Серік Жұманғарин жұмыс сапарымен Қостанай облысына барды

1 Маусым, 15:49 601

Ақтөбе облысына сапардан кейін вице-премьер Серік Жұманғарин 31 мамыр күні Қостанай облысына барды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Өңір шегірткенің таралу болжамы бойынша, аудан көлемі жағынан екінші орында тұр – 775,6 мың гектар. 

Ауа райының салқын болуына байланысты дернәсілдердің жаппай көбеюі белсенді кезеңге өтпегендіктен, әзірге Жангелді, Амангелді, Қамысты аудандары мен Арқалық қаласында 1,9 мың гектар аумақта химиялық өңдеу жүргізілді.

Вице-премьер облыстың оңтүстік аудандарының бірі – Жангелді ауданында болып, шегірткеге қарсы күрес барысымен және техника, пестицид, басқа да қажетті құралдардың қолжетімділігімен танысты. 

Арқалық қаласында Серік Жұманғаринге «ҚМК-Агрохолдинг» ЖШС-нің 256 гектар алқапта жүгері өсіруге арналған суару жүйесінің жобасы таныстырылды. Жүйе биыл қолданыла бастайды. Бір жаңбырлатып суару қондырғысы 50 гектар жерге орнатылды, қалғаны биылғы маусым айында орнатылады.

Арқалықтың іргесінде орналасқан «Восточное ауылы» ЖШС егіс алқабында вице-премьер өңірдегі ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен кездесті. Қазақстан фермерлер одағының өкілдері «Кең дала 2» бағдарламасы бойынша көктемгі дала жұмыстарына жеңілдікпен несие ала алмай жүрген бірнеше шаруа қожалықтарының мәселесін айтты. Сол жерде Серік Жұманғарин Аграрлық несие корпорациясының (АНК) өкіліне осы сынды кешігудің себебін анықтап, шаруаларға жауап беруді тапсырды.

«Кең дала 2» – жаңа АНК бағдарламасы, оның аясында көктемгі егін жұмыстарына қосымша 300 млрд теңге бөлінеді. Қаржы ресурстары жеке капитал нарығынан тартылады. Бұл ретте қарыз алушылар үшін жылдық 5% деңгейінде жеңілдікті сыйақы мөлшерлемесі қарастырылған. Кепілді мүлкі жеткіліксіз фермерлер үшін несие сомасының 85% көлемінде «Даму» КДҚ кепілдіктері беріледі. 

Қостанай облысында да Серік Жұманғарин су тасқынынан зардап шеккен елді мекендердің тұрғындарына барып, Жангелді ауданы, Тауыш ауылындағы тұрғын үйлер құрылысының барысымен танысты.

Жансая Тәуекелқызы
Бөлісу: