен туған қоржынымда біраз əнім бар. Бірақ бəрін насихаттай беру-ге құлықты емеспін. Дегенмен, М. Мақатаевтың өлеңіне жазылған «Аңғал досым-ай» дейтін əн Тараздағы Ғани Мəте-баевтың орындауында айтылып жүрсе, «Иманың – жалғыз жолдасың» атты термем М. Бесбаевтың орындауында халыққа кеңінен тарады. Тəуелсіздігімізді көксеп, алаш аспанында шоқ жұлдыздай жарқырап, ұлттың елдігі мен руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Алаш арыстарының ұлы есімдерін ұрпақ жадында жаңғыртсам деген ізгі ниетпен «Алаш арыстары» деген əн дүниеге келген болатын. Бұл əн 2010 жылы «Нұр-Отан» ХДП ұйымдастырған «Елім деп соққан жүрегім» атты жалпыреспубликалық байқауда «Ең үздік авторлық əн» аталымы бойынша жеңімпаз атанды. Аталмыш əнді талантты əнші Ерлан Рысқали орындап жүр.

–  Таяуда «Атамұра»  баспасынан «Уақыт керуені» атты жыр жинағыңыз жарық көрді. Бұл сіздің тұңғыш кітабыңыз ба?

Алғашқы «Көзайым» атты кітабым меценат, қазақтың абзал азаматы Шамсат Исабековтің демеушілігімен 2007 жылы жарық көрген болатын. Ол кітапта өлеңдермен бірге, айтыстар, əнге жазылған мəтіндер топтастырылса, жаңа кітапқа тек қана əр жылдардағы жазылған өлеңдер енген. Бұл кітап «Атамұра» корпорациясының президенті, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ұлттық өнеріміздің жанашыры Рақымғали Құл-Мұхаммед мырзаның демеушілігімен жарық көрді. Осы «Уақыт керуені» кітабы жақында ғана Қазақстан Жазушылар одағының поэзия кеңесінің отырысын-да талқыланды.

Барлық өнер адамдары алғашында баспана қиыншылығын көреді. Бұл мəселені қалай шештіңіз?

Белгілі жазушы Кəдірбек Сегізбайұлының «Біз қалада тұрамыз» атты кітабында жазғанындай, жастықтың жалынымен Алматыға арман қуып келгендердің алдынан кім құшағын жайып шықты дейсіз?! Өз еліміздің бір азаматы ретінде баспана немесе тегін жер алмасақ та, Тəуелсіздіктің əр таңына шүкір-шілік айтып жүрген жайымыз бар. Иманғали Тасмағамбетов Алматы қаласының əкімі болып тұрған кезде дарынды жастардың біразын баспанамен қамтамасыз етіп, қамқорлық танытқан еді. Баспана беру туралы қала əкімі қол қойған тізімнің ішінен өзіміздің аты-жөнімізді естіп, төбеміз көкке екі елі жетпей жүр еді, кейін бір орынбасары тізімнен сызып тастапты. Соған қарағанда біреулердің тағдыры қосу мен алуды жақсы білетін шолақ белсенділерге ойыншық сияқты ғой. Қазір Алматы облысы Қарасай ауданының тұрғынымын.

Елбасының биылғы Жолдауындағы «Қолжетімді баспана» бағдарламасы іске асырылса, баспанасыз жүрген талантты жастарға мемлекет тарапынан үлкен көмек болар еді. Өйткені бойындағы дарыны мен күш-қайратын ел игілігі үшін жұмсайтын шақтарында жас отбасылар пəтерден пəтерге көшіп, тұрмыс тауқыметін тартып жүр.

Отбасыңыз жайында да айта кетсеңіз?

Жұбайым Гауһардың мамандығы филолог. Екеуіміз екі ұл, екі қыз тəрбиелеп, өсіріп жатырмыз. Қолымызда ақ бата-сын беріп, тілеуімізді тілеп отырған анамыз бар.

Заман тоза ма, əлде адам аза ма?

Хакім Абай атамыз:

Əркімді заман сүйремек,

Заманды қай жан билемек?

Заманға жаман күйлемек,

Замана оны илемек, – демей ме?! Заманды жасайтын адам емес пе!..

Кімдерден қорқасыз?

Құдайдан қорықпайтын имансыздардан қорқамын.

Əңгімеңізге рақмет.

 

Ермахан ШАЙХЫҰЛЫ, «Ағынан жарылсақ», 2012 жыл

Бөлісу: