Серік Жұманғарин тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін күшейтуді тапсырды

10 Наурыз 2023, 20:46 1146

Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин 2023 жылғы 10 наурызда Үкіметте өткен кеңесте Ауыл шаруашылығы және Денсаулық сақтау министрліктерінің алдына азық-түлік қауіпсіздігін бақылау рәсімдеріндегі байқаусыз қалатын жерлерді жою міндетін қойды, деп хабарлайды El.kz ақпарат агенттігі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Сауда және интеграция бірінші вице-министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, бүгінде Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті жануарлардан алынатын қайта өңделмеген тамақ өнімдерін, Денсаулық сақтау министрлігі Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті қайта өңделген, яғни қапталған немесе термиялық өңделген тамақ өнімдерін, ал Ауыл шаруашылығы министрлігі Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті өсімдік өнімдерін бақылайды. Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігін бақылаудың бірыңғай процесіне түрлі мемлекеттік органдар араласқандықтан, арада байқаусыз қалатын жерлер қалыптасады. Бұл ретте әлемдік тәжірибеде тауарлардың азық-түлік емес және азық-түлік топтарын бақылауды жекелеген ведомстволар жүргізеді. ЕАЭО елдерінде ауыл шаруашылығын қадағалау және санитарлық-эпидемиологиялық бақылау функциялары екіге бөлінген.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов жануарлардың аса қауіпті ауруларын, зиянкестер мен өсімдік ауруларын әкелу қаупі бар импорттық мал және өсімдік шаруашылығы өнімдерінен ішкі нарықты қорғауды күшейту қажеттігін атап өтті. Сонымен қатар отандық қайта өңдеуші агроөнеркәсіп кәсіпорындарын қолдау мақсатында техникалық регламенттер мен стандарттарға сәйкес келмейтін импорттық жасанды өнімдер мен тамақ өнімдерін әкелуге және өткізуге жол бермеу үшін алдын алу жұмыстарын күшейту қажет. Ол үшін АШМ-де екі комитетті – Агроөнеркәсіптік кешеніндегі мемлекеттік инспекция және Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетін біріктіріп, күшейту талқыланып жатыр. Бұл ветеринария және фитосанитария салаларындағы бақылау және қадағалау функцияларын бір ведомствоның жүзеге асыруына және бұл қызметтерді тек республикалық қана емес, сондай-ақ облыстық, аудандық деңгейлерде ұсынуға мүмкіндік береді.

Кеңес қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин Ауыл шаруашылығы және Денсаулық сақтау министрліктеріне айтылған ұсыныстарды пысықтап, екі аптадан кейін осы мәселені талқылауға оралуға тапсырма берді.

EL.KZ
Бөлісу: