Серік Жұманғарин Ұлытау шаруаларына АӨК мемлекеттік қолдау тетіктері туралы айтып берді

19 Маусым, 23:20 532

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мен ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров Ұлытау облысында жұмыс сапарымен болды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі.

Қазіргі таңда өңірде егіс жұмыстары аяқталды. Биыл егістің жалпы көлемі 29,5 мың га құрады, оның 24 мың га – дәнді дақылдар, 4,5 мың га – жемшөп. Картоп пен басқа да көкөністердің тұқымы – 1 мың га жерге себілді. Шегірткеге қарсы күрес бойынша жағдай тұрақты. Болжамдарға сәйкес, жалпы өңдеу алаңы 14,2 мың га, оның 10 мың га өңделген.

Жұмыс тобы ең алдымен Қаракеңгір ауылдық округіндегі «Бекетай баба» шаруа қожалығында болды. Шаруашылықтың жалпы жер көлемі 21,3 мың га құрайды, оның 15,6 мыңы жайылым. 5,5 мың гектарға бидай, арпа өсіріледі. Шаруа қожалығының басшысы Бағдат Бекетаев гектарына орта есеппен 10-12 центнер жинайды, өнім деңгейі жоғары болғанда 15 центнерге дейін алуға мүмкіндігі бар. Оның айтуынша, биыл топыраққа тыңайтқыш салмаған. Кәсіпкер егістік алқабында бастапқы уақытта 400 гектар аумаққа суару жүйесін енгізуді жоспарлап отыр. 

Ауыл шаруашылығы министрі фермерге мемлекеттік қолдауды пайдалануды, сондай-ақ тыңайтқыштар енгізуден және сапалы тұқымдарды пайдаланудан бастап барлық агроөнеркәсіптік кешендерге дейін агротехнологиялардың барлық кешенімен айналысуды ұсынды. Сондай-ақ дақылдарды сақтандыруға назар аудару ұсынылды.

Егер сіз тыңайтқыш қолдансаңыз, онда егін міндетті түрде бітік шығады. Өнімділікті кем дегенде 20 центнерге дейін жеткізуге тырысу керек, — деді ол.

Шаруа қожалығында вице-премьер мен министр облыс фермерлерімен кездесті.

«Бақдәулет» ШҚ басшысы Жарқынбек Бөлендин өзін толғандырған мәселе бойынша сұрағын қойды. 

Менде 22 мың гектар жер бар. Өз қаражатыма мал сатып алдым. Биыл 700 га бидай мен арпа егіп, суаруды қалпына келтіріп, енгізуді жоспарлап отырмын. Мемлекет қолдауының арқасында мен тракторды жеңілдікті пайызбен 88 млн теңгеге лизингке алдым. Алайда мен бағдарламаның талабы бойынша алған соманың өзін де пайызын да өтеуді бірден бастап кетуім қажет. Нақтысын айтқанда, біз алғашқы жылы пайда көрмейміз, бізге кем дегенде 2 жыл жеңілдік кезеңі, төлем демалысы қажет. Шетелдік егіс кешенін сатып алуға өтініш бергенмін, бірақ шетелдік ауылшаруашылық техникасына субсидиялардың жойылуына байланысты оны қазір сатып алу оңайға соқпай тұр, — деді ол. 

Шаруаның сұрағына Айдарбек Сапаров жауап берді. 

Біз ауыл шаруашылығы техникасын алу үшін кәсіпкер төлеуі тиіс бастапқы 15% жарнаны алып тастадық және отандық өндіріс техникасына субсидиялар мөлшерін 30%-ға дейін ұлғайттық. Ауыл шаруашылығы техникасын субсидиялауға 100 млрд теңге көлемінде қосымша қаражат бөлінді. Қазір өтінімдер жиналуда. Ауылшаруашылық техникасының қарызын төлеу бойынша демалыс беруге келетін болсақ, осы мәселені қарастырамыз, — деп атап өтті министр. 

Мемлекеттік қолдау шаралары туралы Серік Жұманғарин де айтып берді. 

Мемлекет биыл көктемгі егіс жұмыстарына жыл сайынғы 180 миллиард теңгені 400 млрд теңгеге үстемеледі. Бағдарламаның ерекшелігі несиелер фермерлерге 5% беріледі. Қазір жеңілдетілген ақшаны беру тәсілі айтарлықтай жеңілдетілді: «Даму» қоры фермерлердің «Аграрлық несие корпорациясы» алдындағы қарыздарына 85% кепілдік береді. Қалған 15% кепілдікті фермер береді. Бұл жеңілдетілген несие алуды айтарлықтай жеңілдетеді. Сонымен қатар біз Үкіметтің қаулысына өзгерістер енгіздік, енді АНК ғана емес, ӘКК көктемгі егіс жұмыстарына фермерлерге несие бере алады. Бірақ сіздің тарапыңыздан агрономияны сақтау, тыңайтқыштар енгізу, мемлекет үшін басым дақылдардың өнімділігін арттыру қажет, —  деді вице-премьер.

Сондай-ақ жұмыс сапары барысында Серік Жұманғаринге облыстың ауыл шаруашылығындағы инвестициялық жобалар таныстырылды, олар биыл басталады деп күтілуде.  Олардың қатарында Жаңаарқа ауданындағы ет комбинаты, Жезқазғандағы құс фабрикасы мен көкөніс қоймасы, Сәтбаевтағы құс етін өңдеу цехы және басқа да жобалар бар.

Перизат Саденова
Бөлісу: